Украина Ресей аумағына кіре бастады

5775

Ресейлік ақпарат құралдары Суджа қаласының және 20-дан астам елді мекеннің Украина армиясының қолына көшкенін хабарлады. 

Украина Ресей аумағына кіре бастады Фото: Голос Америка

Moscow Times орыстілді басылымының хабарлауынша, солтүстік көршінің әлем мойындаған территориясында орналасқан Курск облысындағы жағдай барған сайын нашарлауда. Украинаның қолына түскен ресейлік солдаттардың саны жүзге жуықтады.

Ресейлік 40 жауынгердің бірден тұтқындалып, жерге етпетінен, тізіле жатқызылған видеосы әлемдік ақпарат құралдарын шарлап кетті. Украиналықтар басып кірген Суджа қаласында бір мыңдай мерзімді қызметтегі солдат болған, олардың қашып үлгергені, немесе тұтқынға түскені белгісіз.

"Украина Қарулы күштері (УҚК) бұл облыстың 20-дан астам елді мекенін иеленіп, енді РФ аумағында окоптар қазып, бекіністерін орната бастады. Бас штаб басшысы Валерий Герасимов президентке тез арада жоюға уәде еткенімен, өңірден УҚК-ны ығыстырып шығару сол бұрынғыдай ресейлік әскерилердің қолынан келмей тұр. Қазіргі уақытта украиналық бөлімшелердің Курск облысында басып алған территориясының жалпы аумағы 400 шаршы шақырымнан асты (тереңдігі – 25 шақырымнан асады). Бір күн бұрын УҚК қолына көшкен Суджа қаласының жанында украиналық жауынгерлер фортификациялық бекіністер тұрғызуға кірісті: окоптар, блиндаждар мен капонирлар қазуда. Бұл туралы ресейлік әскери тілші Юрий Котенок хабарлады", – деп жазады "Москоу Таймс".

Бұған қоса, украиналық бөлімшелер шағын топтарға бөлініп, РФ жерінде взвод пен роталарға арналған тірек пунктерін жасақтай бастады. Сонымен қатар Украина жақтан бұзылған мемлекеттік шекараны кесіп өтіп, жаңа бронды техникалар жеткізілуде.

Ресейлік әскери блогер Юрий Подоляка "жағдайдың күн сайын ушығып бара жатқанын" ашық айтты. Оның дерегінше, УҚК Ивница елді мекеніне де бекініп үлгерді, енді шайқас Кромские Быки елді мекеніне қарай ойысты. Одан Курск атом электр станциясына қарай шамамен 30 шақырым ғана қалады.

Бұған дейін бірқатар саяси шолушылар және ресейлік басылымдар: "Украина шекарадан 70 шақырымдай жерде орналасқан Курчатов атом-қаласына (атомград) басып кіріп, сондағы Курск атом электр станциясын өз қолына көшірмек, соңынан оны РФ қолындағы украиналық Запорожье АЭС-іне айырбастауға тырысады" деген болжам айтты. Украина тарапының ондай ниеті бар ма, беймәлім.

Курскідегі жаңа майданның ашылуы аясында үндеу жариялаған Украина президенті Владимир Зеленский өз сөзінде УҚК-ның РФ аумағындағы шабуылына тікелей тоқталмады.

"Украиналықтар өз мақсатына қалай жету керектігін біледі. Соғысты біз бастаған жоқпыз, соғыс мақсаттарына жетуді біз таңдаған жоқпыз. Ресей біздің жерге соғысты әкелді және өз қолымен жасағанын өз мойнымен көтеріп, барлық ауыртпалығын сезінуі керек", – деген Зеленский УҚК бас қолбасшысы Александр Сырскийден бір тәулік ішінде үш нәтижелі баяндама алғанын айтты, бірақ егжей-тегжейін жарияламады.

Осыдан бір күн бұрын Зеленский украиналық армияны "таңдандыра және жетістікке жете алатын қабілеті" үшін мақтап қойған еді.

Курск облысына шабуылға қатысты Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк түсініктеме берді. Подоляктің пікірінше, Курск облысына шабуыл соғысты тоқтату туралы келіссөздерде Украинаның позициясын күшейтуге бағытталуы мүмкін.

Өз кезегінде РФ президенті Владимир Путин УҚК-ның Ресей территориясына кіруін "арандатушылық-провокация" деп атады. Бірақ бұрынғыдай ядролық қаруды қолдану туралы доқ көрсеткен жоқ.

Путин Курск облысының билік органдарының алдында "күрделі, әдеттегіден тыс міндеттер тұрғанын, бұл ретте міндетті түрде халық арасында болып, адамдармен жұмыс істеу, әрбір отбасыға дейін жету керектігін" қосты. Кремль қожайыны үкіметтегі кеңестен кейін өз үйлерін тастай қашуға мәжбүр болған Курск облысының тұрғындарына 10 мың рубль көлемінде біржолғы төлем төлеуге шешім қабылдағанын жариялады.

Курск өңірінің тұрғындары болса, кеше кешке В.Путиннің атына видеоүндеу жариялап, жергілікті биліктен еш көмек жоқтығына, әркім өз бетінше қашып жатқанына, көрші өңірлерде жалдайтын баспананың тым қымбаттығына шағымданды.

Ресейлік "Два майора" арнасының дерегінше, украиналық бөлімшелер сондай-ақ 20 мыңдай тұрғыны бар әкімшілік орталық – Льгов қаласына бет қойды. Телеграм-канал ұйымдасқан эвакуациялаудың жоқтығын, халық қолына түскен көлікке отыра салып, қашып жатқанын, салдарынан тар трассалар тығындалып қалғанын мәлім етті.

Ресейлік телеграм-каналдар бейсенбі күні шайқастар Мартыновка, Снагость, сондай Коренево аудандарына жеткенін жарыса хабарлады. Соңғысы екі күн бойы қолдан қолға өтуде.

"Два майора" мәліметінше, УҚК-мен салыстырғанда, ресейлік әскерлер байланысқа, үйлестіруге қатысты проблемаларға тап болды. Салдарынан, РФ жойғыш ұшақтары кері шегініп бара жатқан ресейлік жауынгерлер тобына соққы берген.

Bloomberg Кремльдегі дереккөздеріне сілтеме жасап, Украина армиясының бұл шабуылы туралы ресейлік барлаушылардың екі апта бұрын білгенін жариялады. Оның дерегінше, Бас штаб бастығы бұл ақпарды елеусіз қалдырған. Украина болса, қулыққа басты: бір ай бұрын Киев Ресейдің Курск облысынан украиналық Сума облысына шапқыншылық дайындалып жатқанын жариялап, дабыл қақты. Соған жол бермеу үшін Курск өңіріне жақындатып, шекараның ар жағында әскер жинай бастады. Ресейдің әскери басшылығы "Украина қорғанысқа дайындалуда" деп, бұл деректі де елемеген. Керісінше, Киев жауынгерлері мен бронды техникасын тартып, өзге майдандарды әлсіретеді деп қуанған.

РБК-Украина мәліметінше, Суджа жанында стратегиялық нысан – Еуропаға Украина жері арқылы ресейлік газды айдайтын газ өлшеуші станция орналасқан. Ол украиналықтардың уысына ұзаққа түссе, немесе жарылса, онда РФ көгілдір отынын Еуропаға бағыттай алмай қалады. Бұдан бөлек, ол маңда Курск АЭС-і өндірген қуатты ресейлік Белгород облысына жеткізетін электр подстанциясы орын тепкен. Оған зақым келсе, ресейлік тұтас бір өңір энергия тапшылығына ұшырайды. Украинаның Харьков облысын шабуылдап жатқан басқыншылардың қажеттіліктерін өтейтін теміржол магистралі де Суджа арқылы өтеді.

Сарапшы Александр Мусиенконың мәліметінше, ресейлік армия Суджаны украиналық Сума облысына диверсиялық-барлау қимылдарын ұйымдастыратын штаб, база ретінде қолданды. Демек, Украинаның бұл қаланы неге шабуылдағаны түсінікті бола түседі. Мусиенко украиналық жауынгерлер Курск облысында тұрақты қалмайтынына сенімді: белгілі бір мақсатқа жеткен соң шекарадан кері қайтады.

УҚК Курск облысындағы "Газпромның" осы станциясын басып алғанда, Еуропадағы газ құны күрт қымбаттап, былтырғы желтоқсаннан бергі максимумға жетті. Нақтылағанда, көгілдір отынның бағасы 5,5% өсіп, 38,7 еуро/МВт-сағатқа жетті (немесе 1000 текше метрі үшін 445 долларға). Өйткені Суджадағы газ айдау станциясы – "Газпромның" қолындағы Еуропаға газ жөнелтетін соңғы пункт болатын.

"УҚК қолына түскен "Суджа" газ станциясын – "газ кедені" деп атайды. Ол арқылы Ресейден Еуропаға жеткізілетін бүкіл құбыр газы айдалатын соңғы, жалғыз маршрут өтеді. 2022 жылғы мамырда Украина "Сохрановка" станциясы арқылы ресейлік транзиттік газды қабылдауды тоқтатты. Қыркүйекте "Солтүстік ағын" құбыры бойынша ресейлік газдың жеткізілімі толығымен тоқтатылды", – деді Карнеги қорының Берлин орталығының зерттеушісі, энергетика маманы Сергей Вакуленко.

Бірақ Украинаның Газ тасымалдау жүйесінің операторы Суджа орналасқан құбыр арқылы көгілдір отынның тасымалы тоқтамағанын мәлімдеді. Украиналық әскер оны қорғауға алған. Оператордың Reuters-ке ұсынған дерегінше, Ресейден Украина арқылы Еуропаға бүгінде 41,6 млн текше метр газ жеткізіледі.

Сөйтіп, халықаралық ақпарат құралдарының назары Ресейдің Курск облысына ауды. Бұл өңірге ары қарай Украина жақтан әскер кіріп жатыр. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, РФ-тің әлем мойындаған территориясында – Курск облысында төртінші күн қатарынан әскери қақтығыстар өрістеуде. 6 тамыздың таңында Украинамен шекаралас ресейлік осы өңірде қиян-кескі шайқастар басталған болатын.

Ресейлік әскери тілшілердің мәліметінше, Ресей Курск облысына қосымша күштерді тартып үлгерген. Соның ішінде бұған дейін украиналық Сума облысының орталығына шабуылдау үшін даярланған бірнеше мың солдат жаңа қақтығыс ошағына бағытталуы мүмкін. Сондай-ақ Ресей Су-25 шабуылдаушы ұшақтарынан, әсери тікұшақтардан құралған әскери авиацияны да қарқынды жұмылдыруда: украиналық әскерилер қолына көшкен елді мекендерге үстемелете соққы беріліп жатқаны айтылды.

Ресей тарапының кем дегенде үш тікұшағынан айрылып қалғаны бейнеленген видео тарады. Курск облысы қос тараптың өртенген әскери техникасына толып барады. Өз кезегінде, Ресейдің әскери басшылығы "жағдайдың бақылауда" екеніне және таяу арада қарсыластың шекараға кері ығыстырылатынына сендіріп әлек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу