Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига венгриялық әріптесі Петер Сийяртоға үндеу тастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
"Украина басшысына не істеп, не айту керек екенін үйретпей-ақ қойыңыз. Ол – Венгрияның емес, Украинаның президенті", – деп жазды Сибига X желісінде.
Бұған дейін Украина басшысы "Достық" мұнай құбырына жасалған шабуылға байланысты пікір білдірген. Оның айтуынша, Украинаның Еуроодаққа кіру мәселесіндегі Венгрия ұстанымы мен шабуылдардың арасында байланыс бар.
"Біз Украина мен Венгрия арасындағы достықты әрдайым қолдадық. Енді "Достық" құбырының келешегі Венгрияның ұстанымына байланысты", – деді Владимир Зеленский.
Өз кезегінде Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто Украина басшысының бұл мәлімдемесіне бірден жауап қатты.
"Зеленский Украинаның ұлттық мейрамын Венгрияға қауіп төндіру мақсатында пайдаланды. Біз Украина президентінің қорқыту әрекеттерін жоққа шығарамыз", – деді Петер Сийярто.
Сийярто Зеленскийді Венгрияның энергетикалық қауіпсіздігіне қарсы шабуылдарды тоқтатуға шақырды.
18 тамызға қараған түні Украина Ресейдің Никольское мұнай айдау станциясына соққы жасады. Нәтижесінде "Дружба" мұнай құбырында мұнай айдау тоқтатылды. Кейін Венгрия мен Словакия ресейлік мұнайдың бұл құбыр арқылы қайта жеткізіле бастағанын хабарлады.