Зеленский Трампқа маңызды ұсыныс жасады

774

Украинада АҚШ қаруына айырбастайтын қандай байлық бар?

Зеленский Трампқа маңызды ұсыныс жасады Фото: AP

Украина АҚШ Президенті Дональд Трампқа өзінің минералдық ресурстарын әскери көмекке айырбастау туралы келісім жасасуды ұсынды.

Бұл байлық – технологияның көптеген түрлері үшін маңызды да құнды сирек жер элементтерден тұрады.

Трамп мұндай келісімді қалайтынын осы айдың басында айтты. Ал Украина Президенті Владимир Зеленский АҚШ әкімшілігіне мұндай ұсынысты Мәскеумен болашақ келіссөздерде Киевтің позициясын нығайту үшін алғаш рет былтыр күзде жасаған.

Украина президентінің аппарат басшысы Андрей Ермак Associated Press агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында айтқандай, "Украина қарамағындағы аумақта шынымен де осындай үлкен әлеует бар".

"Біз бұл мәселе бойынша серіктестерімізбен, ең алдымен АҚШ-пен жұмыс істеуге, дамуға мүдделіміз", – деді Ермак сол әңгімеде.

Украинаның сирек жер өнеркәсібі мен оған қатысты жасалуы мүмкін келісімге көзқарас төмендегідей:

Сирек жер элементтері дегеніміз не?

Сирек жер элементтері – ұялы телефондарды, қатты дискілерді және электромобильдер мен гибридтік көліктерді қоса алғанда, тұтынушылық технологияның көптеген түрлерін жасауға пайдаланылатын маңызды 17 элементтің жиынтығы.

Трамп басқа да пайдалы қазбалар ұсына алатын Украинада нақты қандай элементтерге қол жеткізгісі келеді? Бұл сауал әзірге жауапсыз.

"Ол литий, титан, уран, және басқа да ресурстар болуы мүмкін", – деді Ермак тағы бір сөзінде.

Трамптың басты геосаяси қарсыласы Қытай – сирек жер элементтерінің әлемдегі ең ірі өндірушісі. Қазір АҚШ та, Еуропа да бұл жағынан Бейжіңге тәуелділігін азайтуға тырысып жатыр.

Украина үшін минералдық байлық жайлы мәміле ең үлкен және ең маңызды одақтасынан әскери көмекті тоқтатпай алу үшін қажет.

Тағы бір айта кететін жайт, бұл идея әлемде маңызды минералдарға сенімді және үздіксіз қол жеткізу қиындаған шақта күн тәртібіне шығып отыр.

Украинаның пайдалы қазбалар өнеркәсібінің жағдайы қандай?

Украинаның сирек жер элементтері негізінен соғыс пен минералдық өнеркәсіпті реттейтін мемлекеттік саясаттың салдарынан дұрыс пайдаланылмаған. Сондай-ақ, бұл елде сирек жер металлдарын өндіру бойынша бағыт беретін жақсы ақпарат тапшы.

Геологиялық деректер болса аз, ал пайдалы қазбалар қоры бүкіл Украина бойынша жер-жерде шоғырланған. Бұған қоса, зерттеулер негізінен жеткіліксіз жүргізілді деген пікір бар. Бизнесмендер мен сарапшылардың ойынша, бұл саланың шынайы әлеуеті толық барлау жасалмағандықтан аса айқын емес.

Жалпы, Украинаның табиғи ресурстарының перспективасы зор. Елдің аэроғарыш, медицина және автомобиль өнеркәсібі үшін аса қажетті титан қоры Еуропадағы ең көлемділердің бірі саналады.

Сонымен қатар, Украина аккумуляторлар, керамика, шыны өндіру үшін қажет литийдің Еуропадағы ең үлкен әрі анықталған қорына ие.

2021 жылы Украинаның минералдық өнеркәсібі елдің жалпы ішкі өнімінің 6,1%-ын, экспортының 30%-ын құраған екен.

Киевте орналасқан We Build Ukraine сараптама орталығының мәліметтеріне жүгінсек, Украинаның металдық минералдық ресурстарының шамамен 40%-ы соғыс салдарынан қолжетімсіз болып отыр. 

Еуропалық комиссия Украинаны 20-дан астам маңызды шикізаттың әлеуетті жеткізушісі ретінде анықтап, бұл мемлекеттің Еуропа одағына кіруі еуропалық экономиканы нығайта алады деген қорытындыға келген.

Әрі қарай не болады?

Кез келген келісімнің егжей-тегжейлері АҚШ пен Украина лауазымдылары арасындағы кездесулерде белгілі болуы мүмкін. Зеленский мен Трамп жүздескенде бұл тақырыпты талқылауы ғажап емес.

Украиналық бизнес өкілдерінің айтуынша, АҚШ компаниялары идеяға қызығушылық танытып отыр. Бірақ ресми келісім жасау заңнаманы, геологиялық зерттеулерді және нақты шарттар жасасуды қажет етпек.

Тіпті атысты тоқтатқан жағдайда да, Украинада жұмыс істеуге тәуекел ету үшін компаниялар қандай қауіпсіздік кепілдіктерін талап ететіні белгісіз.

Сонымен қатар, Украина мен АҚШ компаниялары арасындағы келісім-шарттарға қандай қаржыландыру келісімдері негіз болатынын ешкім нақты білмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу