Украинада Түркияның "Байрактар" зауыты салына бастады

3522

Ұшқышсыз аппараттар құрлықта да, әуеде де, теңізде де маңызды қаруға айналып барады.  

Украинада Түркияның "Байрактар" зауыты салына бастады Фото: inbusiness.kz

Түрік қорғаныс компаниясы Baykar Киев маңында 500-ге жуық адам жұмыс істейтін зауыт сала бастады.

Ол TB2 немесе TB3 ұшқышсыз ұшақтарын шығармақ. Бұны осы кәсіпорынның бас директоры Reuters агенттігіне берген комментарийінде мәлімдеді.

Түркияда жасалған "Байрактар" дрондары Украина әскері бұл қарумен Ресей армиясына оның бронетранспортерлері мен артиллериялық жүйелерін жойып, қарсылық көрсеткеннен кейін бүкіл әлемге танылды.

Baykar TB2 ұшқышсыз аппаратын сату үшін әлемнің 30 елімен экспорттық келісімдерге қол қойғанын хабарлап отыр.

SIPRI сараптама орталығының мәліметінше, 2018 жылдан бері сол мемлекеттер қатарына Украина, Эфиопия, Ливия және Әзербайжан кірген.

"Біздің зауыт салынып жатыр... құрылысты аяқтау үшін шамамен 12 ай қажет, содан кейін ішкі машиналарға, жабдықтарға және ұйымдастырушылық құрылымға көшеміз", - деді Baykar бас директоры Халук Байрактар Эр-Риядтағы Дүниежүзілік қорғаныс көрмесінде.

Оның сөзінше, "Украинадағы зауыт үлкен, әрі онда 500-ге жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр".

Сонымен қатар, компания басшысы жаңа зауыттың жыл сайын шамамен 120 бірлік дрон шығаратынын атап өтті. Бірақ Украинадағы өндіріс TB2 немесе TB3 ұшқышсыз ұшақ модельдерін жасауға бағыттала ма, әлде жоқ па? Бұл жағы әзірге белгісіз.

Украинада қарулы қақтығыстар жалғасып жатыр. Алайда, Байрактардың сөзінше, осы қауіпке қарамастан, Baykar компаниясының зауытты салу жұмыстары жоспарға сәйкес, "толығымен алға жылжып жатыр" және "ештеңе" оны ештеңе тоқтата алмайды екен.

Байрактар, сонымен қатар, Ыстанбұлда орналасқан фирманың алдағы екі жылда Сауд Арабиясында өндірісті бастау жоспарларының да жүзеге асатынын атап өтті.

Айта кетсек, шілде айында дрондардың тағы бір түрі – "Байрактар Акынжы" жобасын Сауд Арабиясына сату туралы келісім жасалды. Baykar бұл уағдаластықты Түркия тарихындағы "ең үлкен қорғаныс келісімшарты" деп сипаттап отыр.

Украина армиясында дрондық күштер бөлімшесі құрылады

Осындай шақта Президент Владимир Зеленский Украина қарулы күштері құрамында дрондарға арналған жеке бөлімше құруға бұйрық берді. Оның және әскерилердің ойынша, бұндай қару Ресейге қарсы соғыста маңызды рөл ойнайды. 

"Мен қазір ғана қарулы күштерімізде жеке бөлімше – дрондық жүйелер күшін құру туралы жарлыққа қол қойдым. Бұл болашаққа қатысты мәселе емес. Керісінше, ол жақын болашақта нақты нәтиже беруі керек. Ұшқышсыз ұшақтар құрлықта да, әуеде де, теңізде де өзінің тиімділігін көрсетті", - деді Зеленский сейсенбі күн жолдаған видеоүндеуінде.

Желтоқсан айында Украина президенті 2024 жылы миллиондаған ұшқышсыз ұшақ шығарылатынына уәде берді. Үкімет өкілдері болса, ай сайын ондаған мың дрон өндіру жоспарланып отырғанын айтады. Дегенмен, ағымдағы өндіріс туралы ешқандай цифрлар жоқ, бірақ соғыс басталғаннан бері Украинада ұшқышсыз аппараттар өндірісі қарқын алып, ондаған компания түрлі модельдерді әзірлеуге кіріскен. 

Ел қарулы күштерінің бас қолбасшысы, президентпен келіспеушіліктерге байланысты қазіргі жағдайы сұрақ тудырып отырған Валерий Залужный ад өткен аптада CNN арнасына берген комментарийінде ұшқышсыз ұшақтардың соғыс жүргізуде аса маңызды екенін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу