Украинада бөгет бұзылды: не болып жатыр және қандай қауіп төніп тұр?

1066

Украинада ең үлкен су қоймасы жарылып, миллиондаған литр су төгіліп, армияның контршабуылдар жасау мүмкіндігін азайтып отыр.  

Украинада бөгет бұзылды: не болып жатыр және қандай қауіп төніп тұр? Фото: google.com

Ресейдің Украинадағы соғысы салдарынан қираған Каховка бөгетінің жарылуына не себеп болғаны белгісіз. Бұл дамба оңтүстіктегі орыстар басып алған аймақтағы Днепр өзенінің суын ұстап тұрды және оның ұзына бойының бір бөлігі майдан шебіне айналды.

Украина жарылыс үшін Мәскеуді айыптаса, ресейліктер резервуардың күйреуіне Украина армиясының соққысы себепші дейді.

Бөгет несімен маңызды?

Биіктігі 30 метрлік бөгет пен онымен байланысты су электр станциясы Херсон қаласынан шығысқа қарай шамамен 70 шақырым жерде орналасқан. Осы ГЭС салынған аймақ қарулы қақтығыстардың ошағы саналады. Алайда Кремль бұл өңірді толық бақылауға ала алмады.

Электр станциясымен бірігіп Жаңа Каховка дамбасы 2014 жылы Ресей заңсыз аннексиялаған Қырым түбегін қоса алғанда, Украинаның оңтүстігіндегі кең аумақты электр қуатымен, егістікке қажетті  ылғалмен және ауыз сумен қамтамасыз етті.

Тіршілік нәрін Днепр өзенінен де алатын Украинаның кең байтақ ауылшаруашылық аймағы – дүниежүзілік нарыққа астық, күнбағыс майы және басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізуде өте маңызды рөл ойнайды. Осы өндіріс енді тоқтайды деген алаңдаушылық әлемде бидай мен жүгері бағасының сейсенбіде көтерілуіне себеп болып отыр.

Тағы бір айта кететін жайт – Жаңа Каховка су қоймасы сыйымдылығы жағынан әлемдегі ең үлкен бөгеттердің бірі. Ол Америка Құрама Штаттарындағы Ұлы Тұзды көлдің көлемімен бірдей суды сақтай алды. Сонымен қатар, оның суы Запорожье атом электр станциясының салқындату жүйелеріне де пайдаланылды.

Соғыс кезінде бөгетте не болды?

Ресей бұл бөгетті соғыстың алғашқы күндерінен-ақ бақылауға алды. Мәскеу мен Киев оны атқылады деп бір-бірін талай рет айыптады. Украинаның мәлімдеуінше, оккупациялық әскерлер өткен күзде бомба жарып, дамбадағы су деңгейін реттейтін үш шлюзді зақымдаған. Сол қақпалардан бүліну белгілері мамыр айының соңында байқалды.

Сейсенбі күнгі апатқа дейін мұнда гидроэнергия өндірісі ең жоғары деңгейге жеткен. Украина шенеуніктері мен тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, ресейлік күштер 1950 жылдары салынған бөгетті әдейі немесе немқұрайлылық салдарынан сақтай алмады.

Биылғы жылдың басында бұл дамбадағы су деңгейінің төмен болғаны сонша, Запорожье атом электр стансасына балқып кету қаупі төнді. Дегенмен, француздық геокеңістіктікті талдау провайдері - Theia компаниясының мәліметіне жүгінсек, ақпан айының ортасынан бастап Жаңа Каховка ГЭС-де су тұрақты түрде көтерілген.

Кімге және неге қауіп төніп тұр?

Су көтерілгенде Ресей мен Украина билігі өзеннің екі жағында қауіпке душар болған кем дегенде 80 қала мен ауылды эвакуациялауға бұйрық берді. Бірақ жауласушы тараптардың ешқайсысы адам өлімі туралы хабарлаған жоқ.

Билік өкілдерінің айтуынша, қазір 22 мыңға жуық адам Ресейдің бақылауындағы аймақта су апаты қаупіне тап болып отыр. Ал осындай қатер Украина қарамағындағы территорияда 16 мың адамға төніп тұр екен.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш кем дегенде 16 мың адам баспанасынан айырылғанын мәлімдеді. Ал БҰҰ-ның гуманитарлық көмек үйлестірушісі зардап шеккендерге ауыз су, ақша және құқықтық, эмоционалдық қолдау көрсетуге күш салынып жатқанын атап өтті.

Украинаның Энергетика министрлігінің дерегінше, Херсон облысындағы энергетикалық нысандарды су басуы мүмкін. Ал Херсон қаласында қазірдің өзінде 12 мыңға жуық тұтынушы жарықсыз қалған. Сонымен қатар, мұнда су құбырларына да қауіп төніп тұр.

Еуропадағы ең ірі Запорожье атом станциясына қауіп әзірге жоқ. Мұны осы станциядағы украиналық оператор мен МАГАТЭ хабарлады.

Дегенмен, кейбір сарапшылардың пікірінше, Украинада және одан тыс жерлерде жабайы табиғат пен экожүйе орасан экологиялық апатқа ұшырауы ықтимал. Ал Қара теңізге тұщы судың жылдам құйылуы балық шаруашылығына және теңіздің солтүстік-батыс бөлігінің экологиясына зиян келтіруі мүмкін.

Қырым

Бөгеттің бұзылуы Қырымның су қажеттілігінің 85%-ын дәстүрлі түрде қамтамасыз етіп келген Солтүстік Қырым каналының су деңгейінің төмендетуіне әкеп соғуы мүмкін.

Бұл судың көп бөлігі ауыл шаруашылығына, бір бөлігі Қара теңіздегі түбектің өнеркәсіптеріне, шамамен бестен бірі ауыз суға және басқа да қоғамдық қажеттіліктерге пайдаланылады.

Соғысқа әсері қандай?

Украина үкіметінің мәлімдеуінше, ресейліктер Украина армиясының бұл аймақта контршабуылдарды бастауына жол бермеу үшін бөгетті қиратты. Ал ресейлік шенеуніктердің сөзінше, Украина Ресейдің батыс жағалауға шабуылын болдырмау үшін дамбаны жарған.

Қалай болғанда да, бөгеттің бұзылуы елдің ең маңызды өзенінен өтетін жолды жапты. Осыған дейін ол көліктер үшін көпір қызметін атқарды; сонымен қатар апаттан кейінгі алапат ағын су өзеннен басқа тәлілдермен өтуді де қиындатып жіберген.

Айта кетсек, өткен жылдың күзінен бері Днепрдің төменгі бөлігі 1000 шақырымнан асатын майдан шебінің маңызды бөлігіне айналды.

Былтыр қараша айында Украина күштері Ресей әскерін Днепрдің арғы жағына қуды. Содан бері бұл өткел бірнеше рет зымыранмен атқыланған. Енді украиналық жауынгерлерге шығыс жағалауға өтіп, қарымта шабуылдарға кірісу қиындайын деп отыр.

Украиналық әскери сарапшы Олег Жданов жойқын тасқын өзеннен өтуді қиындатып қана қоймай, Ресей бақылауындағы шығыс жағалаудағы миналанған алқаптарды шайып кетеді. Және де сол миналардың енді қайдан шығатынын ешкім білмей отыр.

Сарапшылар не дейді?

Лондондағы Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Бен Барри:

"Ресейдің стратегиялық қорғаныста, ал Украинаның стратегиялық шабуылда екенін ескерсек, дамбадағы жарылыс қысқа мерзімдік перспективада Ресей үшін артықшылық болатыны сөзсіз. Апат ресейліктерге су басылғанша көмектеседі, өйткені тасқын Украинаның өзеннен өтуін қиындатып отыр".

Stratpoints қорының қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы және Польша әскери барлау басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Мачей Матысяк:

"Аймақты басып жатқан топан су кем дегенде бір ай бойы танктер сияқты ауыр қару-жарақты қолдануға жол бермейді, Сондықтан бұл апат - Украинаның шабуылдарын күтіп отырған ресейліктер үшін өте жақсы қорғаныс".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу