Украинада көптен күткен көктемгі контршабуылдар басталуға жақын

2086

Әскери сарапшылардың ойынша, оңтүстіктіктен басталатын бұл операцияның мақсаты – Ресей мен аннексияланған Қырым арасындағы құрлықтық дәлізді бұзу. 

Украинада көптен күткен көктемгі контршабуылдар басталуға жақын Фото: reuters.com

Днепр өзенінің батысында орналасқан украин күштері Херсон қаласы маңында шығыс жағалауға өтіп, ресейліктерді ығыстыру үшін жиі рейдтер жүргізе бастады, деп хабарлады сейсенбі күні осы аймақ басшыларының бірі.

Ресей армиясы Днепрдің шығыс жағалауын қараша айында Херсон қаласынан шегінгеннен бері ұстап отыр. Ал Украина бұл аумақты қайтару үшін көктемгі шабуылдарға таяуда кірісуі мүмкін.

Херсон облысы әкімшілігі басшысының орынбасары Юрий Соболевскийдің айтуынша, аталған рейдтердің мақсаты – Днепрдің батысынан қуылғаннан бері Херсонды атқылап жатқан РФ әскерінің жауынгерлік қабілетін төмендету.

"Біздің әскерилер сол жағалауға (шығыс) жиі барып, рейдтер жүргізеді. Украина қарулы күштері онда өте тиімді жұмыс істеп жатыр. Бұл рейдтердің нәтижелері Херсон облысының оң жағалауындағыдай күрделі әрі ұзақ болады. Бірақ сол операцияның арқасында біз аз шығынмен территорияларымызды азат еттік қой. Қазір сол жағалауда да солай болады", – дейді Соболевский украиналық телеарналардың біріне берген сұхбатында.

Ресей 14 ай бұрын Украинаға жаппай басып кіргеннен кейін, көп ұзамай Херсон аймағын жаулап алды. Содан бері Мәскеу күштері Днепрдің шығысындағы барлық аумақты бақылауда ұстап отыр.

Әскери сарапшылардың болжамынша, Украина жақын арада қарсы шабуылдарға кіріседі. Бұл операциялардың негізгі мақсаттарының бірі –Ресей мен аннексияланған Қырым арасындағы оңтүстік құрлық дәлізін бұзып өту. Ал, бүкіл Херсон облысын қайтару – осы мақсатқа жету жолындағы маңызды қадам екен.

АҚШ-та орналасқан Соғысты зерттеу институты өткен аптада мәлімдегендей, Украина армиясы шығыс жағалауға өтіп, Олешки қаласы маңында бекіністер құрып, Дачи ауылына жақындап қалған. Алайда Херсон облысының басшылығына Кремль тағайындаған Владимир Сальдо украин жауынгерлерінің Днепрдің Ресей басып алған жағалауына өткенін жоққа шығарып отыр.

Украиналық БАҚ-тың хабарлауынша, украиналықтардың Олешки маңындағы әрекеттері қарымта шабуылдардың басталып кеткенін көрсетеді. Алайда, Украинаның "Оңтүстік" оперативтік қолбасшылығының баспасөз хатшысы Наталья Гуменюк журналистерді сабырға шақырып, Днепр маңындағы әскери операциялардың мән-жайы қауіпсіздік мақсатында жарияланбайтынын ескертті.

Ресей басқыншылығынан бері бір жылдан астам уақыт өтті. Ал соңғы шайқастар екі жақты да қажытып, қарқын ала алмай отыр.

Бірақ жақында Украина әскері батыстық одақтастарынан жеткен заманауи қару-жарақпен, шетелде дайындықтан өткен мыңдаған жауынгермен толықты. Сондықтан кейінгі уақытта "қарсы шабуылдар әне-міне басталады немесе олар қазірдің өзінде жүріп жатса керек" деген хабарлар жиі тарай бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу