Украинада соғысқан қазақстандықтарды қылмыстық қудалау басталып жатыр

1992

ТМД кеңістігіндегі ең ірі қарулы қақтығысқа қазақстандықтардың қатысуын ҰҚК тергеп жатыр.

Украинада соғысқан қазақстандықтарды қылмыстық қудалау басталып жатыр Фото: ortcom.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан азаматтарының Украинадағы қарулы шайқастарға қатысу фактілері бойынша тергеу жүргізуде.

Қазірдің өзінде жалпы саны он қылмыстық іс қозғалыпты. Мұны комитеттің өзі растады. Былтыр тек 2 іс туралы сөз болған.

Дегенмен арнайы органның түсіндіруінше, қозғалған істер аясында қанша адамның істі болғаны, олардың Мәскеу, әлде Киев жағында ұрыс салғаны, майданда олардың нақты қандай қызметтерді атқарғаны және басқа егжей-тегжейлі ақпарат жариялауға жатпайды.

Әйтпесе, мысалы, әскери сарапшылардың айтуынша, біраз қазақстандық Украинаға жауынгер емес, волонтер ретінде аттанған. Алайда ол жақта кейбірі Украина жасақтарының қатарына қосылған.

Осының қарсаңында Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Al Jazeera телеарнасына сұхбатында Украинадағы ұрыс қимылдарына қазақстандықтардың қатысуын тілге тиек етті. Отандық сыртқы саясат ведомствосы басшылығының өкілі отандастарымыздың кез келген елдің аумағындағы кез келген қақтығысқа қатысуы заңсыз болып табылатынын нықтады. Яғни, Ресей жағында соғысқандар жазаланып, Украинаға көмектескендерге рақымшылық болады деген сөз жоқ.

Бірақ Р.Василенко миллиондаған қазақстандықтың бұл қос мемлекетпен "жеке байланыстары" барын жеткізді: себебі, Қазақстанда 3,5 миллион этникалық орыс пен 250 мың украин тұрады.

Сондықтан СІМ басшысының орынбасары орыс-украин майданын "біз үшін алыс емес соғыс" деп атады және мұның қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып, көңіліне алаң салғанын айтты.

"Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмек көрсетті. Біздің адамдар Украина халқына жәрдемдесті. Украинаның түрлі қалаларында қазақстандық бизнесмендер Жеңіс киіз үйлерін орнатты. Мұның бәрі осы қақтығысқа біздің қоғамымыздың көзқарасын білдіреді. Біз де өз үлесімізді қосқымыз келеді. Біз бұл соғыстың барынша тез аяқталғанын қалаймыз. Бұған қараудың өзі өте ауыр, аянышты. Бірақ бірқатар Қазақстан азаматы Украинаға соғысуға аттанғаны жөнінде нақты оқиғалар туралы естідім. Ал біздің заңымыз бойынша шетелдегі соғыстарға қатысу заңсыз саналады. Осыған бел буған адамдар қылмыстық қудалауға ұшырайды және біршама қатаң жазаланады. Өйткені біз жалдамалыларды ынталандырмаймыз", – деді Роман Василенко.

Жалпы, 2001 жылғы Украинадағы халық санағы қорытындысында осы ел азаматтарының 60 мыңы ана тілі ретінде қазақ тілін көрсеткен. Дегенмен УР Мемлекеттік статистика қызметінің ақпараты және ашық дереккөздер бойынша Украинадағы қазақ диаспорасының саны 400-560 мың адамға жетеді.

Жергілікті әріптестеріміздің айтуынша, кейде жаңалықты "көркейте" түсу үшін Украина жағында соғысып жатқан украиналық қазақтарды ақпарат құралдары "қазақстандық" деп таныстырады.

Бірақ шын мәнінде Украинаның азаттығы үшін жаумен шайқасып жатқан қазақстандықтар да жетерлік. Украина жерін дұшпаннан арылту үшін беларустердің Кастусь Калиновский атындағы тұтас полкі және "Карпатская Сечь" еріктілер батальоны құрамында грузиндер легионы ұрыс жүргізуде. 

Украиналық ақпарат құралдары қазақ батальоны немесе "Туран" атты интернационалды түрік батальоны Украина жағында соғысып жатқанын 2014 жылдан бері айтып келеді. Олардың тіпті ТикТокта парақшалары бар. Алайда мұнысы пропагандаға көбірек ұқсайды, себебі олар жеке әскери құрам ретінде тіркемеген.

Бұған дейін Қазақстанның құзырлы органдары қақтығысқа қатысып жатқан тек бір қазақстандықты ғана мойындады. Ол Арқалықтың тумасы Жасұлан Дүйсембин. Себебі, ол әлеуметтік желілер арқылы өзін таныстырып, ЗСУ сапына қосылып, Украина тәуелсіздігі үшін қолына қару алғаны жөнінде мойындау жасады. Ол төрт жыл бұрын осы елге қоныс аударыпты, жергілікті қызға үйленген, балаларын тәрбиелеп жатыр. Қазақстанда оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Сол себепті ол Украина билігіне жүгініп, азаматтық беруді сұрапты.

Былтырғы мамырда ресейлік телеграм-арналар Жасұланның Донбаста қаза тапқаны туралы хабар таратты, қазақстандық ақпарат құралдары оны іліп әкетті. Артынша Жасұлан тірі екенін паш етіп, бейнеүндеу жариялады. Былтырғы сәуірде Украина Президенті оны "Ерлігі үшін" III дәрежелі орденімен марапаттады. Ресейлік ақпарат құралдары қашқын оппозиционер Мұхтар Әблязовтың Дүйсембиннің фотосын ұдайы өз парақшасында жариялайтынына назар аудартады. Қалай болғанда, Ж.Дүйсембин және басқаларының атамекенге оралуына қазіргі кезде жол жабық: қайтса, түрмеге жабылады, іс қозғалған.  

Сонымен қатар агрессор жағында шайқасып жатқан қазақстандықтар да бар көрінеді. Оларды ресейлік Z-арналар ара-тұра насихаттап тұрады. Azattyq радиосы Ресей жағында соғысып, еліне табытпен оралған қарағандылықтар жайында жазды.  

"Көнерген панелді бес қабатты сұр, сұрықсыз үй. Қарағанды шетіндегі осындай үйлердің біріндегі шағын пәтерде 36 жасар "дальнобойщик", қарапайым автобус жүргізушісі Юрий Х. өмір сүрген. Өмірі өзгелерден өзгешеленбеген: мектепті бітірді, әскерде қызметін өткерді, жұмысқа тұрды, үйленді, балаларын тәрбиеледі. Бәлкім, араға Ресей бастаған соғыс килікпегенде, ол ары қарай да көлік басқарып, сапарын жалғастыра берер ме еді... 2023 жылғы қаңтарда Юрийдің мүрдесі Украинадан жеткізілді. Ол Донбаста, болжамды түрде Бахмут қаласы үшін шайқаста өлген. Украинаның Қарулы күштері құрамына ресейлік түрмелерде отырғандарды және шетелдік жалдамалыларды шақыратын "Вагнер" жеке әскери компаниясына жойқын тойтарыс беріп жатыр. Сол жалдамалылардың бірі Юрий болған көрінеді", – деп жазған "Азаттық" Юрийдің ата-анасы оның қайда кеткенін және не үшін өлгенін жоққа шығармағанын қосты.

Басылым өкінішке қарай азаматтарды "Ұлы Отан соғысы кезіндегідей "неонацистерге" қарсы соғысуға аттануға" шақырып, жалған, шындыққа сәйкес келмейтін уағыз таратқан ресейлік пропаганданың РФ телеарналары мен газеттері арқылы Қазақстанда еркін таратылып, қазақстандықтардың санасын шабуылдап жатқанын қаперге салды. Мәселен, Юрий Х. кірген, "Ресейдегі арнайы әскери операцияға арналған" топтың 5 мыңнан астам жазылушысының бары белгілі болды. Әлеуметтік желілерде, Телеграмда және басқасында мұндай топтардың саны шексіз көп.

Таяуда Ресейдің Байқоңыр тұрғындарын да майданға жалданып, табыс табуға ашықтан ашық шақырып жатқанын қазақстандық ақпарат құралдары хабарлады.

Сондықтан Украина жағында да, Ресей жағында да нақты қанша қазақстандықтың соғысып жатқаны белгісіз.

Шетелдік жауыз, қанішер уағызға тосқауыл қоя алмаған елдер амалсыз, соның салдарымен күресуге мәжбүр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу