Украинадағы соғыстың 252 күні: "Менің қаламның күл-талқаны шықты"

1869

Украинада 24 ақпан күні басталған соғыстың жалғасып жатқанына бүгін 252 күн толды. Осы ретте, inbusiness.kz тілшісі Донецк облысы Мариуполь қаласының тұрғыны Наталья Тенянкомен сұхбаттасты.

Украинадағы соғыстың 252 күні: "Менің қаламның күл-талқаны шықты"

Үш апта бойы бомба астында отырып, Ресей, Шешенстан әскерилерінен әрең құтылып шыққан Наталья туған жерінде болып жатқан қазіргі жағдайды баяндап берді.

"Менің Мариуполімді қазір адам танымастай күйге ұшыратты. Қала көшелерімен жүріп өтсеңіз, бұрынғы әдемі ғимараттарды таппайсыз. Олар менің сүйікті қаламның, туған жерімнің күл-талқанын шығарды. Мариупольді Украина әскері құтқарса деп тілеймін. Өйткені қаланы ешкім қалпына келтірмейді, жөндемейді", – дейді Наталья.

43 жасқа келген Наталья қазір Ресей әскері оккупациялаған бұл қалада туып өскен, медициналық білім алған және бейбіт, бақытты ғұмыр кешкен. Алайда ақпанда соғыс әрекеттері басталған сәтте, ол 70-тен асқан ата-анасымен және жасөспірім қызымен басқыншылар қолында қалып қойған.

"Таңғы сағат 7-де менің досым хабарласып, "Наташа, үшінші дүниежүзілік соғыс басталды!" деп айқайлады. Алаңсыз, бақытты өмір сүріп жатқан пәтерімізге көрші кіріп, жиһазыңды талқандап, өзіңді ұрып-соққандай күйдеміз қазір. Терезеден қарасам, 9-қабатты ғимараттарға бомба түсіп, құлап жатты. Жүрегім ұшып, қария әке-шешемді, жасөспірім қызымды көлікке салдым да, қаланың шетіне қарай қаштым. Орталық көшелерден алыс орналасқан досымның үйіне тұрақтадық. Киім, азық-түлік алып үлгермедік. Сол себепті де, үш апта бойы ассыз, жарықсыз, жылусыз, соңында, тіпті, сусыз күнелттік. Атқылаған бомбадан қорқып, жертөлеге тығылдық. Сол үйдің басқа пәтерлерінде басқа танымайтын кісілер де болды. Наурыз айы болған соң, далада -11 градус суық болды. Өте қатты қажыдық. Көрпе де жетпейтін. Әке-шешемнің аяғын түнде бір көрпемен біріктіріп орап, екіншісін қызымның үстіне жауып қоямын. Көз іле алмай шығамын. Сәбізді қайнатып, су сорпа пісірдік. Теледидар істен шыққан. Ең жаманы, ас-судан қағылу да емес, сол белгісіздік еді", – деп, Наталья өздерін тастанды сезінгендерін айтты.

"Үш аптада сегіз келі салмақ тастадым" деген Наталья ақыры күтумен отыра алмайтынын түсініп, көрші Запорожье қаласына қызын алып, қашып шыққан. Жолда 12 тексеру блок-бекетінен өткен.

"Білесіз бе, Мариупольде бес жүз мыңға жуық тұрғын болатын. Қазір жүз мыңға жетер-жетпес адам қалды. Туған жерін тастай алмай, қалып қойғандар ішінде менің ағам және әке-шешем бар. "Жасыл дәліз" жасап, билік бізді жау қолынан шығарып ала алмады. Біз өз бетімізбен қашып шықтық. Мен үшінші рет жиналған адамдар қатарында болдым. Бірінші керуен қаладан аман-есен қашып шықты, ал екінші леппен шыққан көліктер бомба астында қалып, талай адам мерт болды. Біз жүрек жұтқанбыз, миналардың арасынан жүріп, 12 әскери пунктен тексерістен өтіп шықтық. Соның ішінде ең қорқыныштысы Шешенстан әскерилерінің тексергені еді. Олар сенің басыңнан атып тастаса да, ешкім ешнәрсе демейді. Үстіміздегі киімнен бастап, ұялы телефонымыздағы әр хабарламаны тексерді. Көрші Запорожьеге жеткенде украиналық әскерилер бізді жылы қарсы алып, нан берді. Сол нанның дәмі ешқашан есімнен кетпейді. Ал қызым екеуміз қаладан қашып шығуға бел буғанда, анам соңғы қалған консервіні бізге ұстатты. "Ал біз аштан өлмейміз" деп қала берді...", – деп, көзіне жас алды Наталья.

БҰҰ мәліметтері бойынша, Украинаның 14 миллионға жуық тұрғыны үйлерін тастап кеткен. Еуропада тіркелген украиндық босқындардың саны 4,4 миллионнан асты.

Соның ішінде ең көбі Польшада (1,5 миллионға жуық), Германия мен Чехияда (сәйкесінше 815 және 453 мыңнан астам адам) тіркелген

Ал біздің редакцияға сұхбат берген Наталья Тенянко жасөспірім қызымен бірге қазір Ұлыбританияда. Тұманды альбион елі ұсынған "Украиналықтарға үй" визасы бойынша уақытша көшіп кетті. Қазіргі таңда Натальяның ата-анасы мен бауыры Мариуполь маңындағы ауылдың бірінде тұрып жатыр.

"Мен әке-шешеммен кездесу үшін олар Ресей территориясы арқылы басқа елге шығуы тиіс. Олар жетпістен асқан, жағдайлары мәз емес. Ресей шекарасы арқылы өтулері де қауіпсіз деп ешкім кепілдік бермейді. Сол себепті, бір ғана – Мариупольді Украина азат етіп, қайтарады деген тілекпен ғана өмір сүруге мәжбүрміз", деп сөзін қорытындылады Наталья.

Еске салайық, 2022 жылғы шабуылдан кейін Херсон, Донецк, Луганск, Харковь, Николаев, Запорожье облыстарының басым бөлігі Ресей әскері тарапынан оккупацияланды. Соғыс әлі жалғасып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу