Украиналық өндіруші өз әскери техникасын жаудың тез жойғанын армандайды

5424

Халықаралық сарапшылар оның мәнісін анықтады.

Украиналық өндіруші өз әскери техникасын жаудың тез жойғанын армандайды Фото: kurer-sreda.ru

Бұл – фейк ақпарат, немесе мазақ емес. Шыны солай екен. Себебі, украиналық өндіруші түрлі қару-жарақ пен әскери техниканың муляждарын жасайды.

Содан оған жүктелген басты міндет біреу: жалған техника оның түпнұсқасына барынша ұқсас болуға тиіс. Егер шын деп қабылдап, Ресей оны құртуға снарядтарын, камикадзе дрондарын, ең жақсысы – зымырандарын шығындаса, онда Украина Қорғаныс министрлігі тарапынан да көбірек тапсырыс түседі.

Бірінші және Екінші Дүниежүзілік соғыстарда танктердің, гаубицалардың, кейін ұшақтардың макеттері кең пайдаланылды. Алғашында олар қарапайым ағаш брустарынан дөрекі түрде жасалатын. Барлаушы ұшақтармен туу биіктен суретке түсіретін дұшпанның оларды шын деп қабылдауына сол де жететін.

Мәскеудің Киевке кең ауқымды соғысының бастапқы кезеңінде тараптар, әсіресе, Ресей жағы резеңкеден жасалған, үрілетін муляждарды кеңінен қолданды. Бірақ қарсыластар оларды шын техникадан айыруды тез үйренді.

Өйткені заманауи соғыста барлау кезінде радарлардың, тепловизорлардың сан түрі қолданылады. Мысалы, әскери сарапшылардың айтуынша, жалған көшірмелері күнге нағыз техника сияқты қызбайды, жылу сигнатурасы, шығаратын инфрақызыл сәулесі өзгешеленеді. Содан қарсылас мұндай "қармақты" қаппайды. Оқ-дәрісін шығындамайды.

Ал жаудың арсенал қорын түгесу – бұл соғыста тұрған басты міндеттердің бірі.

Сол себепті, CNN хабарлауынша, Украина жалған макеттерді майдан даласында қолдануды тың қарқынмен өрістетіп жатыр.

"Бұл "қарулар" жалғыз ғана мақсатпен жасалады: жау назарын барынша жылдам өзіне аудартып, тезірек жойылу. Украинаның болат құюшы зауыты өз өнімдерінің бұл міндет үдесінен абыроймен шыққанына мақтанады. "Түзақжем" рөлін атқаруда бұл құралдар төтенше табысты көрінеді. Ресей әскері олардың жүздеген нұсқасын шынайы деп қабылдап, атып жоюға күш салған. Жалған моделдердің арасында кең таралған Д-20 украиналық гаубицалары, америкалық 155 миллиметрлік М777 гаубицалары, минометтік ұңғылар, әуе қорғанысы кешендерінің радарлары, хаймарстар бар... Тізімді жалғастыра беруге болады. Украинаның "Метинвест" халықаралық тау-кен металлургиялық компаниясының сол моделдерді шығаратын зауыты орталық Украинадағы орасан зор өнеркәсіптік алаңының бір шетінде жасырылған", – деп хабарлады америкалық сарапшы Мелисса Белл (Melissa Bell).   

Бұл өндіріс алда кең ауқым, жоғары қарқын алуы мүмкін. Қазірдің өзінде кәсіпорын АҚШ пен Еуропаның заманауи, жаңа әскери техникаларының да көшірмелерін қаптатып жасауда екен. 

CNN мәліметінше, олигархтар Ринат Ахметов, Юрий Рыженков, Вадим Новинский негізін қалаған Метинвест компаниясы Украинаның аса ірі металлургиялық тобы болды. Украинада, Италияда, Болгарияды, Ұлыбритания мен Америка Құрама Штаттарында кен және көмір өндірді. Бірақ Си-Эн-Энге компания өкілі мәлім еткендей, Метинвесттің соғысқа дейін қару өндірісіне еш қатысы болмаған. 

"Шындап келгенде, Метинвесттің қазіргі кезде де қару өндірісіне қатысы жоқ. Себебі, оның шығаратын өнімі нағыз әскери техникаға ғаламат ұқсас болғанымен, бәрібір оған жатпайды: не оқпен, не снарядпен, не зымыранмен жарақталмаған. Компания өкілінің түсіндіруінше, өнім қос мақсатқа қызмет етеді. Біріншіден, ол украиналық бейбіт тұрғындар мен солдаттардың өмірін сақтап қалуға үлес қосады. Екіншіден, оккупанттарға қымбат қару-жарағын, оқ-дәрісін, камикадзе дрондарын, зымырандарын босқа шығындап, тауысуына ықпал етеді", – деп түсіндірді жергілікті сарапшы Дарья Мартина Тарасова.

Метинвест компаниясы өкілінің түсіндіруінше, бұл өнімге көптеген күрделі талаптар қойылады.

Біріншіден, көзбояушы үлгілер аспаннан мұқият бақылайтын беспилотниктерден, ғарыштық түсірілімдерден "шабуылдауға тұрарлық шынайы нысана" болып көрінуге, яғни нағыз техникаға айнымай ұқсауға тиіс.

Екіншіден, оның жылу сигнатурасы, басқа да белгілері шынайы техникаға барынша жақын болуға міндетті. Сол себепті компания материалдарды таңдауда тепе-теңдік, балансты сақтауға тырысқан. Егер моделді қарапайым фанерадан не резеңкеден жасап, бояй салса, онда ол жаудың назарын аудартпауы мүмкін.

Осы орайда кәсіпорынның мамандары ресейлік радарларды алдап соғу үшін көшірмені жасауда арзанқол фанераны метал материалдармен араластыра пайдаланады.

Үшіншіден, оның құны жаудың соны жоюға жұмсайтын қаруынан, мысалы, дронынан арзан тұруы шарт.

"Соғыс елге барған сайын қымбатқа түсуде. Соғыстың жауға келтірер шығыны бұдан бірнеше есе жоғары болғаны маңызды. Ресейлік басқыншының дрондары мен зымырандарын біздің жалған нысаналарымызға көптеп шығындағанын қалаймыз. Қай жағынан алғанда да әскери техника, беспилотниктер мен зымырандар қымбат тұрады. Ал біздің моделдеріміз әлдеқайда арзан", — деп түсіндірді Метинвест өкілі.

Мәселен, 155 миллиметрлік батыстық М777 гаубицасы бірнеше миллион долларға бағаланады. Оның метинвестік көшірмесі 1 мың доллардан арзан. Оны жасауға ескі канализациялық құбырлар қолданылады екен. Яғни, символдық тұрғыдан алғанда, ресейліктер зымыран мен дрон сатып алуға жұмсаған қаражаттарын "дәретханаға ағызып жіберуде", заяға кетіруде.

Ресейліктер көзбояушы моделді атып түсірген сайын, әскерилер оны жоюға жаудың нені шығындағанын баяндап, оның сынықтарын "олжа" (трофей) ретінде тапсыратын көрінеді. Компания тарих пен музей үшін оның бәрін жинауда.

Өндіруші өз өнімінің майдан даласына жеткізіле сала, мейлінше тез талқандалғанын армандайды. Әйтпесе, гаубицаның немесе жалған Хаймарстың бір тәуліктен астам уақыт бойы атпай тұрғанын білсе, жау оның жай ғана "тұзақжем" екенін түсінеді. Онда оның орнын ауыстырып, басқа шепке аттандыруға тура келеді.  

Сол себепті, компания сарапшылары ең бастысы, әскери қару мен техниканың қанша бірлігін жасағандарын емес, оның қаншасы жойылғанын санайтын көрінеді. Бұл ретте олар құртылған өнімінің саны жүздеп саналатынын мақтан тұтады.

Осы кезде шынында нені жойғанын аңдамаған Ресейдің Қорғаныс министрлігі ресейліктерді көзбояушы көркем есеппен қоректендіруін жалғастыруда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу