Украиналықтардың көбі бас генерал Залужныйды отставкаға жіберуге қарсы

1492

Соғыс кезінде қарулы күштер қолбасшысына халықтың 92 пайызы сеніп отыр. Ал Зеленскийдің рейтингі бұдан біршама төмендеу болып тұр.  

Украиналықтардың көбі бас генерал Залужныйды отставкаға жіберуге қарсы Фото: reuters.com

Сәрсенбі күні Киев халықаралық әлеуметтану институты (КХӘИ) жүргізген сауалнама украиналықтардың басым көпшілігі Валерий Залужныйдың қарулы күштер қолбасшысы қызметінен босатылуын қолдамайтынын анықтап берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ресеймен соғыс кезінде ауызбірлікті көрсету қажеттігіне қарамастан, Залужный мен президент Владимир Зеленскийдің арасындағы келіспеушілік белгілері бірнеше апта бойы байқалып отыр. Сондықтан, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында армия жетекшісі қызметінен кетуі мүмкін деген болжам айтыла бастады.

KХӘИ зерттеу қорытындысына қарағанда, украиналықтардың тек 2%-ы ғана Зеленскийдің Залужныйды қызметтен босатуын белсенді түрде қолдап отырса, 72%-ы мұндай қадамға "теріс" қарайтынын айтқан. Бұл сауалнамаға 4-10 желтоқсан аралығында Украинаның бақылауындағы аумақтарда 1200 адам қатысқан.

Оның нәтижесі көрсеткендей, халықтың Залужныйға деген сенімі 92%-ға жетіп отырса, Зеленскийге сенетіндер – 77% екен. Дегенмен, бұл екі деңгей де өте жоғары саналады.

Залужный 2023 жылғы ірі қарсы шабуылдарды бақылап, Ресей басып алған жерлердің айтарлықтай бөлігін қайтара алмады. Бірақ қолбасшы өткен жылы ресейлік күштерден біраз территорияны азат еткеннен кейін көптеген отандастарының арасында үлкен кұрмет пен сүйіспеншілікке ие болды.

Биылғы сәтсіз контршабуылдардан кейін халықтың көңіл-күйі күңгірттеніп, соғыстың тез аяқталуына деген оптимизм азайғандықтан, Зеленскийге сенім деңгейі аздап төмендеп отыр.

Өткен аптаның басындағы баспасөз мәслихатында "Залужныйды жұмыстан қуғыңыз келе ме?" деген сұраққа Зеленский олардың арасында келіспеушілік барын жоққа шығарып, бірақ әскери басшылықтан нақты нәтиже көргісі келетінін атап өтті.

Сондай-ақ, ол Залужныйды тікелей сынаудан бас тартып, онымен жұмыс бойынша қарым-қатынаста екенін айтып, әйгілі генералды толық қолдайтынын ашық аңғартпады.

Саяси және әскри лидерлер арасындағы шиеленіс қараша айында Залужный соғыстың тығырыққа тірелгенін мәлімдеп, президент әкімшілігін біршама ашындырғаннан кейін көпшілікке белгілі болып қалды.

Өткен аптада Залужный Зеленскийдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аясында барлық аймақтық әскерге шақыру басқармаларының басшыларын қызметтен босату туралы шешімін сынға алды.

Айта кетсек, Зеленский оларды тамыз айында отставкаға жіберді.

Президенттің айтуынша, сол кезде Украинаның түкпір-түкпіріндегі орталықтарға жүргізілген мемлекеттік тергеу шенеуніктердің заңсыз байып, соғыс кезіндегі тыйымға қарамастан, әскерге жарамды ерлердің елден кетуіне ықпал еткенін әшкерелеп берген.

Бұл басшылардың әскерден аластатылуы мобилизацияға қалай әсер етеді деген сауалға Залужный қынжылыспен жауап берді.

"Олар кәсіпқойлар еді, олар бұл шаруаны қалай жүзеге асыру керектігін жақсы білді, бірақ соған қарамастан олар кетті", - дейді Украинаның бас генералы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу