Украинаның "Дія" атты "электронды Үкіметі" әлемді тамсантты

2192

Одан Қазақстанның да үйренері көп.  

Украинаның "Дія" атты "электронды Үкіметі" әлемді тамсантты Фото: finance.ua

Елімізде eGov.kz электронды Үкімет порталы алғаш рет сонау 2006 жылғы 12 сәуірде іске қосылды. Содан бері ол қалыптасу мен жетілдірудің 4 кезеңінен өтіпті. Өкініштісі, Қазақстан сол он жылда кемел өнім жасай алмағанға ұқсайды.

Өйткені, 2021 жылы Мамин Үкіметі, соның ішінде Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин оны іске алғысыз етіп қатты сынады. Көнергенін, ары қарай дамытуға жарамайтынын алға тартып, орнына Сбер компаниясы жасаған қосымшаны ұсынды. Қазақстанның бүкіл е-Үкіметінің, тиісінше барлық азаматтарымыз бен мемлекетімізге қатысты деректердің ресейлік GovTech платформасына көшірілуіне халық үдере қарсы шықты.

Үкімет кері қашты, бастаманы уақытша кейінге сырғытты. Одан кейін қанды қаңтар оқиғалары болды, Үкімет ауысты. Артынша Ресей Украинаға шапқыншылық жасап, батыстың санкциялық соққысының астына қалды. Сбер де санкцияның қара тізіміне еніп, дәрменсіз жағдайға жетті.

Салыстырсақ, 2019 жылғы 20 мамырда Украина Президенті лауазымына кіріскен Владимир Зеленский елдегі коррупцияны жою үшін барлық мемлекеттік қызметті электронды форматқа ауыстыруға білек сыбана кірісті. Осы мақсатта 2020 жылы "Дія" порталы мен қосымшасы іске қосылды.

Жалпы, энциклопедияға жүнінсек, украин тіліндегі "дія" сөзінің мағынасы терең. Ол жалпы алғанда, жұмыс, әрекет деп аударылады. Бірақ машинаның, агрегаттың, электронды аппараттың атқаратын жұмысын білдіретін үстеме мағынасы да бар.

Оның үстіне араға жаһандық коронавирус пандемиясы килігіп, әлем карантинге жабылды. Яғни, мемлекеттік қызметтерді жаппай онлайн форматқа ауыстыру бағытында белсенді әрекет ететін кез жетті. Ендеше әрекет етуді білдіретін бұл сөз бекер таңдалмаса керек.

Бірден айта кетелік, Украина электронды Үкіметті енгізген өзге елдерге ұқсамайтын төл, дара жолымен кетті. Мысалы, Қазақстанда мемлекеттік қызметтер электронды форматта көрсетілгенімен, оның үлкен бөлігі бәрібір шенеуніктердің араласуын талап етеді. Жасанды зерде деген жоқ. Мысалы, бизнесмен жеке кәсіпкерлігін (ИП) бір күнде аша алады, ал оны жабу үшін қаншама сергелдеңге түседі: мемлекет, контрагенттер және басқасы алдында берешегінің жоқтығын дәлелдеуге күш-жігер жұмсайды.

Ал украиндер Дия арқылы жеке кәсіпкерлігін өз бетінше тіркеп, өз бетінше жаба салады. Ешбір шенеунік оған тұмсығын сұқпайды.

Украина халқы Дия арқылы түрлі құжаттарды толтырып, қол қояды. Азаматтар жеке куәлігін, жүргізуші куәлігін, туу туралы куәлігін және басқа да құжаттарын өзімен бірге алып жүрмейді, оның бәрі Дияда бар. Ол арқылы салық төлеуге, дүние есігін ашқан сәбилерді тіркеуге қоюға, түрлі жәрдемақыларға өтініш беріп, рәсімдеуге болады. Кез келген адамға Дия арқылы көлігін сатып, оның құжаттарын басқа адамның атына ауыстыруына мүмкіндік берілген. Содан кейін көлік салығының жылдар бойы бұрынғы қожайыны атына келіп, мазалауы сияқты Қазақстанда бар масқара оларда жоқ. Жылжитын, жылжымайтын мүліктер салығы да бірден жаңа иесіне көшеді.

Соғыс кезінде миллиондаған Украина тұрғыны баспанасынан айырылды: оны агрессор бомбалап тастады. Қаншама адам көлігін жоғалтты: оккупанттар Ресейіне айдап кетті. Егер Дия болмағанда, жоқ мүлік үшін салық ары қарай есептеліп, елді борыш батпағына батыратын еді.

Басқыншы елге жаппай баса-көктей кіргенде, Украина Премьерінің орынбасары - Цифрлық трансформация министрі Михаил Федоров ай-ти қауымдастығын жұмылдырып, Дияны тез арада соғыс жағдайына бейімдеп шықты. Енді азаматтар сол арқылы дұшпанның әскерлері мен ұрыс техникасының қозғалысын тікелей эфирде трансляциялай алатын болды. Нәтижесінде, ЗСУ-ға оларды дер кезінде жоюға жәрдемдесті. Бүгінде де басып алынған аумақтардағы тұрғындар соның көмегімен жау солдаттарының қайда тұрып жатқаны туралы жасырын деректерді жіберіп, артиллериялық соққының нысанасын көрсете алады.

Оккупанттар өз қолына көшірген облыстарда украиналық операторлардың байланыс мұнараларын жарып, құлатып тастады. Сонымен бірге Украинаның телеарналары мен радиоларын трансляциялауды да тоқтатты. Осыған байланысты Киев Дия арқылы украиналық ақпарат құралдарын тарата бастады. Соның арқасында басқыншы жайлаған аумақтарда украиналықтар азат облыстармен байланысын сақтады, рухы түспеді, төзді, ел жаңалықтарынан хабардар болуда, сөйтіп, отаншылдығы артпаса, кемімеді.

Украина халқы Дия арқылы күн сайын өз әскеріне көмек, донат жолдап, жылу жинауға да қатысып жатыр. Дия арқылы әрбір азаматқа соғыс салдарынан қиратылған мүлкі үшін өтемақы төлемін талап етуге жол ашқан функционал енгізілді. Басқа да игіліктермен толығуда.

Мұның бәрі өзге елдерге үлгі.

Америкалық Bloomberg агенттігі де Дияның (ағылшынша нұсқасы Diia) жетістіктеріне таңғалып, жеке материал арнады.

Оның хабарлауынша, Украина бұл қосымшасын енді жаһандық тартымды өнім ретінде ілгерілетіп, экспорттауға кірісті.

Украина шенеуніктері "Дія" танымал қосымшасына негіз болған технологияларды өзге елдермен бөлісуді жоспарлап отыр. Өйткені адам тұлғасын сәйкестендіруден бастап, ресейлік әскердің қозғалысын онлайн режимде бақылауға дейін мүмкіндік беретін Дия бейбіт мақсатта ғана емес, соғыс уақытында да тиімділігін, өнімділігін паш еткен әлемдегі жалғыз, теңдесі жоқ өнімге айналды.

Цифрлық трансформация министрлігінің Электронды қызметтерді дамыту бөлімінің басшысы Мстислав Баниктың хабарлауынша, Киев енді аталған қосымшаның технологияларын өзге елдерге экспорттауға ниетті. Бұл ретте украиналық мамандар оны қалай енгізу керектігін үйретеді. Яғни, ұлағат алушы мемлекеттер Украинадан кеңес-консультациялық қызметтерді де экспорттайды.

Қызығушылық білдіріп отырған елдер арасында посткеңестік аймақтағы электронды Үкіметті енгізу жөнінен даусыз лидер саналған Эстония да бар болып шықты. Себебі, бұл ел де Ресейдің шапқыншылығынан қауіп қылады, қамсыз отырып, қапы қалмай, дайындалуды жөн көріпті.

Баниктің дерегінше, қазірдің өзінде 10 мемлекет Дия жүйесін өзінде енгізуге мүдделі екенін мәлімдеді. 

"Біз мемлекеттік қызметті цифрландыру саласында әлемдік лидерлердің біріне айналуды қалаймыз. Украина бұл секторда өзге елдер бой түзейтін эталон болады", - деді М.Баник.

Оның түсіндіруінше, егер өзге елдер Дияны өзінде енгізсе, онда Украина тарапы ол елдің қандай да бір деректеріне қол жеткізе алмайды.

Бұл істе де Украинаға АҚШ көмекке келді. Америка оған Diia негізінде цифрлық инфрақұрылымын ары қарай дамытуға 25 миллион доллар қаржы бөлген. Бұл туралы Bloomberg агенттігіне АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) өкілі мәлімдеді.

"USAID өкілінің айтуынша, АҚШ Diia тәрізді жүйелерді өзге елдерде енгізе бастауға көмектесу үшін кем дегенде 650 мың доллар қосымша қаражат бөлуді жоспарлады. Эстония Үкіметі қазіргі кезде 2 мыңнан астам мемлекеттік қызметті Дия үлгісінде жасалған ұялы қосымшаға көшіру бағытында жұмыс істеуде. Эстониялық Дия жазға қарай халыққа қолжетімді болуға тиіс. Бұл туралы Эстония Үкіметінің бас ақпараттық директоры Луукас Ильвес хабарлады. Оның түсіндіруінше, эстондық қосымшаны азаматтар құжаттарға цифрлық қол қою, дәрі-дәрмек рецептісін алу, көліктерін тіркеу процесін өз бетінше басқару, тіпті жасанды интеллектке құрылған көмекшісіне қол жеткізу үшін пайдалана алады", – деп жазады Брумберг.

Еуропалық елдер Украина мамандарының халыққа, елге, әскерге қажетті жаңа қызметтерді бірнеше күнде әзірлеп, күйі мен кемеліне келтіріп, ылдым-жылдым іске қоса алатынына таңданады, тәнті болады.

М.Баник мәліметінше, бүгінде 19 миллион украиналық Дияны белсенді қолданады. Бұл елдің азаматтары "Евровидениеде" де Дия арқылы дауыс беріпті. Тағы бір таңдантатын жайт, бұл қосымша ресейлік дезинформациямен, ақпараттық-психологиялық арнайы операцияларымен (ИПСО) күресуге көмектесуде. Егер РФ жағы бір суыт хабарды жарияласа, украиналықтар оның анық-қанығын, фейктің фейк екенін осы қосымша арқылы біледі.

Жасыратыны жоқ, мұның көбінен қазақстандық электронды Үкімет құралақан. Бізде әр орган өзіне қатысты жалған ақпараттарға өз бетінше жауап беріп жатады. Оның көбі халыққа жетпейді. Олай болса, Қазақстан қараң қала бастаған Ресейге жалтақтай бермей, одан арғы жақтағы озық тәжірибелерді игеруге құлық танытса, игі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу