Украинаның Каховский ГЭС-гі жарылыстың ауыр салдары

3790

Су электр станциясы толығымен су астына батып кетті.  

Украинаның Каховский ГЭС-гі жарылыстың ауыр салдары Фото: Ашық дереккөзден

6 маусымға қараған түні жартылай оккупацияланған Херсон облысындағы Каховский ГЭС-інде бөген жарылды. Украиналық әскерилер бөгенді ресейлік әскерлер жарып жібергенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"РФ оккупациялық әскері Каховский гидроэлектр станциясын жарып жіберді. Қазіргі уақытта күйреу ауқымын, судың көлемі мен жылдамдығын, су тасқынының астында қалуы ықтимал аудандарды нақтылап жатырмыз. Барлық қызметтер жұмыс істеуде",  –  деп хабарлады таңертең украиналық "Оңтүстік" жедел қолбасшылығы.

Өз кезегінде ресейлік әскери блогерлер бұған Украина тарапын айыптауға асықты.

Бірақ ұят болғанда, Ресей жағы алдымен жарылыс болғанын жасырып бақты. Бөген іргесінде, 5 шақырым жерде орналасқан Новая Каховканың оккупациялық мэрі Владимир Леонтьев Украинаның дабыл қаққан хабарларын "бос сандырақ" (бред) деп атады және "қаланың барлық жерінде бәрі қалыпша, бәрі тыныш" екенін жеткізді. Бірақ жоғарыдан бұл оқиғаға қалай түсініктеме беру туралы әдістеме алса керек, артынша қайта мәлімдеме жасады.

"Бүгін түнгі екі шамасында Каховский ГЭС бойынша көптеген соққы жасалды. Салдарынан ысырма қақпақ бұзылып, су Каховский су қоймасынан ағыстан төмен қарай бақылаусыз төгіле бастады",  –  деді В.Леонтьев.

Дегенмен, мұны бөгенді күзеткен ресейлік солдаттардың, оккупацияланған аймақтардағы тұрғындардың түсірген видеосы жоққа шығарады: бейнежазба сыртындағы дауыстар су астында біраз уақыттан бері жарылыстар болып жатқанын хабарлады.

Украина жағы Ресейдің бөгенді жармас бұрын су қоймасында орасан көлемде су қордалағанына назар аудартады. Содан қоймадағы су деңгейі қалыптағыдан 17 метрге биік көтерілгенде бөгенді жарған көрінеді. Мұны ресейлік RenTV арнасы ішінара растады.

"Биыл мамыр айының басында Каховский су қоймасындағы су деңгейі төтенше белгіге дейін жетіп, 17 метр көтерілді. Осылайша, қоймадағы суды 2,5 метрден асыруға болмайтын норма, жоғарғы шек бұзылды. Жағдайды жақсарту үшін суды төменге ағызу басталған. 6 маусым күні украиналық ұлтшылдардың шабуылы барысында келтірілген зақымдарға шыдамай, Каховский ГЭС плотинасы жарылғаны мәлім болды. Су бетіндегі құрылыстар, шандорлар (жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында каналда орнатылатын уақытша ысырма қақпа) күйреген, бұл судың төмен ағыспен бақылаусыз төгіле бастауына соқтырды", – деп хабарлады Мәскеудің ұстанысын Рен ТВ арнасы.

Өзге пропагандалық федералдық арналар Украина жағының станцияға "Ольха" дүркін атыс реактивті жүйесімен соққы бергенін мәлімдеп үлгерді. Бірақ ТАСС станцияға шабуылды жоққа шығарды.

"Ешқандай соққы, снарядтардың ұшып келуі болмаған. Плотина шектен тыс көп жиналған судың қысымына шыдамаған. Алдымен бір тірегі қираған, соңынан су ағыстан төмен тасқындай бастады",  –  деп нақтылады ресейлік ТАСС агенттігі.

Түстен кейін жарылыстардың станцияның ішінде болғаны айтылды. Соның ішінде Каховский ГЭС машиналық залы ішінен жарылыпты. Фотолар, бейнеайғақтар негізінде талдау жасаған "Укргидроэнерго" компаниясы (елдегі гидроэлектр станцияларын басқарады) бұл станция енді қалпына келтіруге жарамайтынын мәлімдеді.

"Машиналық залының ішінен жарылуы салдарынан Каховский ГЭС толығымен қирады. Станция қалпына келтіруге жатпайды. Алдын ала болжам бойынша келесі 4 күн бойы су қоймасындағы қысым реттеледі", – деп мәлім етті "Укргидроэнерго".

Ештеңе болмағандай түр танытқан Мәскеу халықаралық қоғамдастықты шошынтқан, қоғамдық пікірді дүр сілкіндірген бұл оқиғаны басқасымен жабуға тырысты. Ресейлік пропаганда таңертеңнен бері "Украинаның әскери барлаушылары лас бомбаны қолданып, Ресейде теракт дайындаған" деп шулап жатыр. Осыны хабарлаған ФСБ тіпті екі ұшқышты ұстап алыпты-мыс.

Салдары қандай?

Бүгін түсте күрт толып, жағасынан шыға тасыған Днепрдегі су деңгейі 10 метрге, кей тұсында 12 метрге дейін жеткен. Украина Днепрдің тек оң жағалауында, соның ішінде Херсон қаласында эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады. Себебі, сол жағалауды Ресей оккупациялаған.

Украина өзен бойындағы азат етілген елді мекендерінен адамдарды құтқару үшін эвакуациялық пойыздарды жолға қойды. Сонымен қатар шелтерлер, яғни босқындарға арналған паналар жасақталды. Қауіпті аймақтардан адамдарды автобустармен де тасыды.

РФ оккупациясындағы Новая Каховкада ірі зоопарк болатын, оны толығымен су басып қалып, тордағы, қамаудағы жануарлардың барлығы суға қарық болған. Ғаламторда судың беті қайтқан соң зообаққа оралған жұмысшы әйелдің қорқынышты көрініске шыдай алмай, көз жасына ерік беріп, зар еңіреген видеосы тарады.

Түстен кейін куәгерлер Каховский ГЭС-інің толығымен су астында қалғанын паш еткен бейнежазбаларын ел назарына ұсынды.

Новая Каховка, тіпті Херсон қаласының шетін су басты. Алдын ала дерек бойынша станцияның жарылуы салдарынан шамамен 80 елді мекен тасқынның астында қалуы мүмкін.

Днепрге жақын орналасқан елді мекендерде үйлер, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылымдық объектілер, түрлі станциялар, электр беру желілері күйреді. 

Ресейлік "Новости" ақпарат агенттігі Новая Каховканың басты Днепровский даңғылында аққулардың жүзіп жүргені бейнеленген видеоны жариялады.

Оккупациялық билік су деңгейі 72 сағат ішінде төмен түседі деп санайды.

Оқиғаға орай Ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс кеңесінің шұғыл отырысын шақырған Украина Президенті Владимир Зеленский мұндай қайғылы оқиғалар қайталана бермеуі үшін, олардың алдын алу үшін бір ғана жол барын – жауға бір сүйем жер қалдырмай, ел аумағына толық, түре қуып шығу қажеттігін мәлімдеді.

Оңтүстік қорғаныс күштерінің Біріккен үйлестіруші баспасөз орталығының басшысы Наталья Гуменюктің тұспалдауынша, РФ әскері Каховский ГЭС-ін Украина Қарулы күштерінің контршабуылына кедергі келтіру үшін жарып жіберді: "Олар осы арқылы су айдынының ауданын, батпақты жерлердің көлемін арттыруға тырысуда. Сонда украиналық қорғаныс күштері Днепрді ауыр техникамен кесіп өте алмайды деп ойлайды".

Жалпы, Ресей жағының осы алып гидроэлектр станциясын жару жоспары барын және сол мақсатта бөгенді миналап тастағанын Президент Владимир Зеленский 2022 жылғы 20 қазанда, Еуропалық кеңес отырысында жариялаған болатын.  

Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляктың дерегінше, ГЭС-ті, алдын ала мәлімет бойынша РФ қарулы күштерінің 205-ші мотоатқыштар бөлімі жарған. Жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары түнгі екіде жарылыстарды естігенін айтады. Ресей жағы жарылыстар болғанын жоққа шығарудан танатын емес.

Негізі, Днепрлік гидроэлектр станциялары каскадының соңғы, төменгі, алтыншы сатысы саналатын Каховский ГЭС-і кезінде Қырымды сумен қамту үшін салынған екен. Салдарынан бүгін Қырымда су тапшылығы басталды. Бөген жарылғаннан кейін бірнеше сағат өткенде Керчьте су тек кесте бойынша, арагілік беруге көшірілді. Бұдан бөлек бүкіл Евпатория мен Қырымның оңтүстік жағалауында су беру ағытыла бастаған.

Днепрдің тасуы Украина армиясының ұлы жорығына қаншалықты залал келтіретіні айтылмады: құпия. Бірақ мұның басқа зияны айтылды. Причерноморье саяси және әлеуметтік зерттеулер орталығының сарапшысы Владимир Молчанов Олешковские пески шөлі батпаққа айналады деп отыр.

"Құмды бархандарды соңғы рет Днепр сегіз мың жыл бұрын шайыпты. Ол кезде Еуропалық ұлы мұзтау еріген болатын. Қазіргі кезде ол жақтағы құмды далада селолар, шағын көлдер, құнды ағаштар ормандары бар. Осы аумақтық бәрі құмды батпаққа айналады. ГЭС жарылуының тағы бір салдары – Каховский су қоймасы таязданады. Соның кесірінен Қырымға арналған су жоғалады. Осы су қоймасындағы су деңгейі қалыпшадағыдан 4 метрге түссе, Солтүстік Қырым арнасына су жетпей, оның толық құрғауына соның өзі жеткілікті", – деді В.Молчанов.

Бұдан бөлек, аталған су электр станциясы Украинаның оңтүстігіндегі қуаңшылықты аудандарын ауыз сумен, егістікке арналған сумен және электр қуатымен қамтып келген еді. Мұның бәрі тоқырады. 

Украины Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Каховский ГЭС-індегі жарылысты Еуропадағы соңғы онжылдықтағы ең ірі апат деп бағалады.

"Бұл – аса зұлматты әскери қылмыс", – деді Д.Кулеба.

Өз кезегінде Еуропа кеңесінің Бас хатшысы Мария Пейчинович-Бурич те ГЭС-ті жаруды ақылға сыймас қылмыс деп атады.

The Guardian жазуынша, Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли бұл қылмыс үшін жауапкершілікті Ресейге артып, одан барлық әскерін Украина аумағынан дереу алып кетуді талап етті.

Украина тарапы су электр станциясындағы жарылыс фактісі бойынша соғыс заңдары мен дәстүрлерін бұзу (438-бабы) және экоцид (441) баптарына сәйкес қылмыстық істер қозғап, тергеу бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу