Украинаның соққылары Путинді Қырымнан кемелерін әкетуге мәжбүрлеп отыр

4497

Қарулы қақтығыс басталғалы Ресей теңізде кемінде 20 әскери кемесі мен қайығынан айрылған.

Украинаның соққылары Путинді Қырымнан кемелерін әкетуге мәжбүрлеп отыр Фото: inbusiness.kz

Ресейдің Қара теңіз флоты 240 жыл бойы Қырымда орналасты. Бірақ Украина шабуылды күшейтіп жатқандықтан, қазір президент Владимир Путинге бұл флагмандық әскери-теңіз орталығынан айырылып қалу қаупі төніп тұр.

Киев АҚШ пен Еуропаға жақындаған шақта Путин осы флотты Ресейдің қарамағында сақтап қалу үшін он жылға жуық уақыт бұрын Қырымды аннексиялағаны белгілі. Бірақ қазір РФ түбектен кемелерін әрі әкетуге мәжбүр болып отыр.

"Қырымның ешбір порты ресейлік әскери кемелер үшін енді қауіпсіз емес. Украина негізінен бұл флотты Қырымнан кетіріп жатыр",- дейді Мәскеудегі стратегиялар мен технологияларды талдау орталығының директоры Руслан Пухов "Блумберг" агенттігіне берген сұқбатында.

Украинаның қанатты зымыранмен жасаған соңғы шабуылы өткен аптаның басында Қырымның шығысындағы Феодосия портында Ресейдің үлкен десанттық кемесін қиратты. Украина Қарулы Күштері мен Oryx ашық барлау агенттігінің тәуелсіз зерттеуіне жүгінсек, Путин 2022 жылдың ақпанында Украинаға әскер кіргізгеннен бері Ресей кемінде 20 кемеден, соның ішінде соғыс кемелері мен суасты қайықтарынан және десанттық кемесінен айырылған екен.

Украина үшін оның Қырымдағы жетістіктері жаздағы сәтсіз контршабуылдардан кейінгі жақсы жаңалық болып отыр.

Вашингтонда орналасқан Соғысты зерттеу институтының баяндамасына жүгінсек, Украинаның шабуылдары Ресейді Қырымдағы активтерін Қара теңіздің өзге жағалауына көшіруге итермелеп жатыр.

Мәскеуді мұндай қадамға мәжбүрлеу үшін Украинаға британдық Storm Shadow және француздың Scalp қанатты зымырандары көп көмектесті деген мәлімет бар.

Зымырандық шаубылдардың тиімді болғаны соншалық, Украина Кремльдің Қара теңіз арқылы астық экспортына тосқауыл қою әрекеттерін сәтсіздіктерге ұшырата бастады. Себебі, Ресейдің кедергісіне қарамастан, Украина тамыз айынан бері шетелге 10 миллион тонна тауар, негізінен астық жөнелткен екен.

24 қазанда Украина президенті Владимир Зеленский "Ресей флоты Қара теңіздің батыс бөлігінде енді жұмыс істей алмайды" деді. Және де ол мұны өз елі үшін "тарихи жетістік" деп атады.

2022 жылдың сәуірінде Ресейдің зымырандық крейсері "Мәскеу" суға кетті. Сол кезде Украина осынау алып кемеге "Нептун" деген ракетамен соққы беріп, оны өртеп, құрдымға жібергеін хабарлады. Алайда, Ресей нақты дәлел келтірместен, әйгілі крейсердің дауылдан күйрегенін жариялағаны белгілі.

Содан кейін Ресейді Қырыммен байланыстыратын Керчен бұғазындағы көпір екі мәрте шабуылға ұшырады. Ал 2022-нің қыркүйегінде Қырымның батыс жағалауында Украина әскерінің соққысынан екі кеме зардап шекті. Былтыр күзде Украинаның қанатты ракеталары Қырымның Севастополь қаласында орналасқан Қара теңіз флотының штаб-пәтерін зақымдап, Ресейді өз кемелерін Феодосия, Новороссийск сияқты өзге порттарға көшіруге мәжбүр етті.

Сонымен қатар, Ресей әскери кемелерін Украинадан алшақ ұстау үшін Грузияның сепаратистік аймағы Абхазияда теңіз базасын салуды жоспарлап отыр. Бірақ бұл идяны іске асыру үшін жылдар кетуі мүмкін. Оның үстіне, халықаралық деңгейде Грузияның ажырамас бөлігі саналатын Абхазия өз жағадауында ресейлік флоттың пайда болуына қарсылық білдіріп келеді.

Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялағаннан кейін іле-шала қорғаныс министрі Сергей Шойгу Мәскеудің 2020 жылға дейін жаңа әуе қорғанысы күштері мен теңіз әскеріне 86 миллиард рубль немесе 2,4 млрд доллар инвестция салатынын жариялағаны белгісі. Бірақ, қорғанысты нығайтуға мұнша қаржы жұмсалса да, Ресейдің Қырымдағы флоты бәрібір осал болып шықты.

1,2 миллион жазылушысы бар " Рыбарь" ресейшіл телеграм-арнасы Феодосия маңында десанттық кемеге соққы берілгені үшін Ресей теңіз күштерінің қолбасшылығына наразылық білдіріп, оны немқұрайдылық үшін айыптады.

Ал Ұлыбритания қорғаныс министрі Грант Шаппс Украинаның соққысын құптағанымен, Киев те, Лондон да соңғы шабуылда Storm Shadow зымыранының қолданылғанын растамады.

"Ресейдің Қара теңіздегі үстемдігі қазір күмәнді болып тұр. Путин флотына жасалған соңғы шабуыл Украинадағы соғыс тығырыққа тірелді деп санайтындардың қателескенін көрсетеді", - дейді Шаппс X әлеуметтік платформасында жариялаған жазбасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу