ҰҚШҰ саммитінде Мәскеу "жеңілгенін" мойындаған ба?

8114

Әскери ұйымның мерейтойлық саммиті Мәскеуде өтті. Қан-қасап соғыс аясында жиын мерейтойлық реңктен мүлдем ада болды. Сарапшылар саммитте Тоқаев пен Путиннің жасаған тосын мәлімдемелерін талдауда. 

ҰҚШҰ саммитінде Мәскеу "жеңілгенін" мойындаған ба?

ҰҚШҰ 30 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуге былтырдан қызу дайындалды. Әрине, саммит Ташкентте ұйымдастырылуы мүмкін еді. Себебі 1992 жылғы 15 мамырда Өзбекстан астанасында Ұжымдық келісім туралы шартқа 6 мемлекеттің президенті қол қойды. Алайда өзбек ағайындар бұл ұйымға 2 рет кіріп, 2 рет шықты. Алғаш 1999 жылы теріс айналды. Алайда Әндіжан қырғынынан кейін 2006 жылы ұйымға қайта кірді. Бірақ артынша ұйым мүше елдердің өзара қақтығысын да тия алмайтынын (Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан этноанклавтар үшін өзара жиі қырқысып тұрады) түсініп, түпкілікті тастап кетті.

30 жылдық межелі саммит ұйымның қазіргі төрағасы Арменияда өтуге тиіс еді. Ол да болмады. Кремль барлық президентті Мәскеуге жиды. Жиынға Қазақстан лидері Қ.Тоқаев, Арменияның Премьері Н.Пашинян, Беларусь Президенті А.Лукашенко, Қырғызстан Президенті С.Жапаров, Тәжікстан Президенті Э.Рахмон, РФ басшысы В.Путин қатысты.

Осы орайда сарапшылар саммиттің іш пыстырарлық болғанына, биік мәртебелі меймандардың қатты зеріккеніне назар аударыпты. Мысалы, Ресей федералдық телеарналары көрсеткен сюжеттерде "шаңырақ" иесі В.Путин жиналғандарға "Украинадағы неонацизм" туралы айтып жатқанда А.Лукашенко мен Н.Пашинян алғаш көргендей Кремль залының төбесіне тесіле қарап, зерделепті. Ал Эмомали Рахмон аузын алақанымен көлегейлеп, ақырын есінеп алған.

Саясаттанушы-ғалым Зейін Сабырқұлов бұл саммит біраз жайттан хабар берді дейді. Мысалы, оның байламынша, "Кремль НАТО-ның кеңеюіне көніп, мойынсұнғаны байқалды". Дәл осы саммит қарсаңында, 14 мамырда Финляндия Президенті Саули Ниинистёнің өзі Путинге қоңырау шалып, өз елінің НАТО-ға кіруге өтінім беретінін хабарлады.

"Осыдан кейін саммитте Ресей басшысы қаһарына мініп, Альянска соғыс жарияламағанымен, қатаң мәлімдеме жасайды деп күтілген еді. Оның орнына Владимир Путин НАТО-ға тағы екі елдің мүше болуына қатысты ешқандай проблема жоқтығын айтты. Қарапайым тілге салсақ, "базар жоқ!" деді. Меніңше, өңірлік держава басшысы НАТО-мен айқасуға күш-қауқары қалмағанын аңғартып алған сияқты. Әйтпесе, Украинаға да НАТО кеңеймеуі, бері жылжымауы үшін деген сылтаумен басып кірді емес пе? Ал енді Альянс Финляндия мен Швецияны құшағына алса, НАТО-ның Ресеймен шектесетін тікелей шекарасы 1,2 мың шақырымға ұлғаяды. Нәтижесінде НАТО Путиннің туған жері Петерборға 200 шақырымдай ғана қашықтықта төніп тұрмақ. Ресейлік әріптестеріміз зымыран үшін бұл бірер минутта еңсерілетін қашықтық дейді. Демек, қауіп төнбейді дегені шындықтан алыс жатыр", – деген пікірде саясаттанушы.

Кремльдің ресми сайтында орналастырылған стенограммаға сәйкес, В.Путин саммитте сөзбе-сөз былай деді: 

"Альянстың Финляндия және Швеция секілді жаңа мүшелері есебінен кеңеюіне келсек, құрметті әріптестер, сіздерді құлағдар ете кетейін, Ресейдің бұл мемлекеттермен еш проблемасы жоқ. Сондықтан НАТО-ның осы елдер есебінен кеңеюінен бізге, Ресейге төнетін тікелей қауіп-қатер жоқ", – деді РФ Президенті.

Ертеректе, Украинамен соғыс қарсаңында Мәскеу жонын күжірейтіп, "НАТО 1997 жылғы шекарасына кері оралсын!" деген зәрлі талап қойған. Ал 1997 жылдан бері Солтүстікатлантикалық Альянсқа Албания, Венгрия, Болгария, Польша, Чехия, Латвия, Литва, Эстония, Солтүстік Македония, Румыния, Словакия, Словения, Хорватия, Черногория мүше болып кірген еді. Яғни, НАТО Мәскеудің қатаң талабын орындауға барғанда, осы елдердің бәрін өз қатарынан шығаруға мәжбүр болатын еді. Альянста мүшені қатардан қуу рәсімі көзделмеген, әр ел өз еркімен кіріп, өз қалауымен шығады. Демек, қарсылығына қарамастан, олардың бәрінен бас тартса НАТО ұйым ретінде күйреп құритын еді. Кремльдегі стратегтердің көздегені де сол болса керек.

Айтқандай, саммит қарсаңында қазақстандық сарапшылар мен ақпарат құралдары онда Украинаға ҰҚШҰ әскерін жіберу туралы мәселе қаралуы мүмкін екенін болжап жатты. Осыдан Мәскеу саммитіне біздің қоғамның бір бөлігі қорқасоқтай қарап, соңы не болатынын күткен. Украина сарапшылары Қазақстанның оған табанды қарсы екенін алға тартып, ұйым контингентінің соғысқа араласуы мүмкін еместігін мәлімдеді.

Депутат Б.Смағұлдың пікірінше, әу баста Кремль әскери одақ елдерінен көмек сұрауы да ықтимал, алайда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев мұндай бастаманы бірден бұғаттап тастағанға ұқсайды. Ал Украинаға әскер жіберу – бұл саммиттің күн тәртібіне шығарылған жоқ.

"Тоқаевтың мәлімдемесін ризашылықпен тыңдадым. Нән Кремльде тіпті Батыс державаларының лидерлері де тартыншақтай, күмілжи сөйлеп, табанының бүрі қалмай, өз ұстанымынан тайғанақтай бастағанын талай көрдік. Ал біздің лидер қайта Путиннің мысын басты ма деймін. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұдан былай ҰҚШҰ әскерін тек БҰҰ бітімгершілік миссиясы аясында қолдануға тиіспіз деді. Ал Украинадағы соғысты БҰҰ құптамағаны мәлім. Ендеше оған Қазақстан Қазбатты да, Қазбригті де жібермес еді. Бұған біздің Amanat фракциясы да рұқсат бермеген болар еді. Өйткені әскерилерімізді бітімгершілік миссияға жіберу үшін Парламенттің келісімі керек. Әрі Украинадағы соғысқа қатысуға біздің әскерилеріміз де қарсы", – дейді Бақытбек Смағұл.

Қазақстан лидері ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің әлеуетін нығайтуды өзекті деп санайтынын мәлімдеді, бірақ ол әлеует Украинадағы майданға шығындалмайды.

"Қазірдің өзінде ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне қосу міндетін күн тәртібіне қою қажет! Бұл қадам Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының субъект ретіндегі құқығын нығайтады. Сондай-ақ ұйымның бейбітшілікті сақтау жөніндегі халықаралық бітімгершілік операцияларға қатысу тәжірибесін қамтамасыз етеді", – деді Қ.Тоқаев.

Депутат Б.Смағұл тағы бір жайтқа назар аудартты: Мемлекет басшысы саммиттегі сөзінде Қазақстан үшін Орталық Азия, халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымына, көші-қонға, соның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың өршуіне қарсы күрес – 1-ші орында тұрғанын айқын білдірді. Қазақстан Президенті ұйымның барлық күш-жігерін Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның қауіпсіздігін нығайтуға бағыттаған дұрыс деген қызықты бастама көтерді. Осылайша, ҰҚШҰ бағытын Батысқа емес, Шығысқа бұрады. Нәтижесінде, НАТО мен ҰҚШҰ әскери блоктары арасында қақтығыс, шиеленіс тумайды. Әйтпесе бұл ұйымды Батыс өз қарсыласы деп таныса, ҰҚШҰ Қазақстанды да Ресей және Беларусь құлап бара жатқан құрдымға тартып кетуі ғажап емес. 

"Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ осы елдің аумағындағы қарулы топтардың белсенді әрекеті мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр. ҰҚШҰ барлық ықтимал қауіп-қатерлерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуі керек деп есептеймін!", – деп нықтады Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев.

Ресейлік саяси қайраткер, заңгер, МемДуманың бұрынғы депутаты Марк Фейгиннің пайымдауынша, ҰҚШҰ елдерінің Украинадағы "арнайы операцияға" тікелей қатыспайтыны белгілі болды.

"Бұл мәселе енді күн тәртібінен түпкілікті алып тасталды. Бұл ұйымда Қазақстанның салмағы басымдау, өйткені Орталық Азия елдері соған қарап бой түзейді деп есептеледі. Ал Қ.Тоқаев Қазақстанның өз әскерін жібермейтінін соғыс басталған алғашқы кезеңде-ақ мәлімдеді. Егер қазір сол ұстанымында табандай алмаса, оның бұл тірлігін ұлттық рухы көтеріліп келе жатқан қазақ қоғамы түсінбес еді. Қазақстан соғыс жүріп жатқан 3 айдай мерзім ішінде Кремльдің басқыншы саясатын қолдайтындай ештеңе жасамады, енді Мәскеу жеңіліп, шекарасына қарай кері шегініп жатқанда соғысқа араласуы әбестік болатын еді. Қ.Тоқаев тәжірибелі саясаткер, мұндай бетбұрыс еш пайда, саяси дивиденд әкелмейтінін, керісінше ел алапат санкциялар астында қалатынын жақсы біледі", – дейді ресейлік сарапшы.

Қазір Қазақстан төл Қарулы күштерін ҰҚШҰ аясында емес, Түркиямен әскери ынтымақтастық арқылы күшейтуге мықтап ден қоюда.

Сонда бұл саммит не үшін қажет болды?

"Мәскеудегі дереккөздерімнің айтуынша, саммитте Кремль одақтастарынан қару-жарақ және әскери техника өндірісінде көмектесуді сұрағанға ұқсайды. Өйткені қатаң санкциялар мен шектеулер салмағымен езілген Ресейге жоғары дәлдікті зымырандар жасау үшін микрочиптер, әскери техника мен атыс құралдарына бөлшектер, оптика, тепловизорлар және басқасы қажет. Тіпті бұзылған ұшақтар мен сауытты техниканы жөндеуге де жабдықтар тапшы. Мәскеу оның бәрін одақтастары арқылы алуға тырысып көруі мүмкін. Бірақ ҰҚШҰ-ның санкциядан азат 4 елі мұның ақыры неге соқтыратынын білгендіктен, ондай көмектен аяқ тартары сөзсіз", – дейді М.Фейгин.

Саммиттен соң Владимир Путин Александр Лукашенкомен қысқаша тілдесіп, таяу уақытта Украина мәселесін өзара, кең форматты жүздесуде талқылауға уағдаласты. Ал Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонмен жеке кездесуінде тәжіктің Қарулы күштерін жаңғырту бағдарламасын, Ауғанстанмен шекарадағы ахуалды талқылаған екен.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу