Биыл Алматы облысында 354 нысанның құрылысы жоспарланған. Жыл соңына дейін оның 289-ы пайдалануға берілуі тиіс. Ал Талдықорған қаласындағы жалпы құны 2 363,622 млн теңгені құрайтын 5 тұрғын үйдің қоныстойы осымен үшінші жыл тойланбайтын түрі бар.
2015 жылы ауданы 18094 шаршы метрді құрайтын көпқабатты үйдің құрылысы басталған кезде тапсырыс беруші "Бәйтерек Development" АҚ мен мердігер "ISHEDO Energy" ЖШС өкілдері: "Жарты жылда 290 отбасы жаңа үйге кіреді", – деп сендірді. Қала билігі де: "Үй кезегінде тұрған мыңға жуық тұрғынның мәселесі шешіледі", – деп алақайлады. Алайда бәрі басқаша болды.
"2015 жылдың 30 шілдесінде жүргізілген тексеріс кезінде 5 үйдің іргетасы сапасыз құрылыс материалдарын қолдану арқылы құйылғаны, соның салдарынан құрылыс барысында сақталуы тиіс талаптың бұзылғаны анықталған. Ал техникалық байқауға жауапты "Building consulting company" ЖШС мен авторлық қадағалау міндетіне ие "Өркен-Проект -2008" ЖШС ешқандай шара қолданбаған. Қазір осы кемшілікті жөндеуге уақыт беріліп отыр, – деді облыстық сәулет-құрылыс лицензиялау басқармасы басшысының орынбасары Сәметай Дәулетханов.
Оның сөзінше, өткен жылдың 19-шы қарашасында екінші рет тексеріс ұйымдастырылған. Нәтижесінде мердігер компанияның осыған дейін анықталған кемшілікті түзетпегені белгілі болған.
"Тексерістен соң іс прокуратураға жолданып, "ISHEDO Energy" ЖШС-ға айыппұл салынды және құрылыс жұмысын тоқтату туралы шешім шықты, – дейді облыстық сәулет-құрылыс лицензиялау басқармасы басшысының орынбасары.
Мердігер компания адамдардан алдын ала алған 700 млн теңге қаржыны да қайтармай қойған екен. 2016 жылдың 6-шы сәуірінде өткен сотта іс тапсырыс беруші мекеменің пайдасына шешіліпті. Осылайша жоғарыда көрсетілген қаржы Астана банкі арқылы "Бәйтерек Development" АҚ-ға қайтарылатын болған. Алайда кінәлі тарап қаржыны қайтармаудың түрлі жолын қарастырып, түлкібұлаңға сала берген.
Даулы іс мұнымен бітпейді. Өткен жылдың 28-ші қарашасында Талдықорған қалалық құрылыс бөліміне "Бәйтерек Development" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әділбек Ысқақтың атынан хат келіп түседі.
Онда: "Бәйтерек Development" АҚ мен "ISHEDO Energy" ЖШС арасындағы сот ісінің қайта қаралуына байланысты әзірленген келісімшарт Жоғарғы соттың шешімі шығарылғаннан кейін іске асады", – делінген.
"Бәйтерек Development" АҚ-ның бір топ лауазымды тұлғаларының тұтқындалуы жаңа қонысқа асығып жүрген үлескерлердің алып ұшқан көңілін су сепкендей басты.
"Сот ісі бітпей құрылыс басталмайды. Бірақ "Бәйтерек Development" құрылыс нысандарын күзету үшін "Найза-Нұр-Секьюрити" ЖШС-мен келісімшартқа қол қойған. Қазір барлық нысан күзетшілердің бақылауында. Мәселе шешілсе, құрылыс басталады", – дейді Талдықорған қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Сайд Дәрменов.
Қазір 5 үйдің ауласын абаттандыру, су, жарық, жылу желісін тартумен айналысатын мекеме мен қалалық құрылыс бөлімі арасында түсініспеушілік туып жатыр. Мұның кесірі осы үйлердің айналасына салынып жатқан құрылыс нысандарының инфрақұрылымын жақсартуға да кері әсерін тигізіп отыр.
"2014 жылы бұл үйдің әр шаршы метрі 118 мың теңге болды. Қазір нарықтағы жағдай басқа, құрылыс материалының да құны өзгерген. Бүгінгі таңда "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша салынып жатқан әр үйдің шаршы метрі 180 мың теңгеге бағаланғанын білеміз. Ал "Бәйтерек Development" өкілдері 5 үйдің әр шаршы метрінің құнын 140 мың теңгеден асырмаймыз деп отыр", – дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Әсет Шаяхметов.
Айта кетейік, 5 үйдің дауы облыстық мәслихат депутаттары арасында да талқыға салынды.
"Бес үй төңірегіндегі дау "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңның шикілігінен туып отыр. Сондықтан аталған заңды жетілдіру қажет. "ISHEDO Energy" ЖШС бұдан бұрын да облысымыздағы бірнеше нысанның тендерін ұтып алып, құрылысын бітіре алмаған болатын. Әу бастан олардың 5 үй тұрғыза алмайтыны белгілі еді, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты, "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша депутаттық фракция жанындағы кеңес төрағасы Ызғарбек Бектұрсынов.