Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры (ТҮКҚБҚ) биыл Астана, Алматы, Шымкент, Орал қалаларындағы 16 үйдің құрылысын аяқтауға кепіл болды.
Қордың басқарма төрағасы Данияр Жұмашов құрылысты аяқтау үшін 56,4 млрд теңге бөлінгенін жариялады.
"Қор 4 145 отбасының қоныс тойын тойлауына атсалысты. Бұл 15 мың адам үйлерінің құрылысы аяқталатынына күмәнсіз сенді деген сөз. Атап көрсетерлігі, ТҮКҚБҚ кепіл болған үлескерлердің басым бөлігі пәтерлерінің кілтін алды. Барлық тұрғын үйлер дер кезінде тапсырылды", – деді басқарма төрағасы.
Данияр Жұмашовтың айтуынша, алдағы уақытта үлестік құрылыс нарығының аясы кеңейеді.
"В 2007-2008 жылдары үлестік құрылыс нысандарының 90%-ы халықтың қаражатымен қаржыландырылды. Шын мәнісінде қаржыландырудың мұндай түрі өте қауіпті саналады. Мердігер құрылысқа 30-40% шамасында ақша салып, қалған 60-70%-ын үлескерлерден тартса, алаңдамауға болады. Десекте Астана, Алматы қалаларындағы мердігерлер жоғарыдағы көрсеткішпен жұмыс істей алмайды. Себебі олар бір уақытта бірнеше тұрғын үйдің құрылысын қатар жүргізеді. Оның әрқайсысына 30-40% ақшаны өз қалтасынан құю қиындық туғызады. Ал аймақтардағы мердігерлер бір мезетте әрі кетсе 2 нысанның құрылысын жүзеге асырады. Сондықтан олар қиналмайды", – деді басқарма төрағасы.
Сөз арасында Данияр Жұмашов биыл тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысына кепілдік беру жоспарынасыра орындағанын баяндады.
"2018 жылдың басында "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кепілдендірілген көлемді 40,1 млрд теңгеге жеткізу көзделді. Іс барысында нақты нәтиже 56,4 млрд теңгені құрады. Үлестік құрылыс нарығының 7%-ын қамтуды жоспарлаған қор нарықтың 14% -ын өз дегеніне көндірді. Жалпы, қордың жарғылық капиталы жобалық құны 200 млрд теңгеге дейінгі тұрғын үй құрылысының нысандарына кепіл бола алады", – деді Данияр Жұмашов.
Айта кетейік, ТҮҚКБҚ мердігерлерде төтенше жағдай туындаған кезде үлескерлерге тұрғын үйді өз қаражаттарына салып бітіретініне кепіл болады. Несие беруші банктерге ТҮКҚБҚ салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға берілетін үлескерлердің несиелеріне кепілдік береді және үлескерлер дефолт болған кезде несие сомасын өтейді. Қор құрылысқа үлескерлердің қаражатын тартуға, құрылысты қаржыландыру құнын төмендетуге және құрылыстың басынан бастап тұрғын үйді сатуға жағдай жасайды.
Қанат Махамбет