Үлгермей қалмаңыз: Жаңа Салық кодексі келесі жылы баспана бағасын күрт қымбаттатады

2386

Кәсіпкерлер жаңа кодекстің күшіне енуін үрейлене күтіп отыр. 

Үлгермей қалмаңыз: Жаңа Салық кодексі келесі жылы баспана бағасын күрт қымбаттатады Фото: freepik

Мәжіліс биылғы 2 қыркүйекте басталатын жаңа, үшінші сессиясында депутаттық корпус жаңа Салық кодексін қабылдау бойынша жұмыс істейтінін жариялады.

Бұл құжат отандық бизнеске түскен ауыртпалықты арттыруы мүмкін. Кәсіпкер, Respublica партиясының тең төрағасы Максим Барышевтің айтуынша, қолданыстағы кодекстің өзінде жалақыдан ұсталатын және бюджет пен түрлі қорларға аударылатын төлемдер мен салықтардың 8 түрі бар және олар жалақы қорының 36%-ына дейін жетеді.

"Ал, енді "осы кодексті оңтайландырамыз" деген сылтаумен бізге одан да күрделі кодекс ұсынып, салық көлемін өсіруді көздеп отыр. Бізге айыппұлдарға емес, бизнесті дамытуға ынталандырушы жағдайларды жасауға бағытталған қарапайым және түсінікті Салық кодексі қажет", – деді кәсіпкер.

Жаңа Салық кодексінде бизнестің бірқатар саласы үшін корпоративтік табыс салығын арттыру жоспарланған. Мұны Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлім етті.

Оның айтуынша, жаңа кодекс бюджет кірістерін өсіруі керек, сондай-ақ экономикадағы өсімді де ынталандыруға тиіс.

Айта кету керек, биылғы 2024 жылы бюджеттің тапшылығы ел тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық дәрежеге – 3,5 триллион теңгеге жетеді.

Салыстырсақ, 2010 жылы Қазақстанның бүкіл республикалық бюджеті 3 трлн 897 млн теңге болған. Қазіргі кезде тек бюджеттің дефицитінің өзі сол кездегі бүкіл бюджеттің көлеміне жуықтап қалды.

Вице-премьер сондай-ақ 1,3 триллион теңгеден астам сомаға салық жеңілдіктерін қысқарту және салықтар мен алымдарды оңтайландыру жоспарланып отырғанын хабарлады.

"Мемлекет басшысы салықтық жеңілдіктердің кем дегенде 20%-ға қысқарту міндетін қойды. Біз жағдайды жалпы бағалау бойынша жұмыс жүргіздік және енді нақты шараларды ұсынамыз", – деді Нұрлан Байбазаров. 

Мемлекеттің бақылаушы органдарының бизнеске қысымы зор, тиісті құралдары да мол. Мысалы, уақытында төленбеген салық бойынша берешек 10 теңге (мың емес) ғана болса да, кәсіпорын-компанияның есепшотын жауып тастайды.

Бұл ретте бизнес алым-салығын дер кезінде аударса да, салықтық, ақпараттық жүйелердегі көптеген ақаулар, қателіктер кесірінен ұсақ-түйек берешектер өздігінен туындап тұрады. Сондықтан кәсіпкерлер мұндай кесірлі тәжірибеден түбегейлі бас тартуды сұраған.

Бас тартпайды екен. Үкімет тек бұғаттауға негіз болатын берешек сомасын арттыруға келісіпті. Учет.kz онлайн-платформасындағы конференцияда Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтқандай, мәжбүрлі өндірту шараларын қолдану үшін 6 АЕК (2024 жылы 22 152 теңге) шегі бекітілді.

Енді кәсіпорынның есепшотын, тиісінше бүкіл қызметін бұғаттамау үшін (есепшоты жабылса, жалақы, бюджет пен қорларға алым-салық аудара алмайды, өнім жеткізушілермен есеп айырыса алмайды), Үкімет сараланған-дифференциялы шекті ұсынып отыр:

  • 20 АЕК-ке дейінгі берешек үшін – хабарлама жолдау,
  • 20-45 АЕК үшін – хабарлама бағыттау, егер өтемесе – мәжбүрлі өндіру шараларын қолдану – банктік есепшоттарын бұғаттау, инкассалық ұйғарымдар шығару,
  • 45 АЕК-тен көп болса, қалған жазалау шаралары, мысалы, мүлкін тартып алып, сот арқылы мәжбүрлі сату және басқасы қолданылмақ.

Жалпы, кәсіпкерлердің айтуынша, билікпен ауызжаласқан арамза тұлғалар дәл осы тетікті рейдерлік шабуыл үшін қолданады. Мысалы, салықты немесе әлеуметтік төлемдерді бірер мың теңгеге аз төледі деп есепшоттарын ұзаққа бұғаттайды, соңынан кәсіпорынды бар дүние-мүлкімен бірге тәркілеткізіп, "тиын-тебенге" сатып алады. Құжат жүзінде бәрі заңды. Жаңа Салық кодексі, салықтық реформа аясында биліктің бұл тетікті жоймағаны тіксінтеді.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда бюджетке негізгі салықтық түсімдерді небары 1 700 кәсіпорын ғана қамтамасыз етеді. Жаңа реформа олардың қатарын тіпті сиретіп тастамаса, жөн.

Президент жаңа Салық кодексін қабылдау бастамасын көтергенде, салықтар мен бюджетке міндетті төлемдердің санын кем дегенде 20%-ға қысқартуды тапсырған еді. Үкімет бұл тапсырманы формальды түрде орындады және соншаға азайтты. Алайда сарапшылар сапа мен көлем жөнінен өзгеріс мардымсыз екенін айтып жүр. Салдарынан, бизнеске түсетін ауыртпалық елеулі жеңілдемейді.

Мысалы, Азамат Әмриннің дерегінше, қолданыстағы 11 төлемнің 3-еуі жойылады. Соның бірін – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемді таяуда Парламент жойды. Екінші жойылатыны – көшеде, сыртқы жарнаманы орналастыру үшін төлем болмақ. Үшіншісі – қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу үшін талап етілетін лицензияны пайдалану үшін төлем.

Қалғандарын Үкімет өзара біріктіру, бір-біріне қосу арқылы қысқартады. Мәселен, жерүсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем, орман пайдаланғаны үшін төлем және жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлем біреуге біріктіріліп, табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлем деп аталмақ.

Жалпы алғанда, төлемдердің ставкаларының саны 77-ге дейін қысқартылады.

Ұлттық экономика вице-министрі жаңа Салық кодексінде корпоративтік табыс салығы (КТС) ойын бизнесі мен банк секторы үшін 20-дан 25%-ға ғана артатынын жеткізді. Сарапшылар одан да көп арттыруды ұсынған. Дамыған елдерде бұл сан 45 пайызға дейін жетеді. Бірақ Үкімет казино, букмекерлік кеңселер мен банкирлерді аяғанға ұқсайды.

Шағын бизнес үшін салық керісінше, екі еседей артуы мүмкін. Қолданыстағы "Шағын бизнеске арналған режим" бойынша оңайлатылған декларация аясында салық төлейтіндердің салығы 3%, бөлшек салық 4%. Мәслихаттарға соңғы салық көлемін жергілікті кәсіпкерлер үшін 50% төмендету мүмкіндігі берілген.

Енді, Әмриннің айтуынша, B2C үшін салық ставкасы – 2%, B2С үшін – 8% болмақ.

Оның үстіне бұл салық ставкасын пайдалану үшін бұдан былай шағын бизнестің жылдық табысы 500 миллион теңгеден аспауға тиіс. Бұл кәсіпкерлердің өз бизнесін одан ары бөлшектеуіне итермелеуі ғажап емес.

Inbusiness.kz-ке сұхбатында, салық консультанты Елена Коломейцева жаңа Салық кодексі салдарынан елдегі баспана бағасы күрт шарықтауы мүмкін деген қауіп білдірді.

Құжат жобасына сәйкес, құрылыс компаниялары тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді сату кезінде пайдаланатын салықтық жеңілдіктерінен айрылады. Бұл дегеніміз, құрылыс компанияларына 12% қосылған құн салығын тұрғын үй құнына қосуға тура келеді деген сөз. Сөйтіп, жаңа Салық кодексі халықтың басым бөлігінің мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін. 

"Көппәтерлі тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді сату кезінде ҚҚС-тан босатуды алып тастау салмақты қауіп тудырады және халық пен баспана нарығы үшін теріс салдарларға соқтыруы ықтимал. Бүгінде пәтерлерді өткізу ҚҚС-тан босатылған, бұл баспананың халыққа қолжетімді бола түсуіне үлес қосады, компаниялардың оны арзандау сатуға, акция-науқан жариялауға мүмкіндігі бар. Алайда жаңа кодекс жобасы бұл жеңілдіктен бас тартуды қарастырады. Бұл Қазақстанда пәтерлердің 12%-ға күрт қымбаттауына соқтырады. Соның кесірінен, баспана бұқара үшін мүлдем қолжетімсіз болып қалады", – деді сарапшы Елена Коломейцева

Ол сондай-ақ әлеуметтік сала қызметтеріне 10% корпоративтік табыс салығын енгізу де қатты алаңдатып отырғанын жасырмады. Себебі, бұл медициналық орталықтардың, стоматологиялық қызметтердің, балабақшалар мен мектептердің және басқасының қымбаттап, халыққа қолжетімсіз болуына әкелуі мүмкін.

Бұған қоса, әлеуметтік салалардың онсыз да төмен инвестициялық тартымдылығы ары қарай құлдырайды. Жеке инвесторлар салықтық ауыртпалықтың салмақты өскенін байқап, әлеуметтік нысандарды ашуға қаржы салудан бас тартады. Жеке сектордың қолдауынсыз әлеуметтік сала дағдарып, толығымен бюджеттің мойнына масыл болуы мүмкін. Бюджеттік тапшылықтың триллиондап өсетіні сонда болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу