Үлкен Алматы айналма жолы 2021 жылы ашылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
8944

Түркістан қаласы әуежайының құрылысына инвестор қажет.

Үлкен Алматы айналма жолы 2021 жылы ашылады

Бұл туралы үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлімдеді.

Ведомства басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. Айтуынша, бүгінде министрлікке қарасты салалар бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 32 жоба іске асырылып, пысықталу үстінде. Жобалардың10-ы – республикалық, 22-сі – өңірлік.

Атап айтқанда, автожол саласында 4 жоба, темір жол көлігі саласында 2 жоба, азаматтық авиация саласында 2 жоба, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергия үнемдеу саласында 21 жоба қолға алынған.

"Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын салу және пайдалану" жобасы бойынша қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жол 2021 жылы ашылады. Күтілетін жол трафигі – тәулігіне 38 мың автомобиль", – деді Роман Скляр.

2018 жылғы 22 маусымда "Алматы-Қорғас" (Батыс Еуропа – Батыс Қытай) автомобиль жолы учаскесінде "Нұр жолы" өткізу пункті пайдалануға берілді. Министр атап өткендей, концессионер тарапынан келісімшарттық міндеттемелер толық көлемде орындалуда. Бүгінде автокөлік құралдарын тексеру 4 есе қысқарған. Жүк тасымалы бойынша тәуліктік трафик 200 автомобильді құрайды.

Сондай-ақ республикалық маңызы бар 11 мың шақырым автожолға ақылы жол жүйесін енгізу және қызмет көрсету жобасы іске асырылуда.

"Ұзақтығы 153 шақырым болатын "Шар-Өскемен" теміржол желісінің жоба құрылысы жүзеге асырылды. Концессия кезеңі 2028 жылға дейін анықталып, кейіннен "Қазақсан темір жолы" ұлттық компаниясының желісіне беріледі. Бүгінде Шар-Өскемен желісінде жүк тасымалдау көлемі жылына 9 млн тоннадан асады", – деді Роман Скляр.

2020-2022 жылдар аралығында ұзындығы 73,2 шақырымдық "Алматы станциясын айналып өтетін темір жол желісін салу" жобасы бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Бұдан бөлек қазір Түркістан қаласы әуежайының құрылысына әлеуетті инвесторларды іздеу жүргізілуде.

"Ағымдағы жылдың наурыз айында еліміздің барлық әуежайында қазақстандық авиакомпаниялардың қатысуымен жүк авиатасымалдары саласында (e-Freight) қағазсыз құжат айналымы жүйесі тесттік режимде іске қосылды. Қазіргі уақытта аталған қаржы және ауыл шаруашылығы министрліктерінің ақпараттық жүйелерімен интеграция мәселесі пысықталуда", – деді министр.

Ведомства басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторында  21 жоба іске асырылып жатқанын айтты.

"Энергия үнемдеу саласындағы жобалар Павлодар, Атырау, Алматы, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында іске асырылуда. Жылумен жабдықтау жобалары Алматы, Ақмола  және Шығыс Қазақстан облыстарында қолға алынған. Сумен жабдықтау бойынша бір жоба Маңғыстау облысында жүзеге асырылуда", – дейді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Еске сала кетейік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін кеңінен қолдануға болатын әлеуетті сала болып табылады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу