Үлкен дағдарыс келе жатыр ма?

5644

Еуропа қайта құру және даму банкінің кеңесшісі, Грузияның экс-Премьері Георгий Квирикашвили экономикалық дағдарыс және пандемия жайында айтты. 

Үлкен дағдарыс келе жатыр ма?

Қазіргі кезде әлемдік экономикаға медициналық сала мәселелері үстемдік етіп тұрғаны мәлім. Грузия бұл қиындықты қаншалықты табысты еңсеруде? Беделді кеңесші ретінде әлемдегі жағдай ары қарай қалай өрбиді деп ойлайсыз?

Бұрынғы кеңестік елдер арасында 4 миллиондай халқы бар Грузия бұл салада әлдеқайда табысты деуге болады. Коронавирус індетіне 8 мыңнан аса адам шалдықты. Өкінішке қарай, 50 адам қайтыс болды. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанда COVID-19 дертін 108,2 мың адам жұқтырып, 1 мың 700-ден астам азамат қайтыс болғаны белгілі. 10 млн халқы бар Әзербайжанда 40,5 мыңнан астам адам ауырып, 596-сы көз жұмды. 3 миллиондай тұрғын мекендеген Арменияда КВИ індеті 52 мыңнан астам адамға жұқты, оның 977-сі қайтыс болған.

Грузияның артықшылығы неде? Бірінші кезекте елімізде Lugar Center for Public Health Research Laboratory деп аталатын үлкен зертхана болды және ол бірден іске кірісті. Оны кезінде АҚШ қаржыландырып тұрғызған-тын. Табысымыздың екінші маңызды факторы – қоғамдағы үлкен пікірталастарға қарамастан, халық билікке сенді және оның індетпен күрес шараларын қолдады. Нәтижесінде, пандемиямен күресте Грузиядағыдай жетістіктерімен мақтана алатын елдер әлемде аз.

Грузия о бастан өте қатаң шектеулер енгізді. Үкіметіміз елді толық карантинге жапты. 3 апта бойы бірде-бір адам үйінен рұқсатсыз шыға алмады. Елдімекендерде тек азық-түлік дүкендері ашық тұрды. Аурухана, жедел жәрдем ғана жұмыс істеді. Үкімет бизнес пен халықты пәрменді экономикалық қолдау шараларын қабылдады. Жұмысынан айырылғандарға жәрдемақы берілді, өтемақы жасалды. Ең көп зардап шеккен туристік бизнес үшін субсидия ұсынды. Қонақүйлер өз ғимаратын адамдарды оқшаулауға және стационарлық емдеуге табыстады. Осы шаралардың бәрі мүлтіксіз әрі жүйелі үйлестірілді. Соның арқасында маусым айының басында пандемияның беті қайтып, бизнесті, экономиканы дамыту мүмкіндіктері пайда болды. Грузия шетелдіктерге де келуге жол ашты. Бірақ бұл артынша КВИ-дің қайта күш алуына соқтыруда. Кейінгі кезде Грузияда індет статистикасы өсе бастады.

Мұндай құбылыс көптеген елде белең алуда. Бұл жаһандық экономиканы қаусатып кетпей ме?

Бақытымызға қарай, қазіргі кезде билік пен денсаулық сақтау жүйесінің дайындығы жақсырақ. Мен алдағы айларға қатысты екі маңызды жайтқа тоқталғым келеді. Біріншіден, кез келген мемлекетте билік пен халық топтаспаса, күресте бірауызды болмаса, тәртіп сақтамаса, ол экономиканың құлдырауына, ел тұрмысының күрт төмендеуіне, саяси тұрақтылықтың шайқалуына соқтыруы ықтимал. Биліктегілер азаматтық қоғаммен, жұртшылықпен, оппозициямен тіл табысуы, диалог құра білуі керек. Онсыз енді күресу тиімді мүмкін болмайды. Екіншіден, өз ісін және не істеу керектігін білетін ғалымдарға көбірек сөз беру керек.

Посткеңестік кеңістік екінші толқынға дайын болуы керек. Бірақ өңір бүгінде толыққанды әзір отыр деу қиын. Бұған Әзербайжан мен Армения арасында басталған әскери қақтығыс нұқсан келтіріп отыр.

Бұл тұрғыда Орталық Азияда да үлкен тәуекелдер сақталуда. Мысалы, Қазақстанда күресті үйлестіру жағы ақсап жатқаны байқалады.

Пандемиямен жеке күресудің, әр елдің өзінше оқшаулануының экономикалық зияны бар. Посткеңестік кеңістіктегі елдер осы күресте күш біріктіруі, өзара ақпарат алмасуы, дәрі-дәрмекке қолжетімділікті арттыруы, күресте бірыңғай әдіс-амалдарды қолдануы қажет. Сонымен бірге аймақ елдері арасындағы шекаралардың ашылуына күш салған жөн. Сонда бұл пандемия жағдайында өзара сауданың өрістеуіне, инвестицияның құйылуына, тіпті туризм, қонақ күту және жатын орын ұсыну индустриясының ары қарай өркендеуіне мүмкіндік берер еді. Сөйтіп, бұл экономикаларымыздың өсуіне дем береді.

Әзірге біздің аймақ ішіндегі сауданың өзі тоқырауда.

Кейбір сарапшылар әсіресе дамушы елдердің ұлттық валютасына үлкен девальвация төніп келе жатыр деген пікір айтады. Мысалы, Түркияның лирасы 21 пайызға құлады. Қазақстанның теңгесі де тоқтаусыз құнсыздануда. Бұл үрдіс тоқтай ма, әлде одан әрі өршуі мүмкін бе? Аймақ елдері экономикасының ахуалы не болады?

Жаһандық экономиканың қайта қалпына келуіне қатысты осының алдында біршама оптимизм болған. Алайда енді әлем экономикасы алдағы айларда көтерілуі қиын деген болжам бар. Әсіресе, Орталық Азия және Кавказ өңіріндегі елдердің ахуалы күрделі. Инвесторлар тарапынан дамушы елдерге қатысты сенімсіздік пен скептицизм өсуде. Мемлекеттер бұған протекционистік шаралармен жауап беруде. Мұндағы көптеген ел шикізатқа, соның экспортына тәуелді.

Оның үстіне іргелі факторлар да қосылуда. Мысалы, өңір елдерін өзара байланыстыратын инфрақұрылым – жолдар, құбырлар және басқасы толық әрі тиімді қолданылмайды.    

Пандемия жағдайында интеграция кері кетпеуі, керісінше, ілгері басуы керек. Шекаралардың өзара сауда-саттыққа ашылуы, жүк көліктерінің және басқасының шекарада қаңтарылмай, еркін кесіп өтуі, кедендік тазалау рәсімдерінің жеңілдеуі секілді мәселелерге баса мән берген жөн. Бұл тараптағы түйткілдер мейлінше тезірек шешімін табуы қажет.

Өңірде банктердің өтімділігімен, қаражатпен байланысты проблемалар қордалануда. Ендеше алдағы айларда мемлекеттер үшін медициналық көмек көрсету, бизнесті қолдау, қаржылық сектордың тұрақтылығын сақтап қалу, салық жинау, төлем балансын құлдыратпау және цифрландыру – басты мәселелерге айналады.

Халықаралық қоғамдастық вакцинаның пайда болуын күткен. Бірақ жетекші елдердің өзінде бұл бағыттағы зерттеулер ұзады. Әлі күнге дейін бірде-бір тиімді вакцина жоқ. Ол қашан дайын болады?

Кейбір деректер бойынша қазіргі уақытта шамамен 30 озық вакцина ІІ және ІІІ сатыдағы клиникалық сынақтардан өтуде. 2021 жылдың екінші тоқсаны басталғанға дейін вакцина қолжетімді болады деген болжам айтылуда. Дегенмен, оған қолжетімділік қандай болады? COVID-19 вакциналарына қол жеткізудің жаһандық қоры (COVAX) арқылы барлық мемлекеттерге тең таратылуы мүмкін. Болмаса, фармкомпаниялар өзімен келісімге отырған елдерге тікелей жеткізуі де ықтимал. Әзірге тетіктері пысықталу үстінде. Грузия Ковакспен уағдаластыққа келді, оның зерттеулерін, сынақтарын сүйемелдеуге қатысуда. Қазақстан да қарап қалмайды, қам-қарекетін жасайды деген сенімдемін.

Бұл жерде әлемде басқа мәселе бас көтеруде. Ковид-диссиденттер және вакцина атаулыға бұрын қарсы болған адамдар коронавируске қарсы препараттан да бас тартуы мүмкін. Мысалы, соңғы сауалнама бойынша ресейліктердің 73 пайызы КВИ-ге қарсы вакцинациялануға келіспейтінін мәлімдеді. Тек 23 пайызы ғана екпе салдыруға дайын. Мемлекет вакцинаның қауіпсіздігін паш ететін тың тәсілдер ойлап тауып, халықтың сеніміне ие болғаны маңызды.

Орталық Азия экономикасы қашан қалпына келеді?

Орталық Азия мен Кавказ елдерінің болашағы цифрландыруда деген сенімдемін. Онсыз даму жоқ. Яғни, осы салада ілгері озған ел тез сауығады, ілгері адымдайды. Әзірге біраз республика "электронды Үкімет" құру жолымен жүріп келеді. Бірақ ол жеткіліксіз. Аймақ елдері цифрландыру ісіне соны серпін беруге мұқтаж. Әйтпесе, жыл өткен сайын дамыған елдерден артап қала береді. Ол елдермен арамыздағы цифрлық алшақтық өседі. Бұл өте маңызды міндет. 

Экономикалық өсімге түрткі болатын салалардың бірі – жасыл технологиялар. Мемлекет экономиканың, кәсіпорындардың соған көшуін қолдағаны маңызды. Сондай-ақ Қазақстан секілді мұнай-газ сатуға бағдарланған елдерге бұл беталысын, стратегиясын өзгертуге тура келеді. Себебі, әлемде көмірсутек бағасы енді құлдырай беруі ықтимал.

Аймақ экономикасы қашан қайта қалпына келеді деген сұраққа келсек, оның жауабын біз білмейміз. Өйткені ары қарай, бірнеше ай не бір жыл ішінде індет не жасайтынын, оқиғаның қалай өрбитінін білмейміз. Демек, болжамдардың бәрі негізінен интуицияға құрылады. Ал оған сенуге бола ма? Біз тек 2021 жылдың ІІІ тоқсанынан бастап әлемде экономиканың қалпына келуі басталады деп үміттеніп отырмыз. Бірақ екінші толқын алапат болмаса әрі үлкен зиян келтірмесе ғана солай болады.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбат Central Asia Nobel Fest форумы аясында жүргізілді.  

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу