"Үлкен Күрмеудің" басты фавориттері кімдер?

442

111-ші мәрте ұйымдастырылып жатқан "Тур де Франс" 2024 жылдың 29-маусымында Италияның Тоскана аймағындағы Флоренциядан бастау алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Үлкен Күрмеудің" басты фавориттері кімдер? Фото: insports.kz

Жарыс жолы 

Ұзақтығы 3498 шақырымды құрайтын "Тур де Франс 2024" бағыты Апеннин таулары, Альпі, Орталық Массиф, Пиреней, Альпі таулары арқылы өтіп, Кот-д’Азурда аяқталады. Осылайша, 2024 жылғы "Үлкен күрмеу" Италия, Сан-Марино, Монако және Франция арқылы өтеді. Француз Гранд Туры тарихта алғаш рет Парижде емес, 2024 жылдың 21 шілдесінде Ниццада аяқталады. Жарыс жолына 22 командадан 176 велошабандоз шығады.

Осыдан тура 100 жыл бұрын Оттавио Боттеккьяның "Тур де Франстың" алғашқы италиялық чемпионы атануына байланысты ұйымдастырушылар биыл жарыс жолын Италиядан бастауды жөн санаған. Алғашқы үш кезеңнің бағытын жарысқа жауапты бас маман Кристиан Прудомме италиялық телеарналар арқылы жариялады:

Сенбі, 29 маусым – бірінші кезең: Флоренция – Римини, 205 шақырым

Жексенбі, 30 маусым – екінші кезең: Чезенатико – Болонья, 200 шақырым

Дүйсенбі, 1 шілде – үшінші кезең: Пиаченза– Турин, 225 шақырым

Кезеңдер 8 және 15 шілдеден басқа күндері  күн сайын жоспарланған бағыт бойынша өтеді. Спортшылар алғашқы төрт күнді Италия мен Сан-Маринода өткізеді. Шабандоздар сайысты 29 маусымда Флоренцияда бастап, Адриатика теңізіне барып, одан Францияға бет алады. Онда көпкүндік жарыстың негізгі бөлігі өтеді. Шабандоздар солтүстікке қарай Валлуардан Труаға дейін, одан кейін оңтүстікке қарай Жерорта теңізінің жағалауына дейін барады. Ал жарыс жолы Ниццада мәресіне жетпек.

Жарыстың форматы

Тур де Франстағы жарыс бірден бірнеше санатта өтеді. Әр топтың кқшбасшылары жолда ерекшелену үшін арнайы түсті жейделерді киеді.

Жалпы классификация. Бұл кез келген гранд-турдың ең беделді классификациясы. 21-ші кезеңді аяқтау уақыты қорытындыланып, жеңіс бүкіл кезеңдік жарыстың ең жылдам қатысушысына беріледі. Жалпы классификацияны әдетте бүкіл маршрутта және кез келген рельефте тұрақты түрде жақсы өнер көрсете алатын жан-жақты шабандоздар жеңеді. Классификация көшбасшысы сары жейде киеді.

Спринт жарысы. Әр кезеңнің үздік 15 шабандозы жеке кестеде жинақталған спринт ұпайларын алады. Кезеңдегі ұпай саны жер бедерінің түріне байланысты: жазық жерлерде 50-ге дейін, таулы жерлерде — 30-ға дейін, қалғандарында —  20 ұпайға дейін алуға болады. Классификация көшбасшысы жасыл жейде киеді.

Таулы аймақтың үздік шабандозы. Әр кезеңнің үздік спортшылары ұпайлармен марапатталады. Бірінші санаттағы жеңімпаз он ұпай, екіншісінде — бес, үшіншіде — екі, төртіншіде — бір ұпай алады. Сондай-ақ, еңіс деңгейі 8% және ең кем дегенде 15 шақырым болатын жоғары санаттағы кезеңдер бар. Бұл кезеңнің жеңімпазы 20 ұпай алады. Классификация көшбасшысы қызыл нүктелері бар ақ жейде киеді.

Жастар классификациясы. 1997 жылғы жарыс кезінде қайтыс болған 24 жастағы италиялық Фабио Казартеллидің құрметіне Souvenir Fabio Casartelli деп те аталады және 26 жасқа толмаған қатысушылар арасында сарапқа салынады.

Командалық классификация. Оған кемінде үш спортшыдан тұратын командалар қатысады. Әр кезеңнен кейін әр команданың ең жылдам үш шабандозының қорытындысы шығарылады. Классификация көшбасшылары сары жейде нөмірлері арқылы анықталады.

Жарыстың басты фавориттері 

"Тур де Франстың" екі дүркін жеңімпаздары Йонас Вингегор мен Тадей Погачарға мықты командалар қолдау көрсетіп, жарыс жолына бабында шығады. Басты үміткерлердің бірі — Примож Роглич. Ол Критериум Дофинеде жеңіске жетіп, тағы бір мықты команданы "Тур де Франсқа" бастап келеді. Сонымен қатар Йонас Вингегор,  Ремко Эвенепул, Карлос Родригес сынды атағы жер жарған шабандоздар да жеңістен үмітті.

Astana Qazaqstan Team шабандоздары "Тур де Франсқа" қатысады

Жыл сайынғы дәстүр бойынша биыл да елордалық шабандоздар "Үлкен Күрмеуде" сынға түседі. Биыл қазақстандық команда спорт директорлары Дмитрий Фофонов, Марк Реншоу, Стефано Занинидің жетекшілігімен жарыс жолына Марк Кавендиш, Микаэль Мёркёв, Алексей Луценко, Евгений Федоров, Кейс Бол, Харольд Техада, Давиде Баллерини, Микеле Гадзоли шығады.

Айта кетейік, 29-маусым күні басталатын велодода 21-шілде күні мәресіне жетпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу