"Ұлт тағдырының" өкілі сайлаудың келесі кезеңіне кірісті

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2491

ОСК президенттікке кандидат Әміржан Қосановты талапқа сай деп таныды.  

"Ұлт тағдырының" өкілі сайлаудың келесі кезеңіне кірісті Фото: election.gov.kz

Қазақстан президенттігіне үміткер Әміржан Қосанов ҚР Конституциясының және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның талаптарына сай.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ақылбек Ихдановтың баяндауынша, "Ұлт тағдыры" бірлескен ұлттық-патриоттық қозғалысы" қоғамдық бірлестігі ұсынған Әміржан Қосанов 27 сәуір күні тиісті құжаттарын Орталық сайлау комиссиясына тапсырған.

"Кандидаттың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруде уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салынып, тиісті мәліметтер алынды", – деді Ақылбек Ихданов.

Ал 29 сәуір күні Әміржан Қосановтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы өтті.

"Өткізілген емтиханның нәтижелері бойынша лингвистикалық комиссия Әміржан Қосановтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жөнінде шешім қабылдады", – деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.

Осылайша, Орталық сайлау комиссиясы Әміржан Қосановтың тумысынан Республика азаматы болып табылатындығын, соңғы 15 жыл ішінде Қазақстанда тұратындығын, жоғары білімі бар екенін анықтады.

"Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің мәліметтері негізінде кандидаттың соттылығының жоқтығын, сот сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартпағанын, белсенді сайлау құқығына ие екендігін, мемлекеттік қызметте кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі бар екендігін анықтады", – деп нақтылады Ақылбек Ихданов.

Енді Әміржан Қосанов келесі сынақтың қамына кіріспек. Яғни, қол жинауы керек.

"Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Республика астанасының сайлау комиссияларына президенттікке кандидатты қолдау үшін қол жинауға қол қою парақтарын Әміржан Қосановқа беру тапсырылды", – деді Ақылбек Ихданов.

Қол жинауды кандидаттың сенім білдірген адамдары жүзеге асырады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу