Ұлттық банк 2030 жылға дейінгі ақша-несие саясаты стратегиясын мақұлдады

2023 жылдан бастап реттеуші экономиканы несиелеу бағдарламаларынан шыға бастайды. 

Ұлттық банк 2030 жылға дейінгі ақша-несие саясаты стратегиясын мақұлдады

Мемлекет басшысы 2020 жылғы жолдауында "ақша-кредит саясатын жаңадан қарау" туралы айтқан. Ұлттық банк осы тапсырманы іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі стратегиясын әзірлеп, бекітті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің тезисінде айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz

"Біздің негізгі мақсат – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Қазақстандағы сияқты басқа да елдердегі инфляциялық таргеттеуге өтудің тәжірибесі талданды, сондай-ақ трансмиссиялық тетіктің тиімділігін шектейтін ағымдағы кедергілер қаралды", - делінген Ақылжан Баймағамбетовтің тезисінде.

Төраға орынбасарының түсіндіруінше  Стратегия ақпанда қабылданған 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын ескере отырып, кедергілерді жоюға және толыққанды инфляциялық таргеттеу режиміне өтуді аяқтауға мүмкіндік беретін негізгі басымдықтар көрсетілген. 

Құжат жобасы қабылданар алдында халықаралық қаржы институттарымен, соның ішінде ХВҚ, Дүниежүзілік Банк, ЕҚДБ-мен, сондай-ақ қазақстандық сарапшылар, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы және банк секторының өкілдерімен Стратегия жобасын талқылау бойынша бірнеше отырыс өткізіліп, пысықталған соң қабылданған. 

2015 жылы инфляциялық таргеттеу режиміне көшкен сәттен бастап Ұлттық банк оның "төрт тірек" деп аталатын негізгі элементтерін енгізген. Бұл құбылмалы валюта бағамы, пайыздық саясат, ашық байланыс, талдау және болжау жүйесі.
Ақылжан Баймағанбетов енгізілген режимді "өтпелі" деп сипаттады. Өйткені құрылымдық шектеулер бар, нәтижесінде ақша-несие саясатының елдегі инфляциялық процестерге әсері әлсіреді. Бұл көбіне экономиканың төмен әртараптандырылуымен, импортқа тәуелділіктің жоғары болуымен, қаржы нарығының жеткілікті дамымауымен, жеңіл фискалдық шектеулер кезіндегі мемлекеттік несие берідің белсенді болуымен байланысты. Халықаралық тәжірибеде мұндай режим "light IT" деп аталады.

"Аталған сын-қатерлерді еңсере отырып, біз экономиканың түрлі тәуекелдерге ұшырау қатерініңтөмендеуін және соның салдарынан ақша-несие саясатының инфляцияға әсерінің күшеюін күтеміз. Осылайша, біз инфляциялық таргеттеудің толық немесе "full-fledged" режиміне қол жеткізе аламыз. Бұл қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыруға және экономиканың орнықты дамуы үшін базалық артықшылықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді", - дейді ол. 

Стратегия аясында бірнеше бағыт бар. Бірінші бағыт - инфляциялық болжамдарды төмендетуге және тежеуге, халықаралық резервтердің жеткілікті деңгейін қолдай отырып, құбылмалы айырбастау бағамы режимін нығайтуға, сондай-ақ Ұлттық банктің коммуникациялық саясатын күшейтуге мүмкіндік береді.
Қаржы секторын дамыту ұлттық валютаға деген сенімді арттырады және елдің қаржы жүйесінің орнықтылығын нығайтады.

"Жауапты макроэкономикалық саясатты жүргізу сыртқы факторларға тәуелділікті төмендетеді, фискалдық позицияны күшейтеді және ұлттық экономиканың орнықтылығын арттырады.
Стратегияда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша шараларға және оларды табысты іске асырудан күтілетін нәтижелерге егжей-тегжейлі сипаттама берілген", - деді реттеуші өкілі. 

Стратегияда экономиканы қалпына келтіруді ескере отырып, коронавирустың таралуына және теңгерімді дамуына байланысты инфляцияны орта мерзімді таргет деңгейіне дейін біртіндеп төмендетуді жүзеге асыруға ұмтылатыны көрсетілген. 
"Бұған қол жеткізу Ұлттық банк тарапынан шаралар қабылдауды, сондай-ақ Үкіметпен бірлесіп күш жұмсауды да талап етеді. Осыған байланысты Стратегия Ұлттық Банк пен Үкімет тарапынан шаралар кешенін көздейді, ол ақша-несие саясатының тиімділігін арттыруға және болашақта инфляцияға бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Әрі экономиканы одан әрі әртараптандыру, тұтыну нарығын отандық тауарлармен толықтыру, шикізаттық емес экспортты кеңейту, сондай-ақ монетарлық және фискальдық саясатты неғұрлым жақсы үйлестіруге байланысты бірқатар мәселені шешу қажет. Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасында биыл 23 ақпанда қол қойылған Макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім осы міндеттерді шешу құралы болып табылады", - дейді Ақылжан Баймағамбетов. 

Инфляцияны тұрақты түрде төмендетіп, оны ең төменгі мөлшерде сақтап отыру үшін макроэкономикалық тұрақтылыққа, бюджеттің мұнай бағасына тәуелді шығындарын азайтуға, фискалды саясаттың тұрақтылығы мен болжамды болуына, мемлекеттік шығындардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған саясаттың болжамды болғаны маңызды.

Осыған байланысты, Ұлттық банк бұған негізделген жұмыстарды күшейту  үшін бюджет ережесін енгізу жөніндегі бастама көтеріп отыр.
"Бюджет ережесін әзірлеп, енгізумен қатар, фискалды саясатты жақсарту керек. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында бюджет ауқымын кеңейтіп, бюджеттен тыс шығындарды шоғырланған бюджеттің периметріне кіргізу жоспарланып отыр. Бұл фискальды тәртіп пен қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді", - дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Реттеуші экономиканы қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын қаржыландырудан рет-ретімен бас тартады 

2020 жылы пандемия мен карантин шараларына байланысты, әлем бойынша орталық банктердің рөлі өзгерді. Орталық банктердің көбі экономиканы қалпына келтіруге қолдау көрсетті. Осыған байланысты, Қазақстан Ұлттық банктің экономиканы қаржыландыру аясын кеңейту бүкіл әлемдегі тенденцияға сай, мәжбүрлі шара болған. Дағдарыс кезінде экономикадағы күрт азайған сұранысты ынталандыру мен қаржылық тұрақтылыққа қолдау танытуға тура келді. Коронавирустың экономикаға тигізген ауқымы мен залалын ескерсек, Ұлттық Банктің қаржыландыру көлемі жалпы алғанда 2,3 трлн теңге болды.

Алайда орталық банктер мұндай  бағдарламалардан уақытылы шығуы маңызды. 

Сонымен қатар, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы шығындар мен Ұлттық банк тарапынан экономиканы қаржыландыру көлемін қоса алғанда, жүзеге асып жатқан экономиканы мемлекеттік қолдау бағдарламалары өткізу нарығына өзгеріс енгізеді, ол өз кезегінде инфляцияға қысым жасайды. 

"Осы жағдайды ескере отырып, Ұлттық банк ақша нарығындағы өтімділіктің тиімділігін қамтамасыз етуге мәжбүр, басқа жағдайда, валюта нарығына артық қаражат түсіп, ол айырбастау бағамына қысым жасап кетуі мүмкін. Ресурстармен қамтамасыз етудің нарықтық емес шарттары нарықты бұрмалайды және ақша-кредит саясатының трансмиссиясын нашарлатады", - дейді Ақылжан Баймағамбетов.
Осыған байланысты, Ұлттық банк экономиканың өсімі 2023 жылы қалпына келгенде несиелеу бағдарламаларынан шыға бастайды. Ал 2025 жылға қарай бағдарламалардан толық шығып,  экономиканы несиелендірудің нарықтық принциптеріне көшпек.

Құралай Құдайберген 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу