Әсіресе, жастар мен зейнеткерлерді сан соқтырып кету оқиғасы тоқтамай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық банкі тұрғындарға ескерту жасады.
– Кейінгі кезде жастар мен зейнеткерлерді алдап соғу жиілеп кетті. Олардың кейбірі саналы түрде, ал кейбірі білместіктен түрлі алаяқтық схемаларға араласып кетеді. Нақтырақ айтқанда, ақшалай сыйақы алу үшін өздерінің банк карталарын үшінші тұлғаларға беріп, ұрланған қаражатты басқа шотқа аудару мен қолма-қол ақшаға айналдыру үшін банк шоттарын ашып, "дропперлерге" айналып отыр, – деп жазылған Ұлттық банктің хабарламасында.
Ұлттық банк ел тұрғындарын банк картасын және олардың реквизиттерін, мобильді банкинг қосымшасына кіруге арналған деректерді ешкімге бермеуге, сақ болуға және оңай табыс табуға уәде бергендерге сенбеуге шақырады.
Сонымен қатар, күмән туындаған кезде банк өкілдерімен кеңесуге, ал банк картасы жоғалған жағдайда оны дереу бұғаттап, бұл туралы банкке хабарлауға кеңес береді.
Егер банк картасын сатып алу немесе үшінші тұлғаларға беруге қатысты күмәнді ұсыныстар түссе, дереу Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгіну керегін де ескертеді.
– Теріс пиғылды адамдар жастарды немесе зейнеткерлерді іздеп, оларды заңсыз қаржы операцияларына тарту үшін әлеуметтік желілер, мессенджер мен басқа да цифрлық платформаларды белсенді түрде пайдаланады. Алаяқтар оңай және жылдам табыс түсетініне уәде беріп, банк картасын ашуды және оның алдыңғы жағындағы 16 таңбалы нөмірді, жарамдылық мерзімін, үш таңбалы CVV/CVC кодын, сондай-ақ қосымшаға кіру деректерін, яғни картаның барлық реквизитін беруді сұрайды. Қаскөйлер деректерді қолға түсіргеннен кейін өзінің заңсыз қаржы операцияларын жүргізеді, соның ішінде алаяқтық жолмен иемденген ақшаны шығарып алады, – дейді банк өкілдері.
Еске салайық, қылмыстық кодекске сәйкес дропперлік схемаларға араласқандар бұдан-былай қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.