Ұлттық банк Қазкомның жұмысынан кінәрат тапты

2474

Реттеуші банктің БТА-ға берген несиесінің сапасын қайта қарап, провизия мөлшерін үш еселеу бойынша жоспарын талап етті.

Ұлттық банк Қазкомның жұмысынан кінәрат тапты

"Қазкоммерцбанк" АҚ (ҚКБ) 5 сәуір күні Ұлттық банктен екі нұсқама алғанын  (№ 13-3-13/656 және № 13-3-13/657) жариялады. Осындай ақпарат ҚКБ атынан Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында 6 сәуірде таратылды.

Реттеуші нұсқамаларының бірінде (№13-3-13/657) ҚКБ топ-менеджментіне "2017 жылдың 10 сәуіріне дейін несие қоржыны бойынша провизия жеткіліктігімен байланысты мәселені шешуге арналған іс-шаралар жоспарын" дайындау талабы қойылды. "2015 жылдың қарашасы мен 2016 жылдың ақпаны аралығында банкте өткізілген тексеріс нәтижелері" нұсқаманы шығаруға негіз болды.

Қажетті қосымша резервтер сомасы 908 млрд теңгеге бағаланды (2015 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша). Бұл соманың 87% (783 млрд теңге) өзінің еншілес БТА банкіне берілген жалпы сомасы 2,5 трлн теңге үшін қажет болды, ол жалпы несие қоржынының 70%-ын құрайды.

Биылғы жылдың 1 наурызында ҚКБ-ның реттеушілік есебіне сәйкес, ҚҚБ қарыз қоржыны 3,54 трлн теңгені құрады. Бұдан бұрын БТА мен ҚКБ-нің проблемалы несиелерін өзіне алған  БТА-ның несиесі бойынша провизия мөлшері 53 млрд теңгені құрады, бұл қарыз мөлшерінің 2,12%-ын жапты.

Ал екінші нұсқамамен Ұлттық банк ҚКБ-ке "үлеспайда мен бонустар төлемі бойынша, сондай-ақ активтерді сату бойынша" шектеу қоюды тапсырды.

"ҚКБ 17 сәуірге дейін банктің ішкі бақылау жүйесі мен тәуекел-менеджментін күшейту бойынша іс-шаралар жоспарын дайындауы керек, оның ішінде жоғарыда аталған шараларды енгізу рәсімі сипатталуға тиіс", – делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, 2 наурызда "Қазкоммерцбанк" бақылау пакетін "Қазақстан халық банкі" АҚ-ға сату туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжат мәміленің сипаты мен шарттарын айқындайды, бірақ міндетті күші жоқ.

Банктің қаржылық ахуалы бұрыннан күмән тудырған болатын. Бұған дейін, 2016 жылдың 22 қарашасында, Қазақстан президенті Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында, "Қазкоммерцбанктің" күйреуіне жол бермейтінін мәлімдеді. Желтоқсан айында банктен әр бесінші салымшысы кетіп қалған.

"Қазкоммерцбанк" АҚ – активтер көлемі бойынша Қазақстандағы екінші банк (4,87 трлн теңге). Оның қарыз қоржыны ақпан айында 2,5%-ға (шамамен 90 млрд теңгеге) қысқарып, 3,54 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде үмітсіз несиелер үлесі 7,4% немесе 262,5 млрд теңгені құрады. Ақпан айының соңында қалыптасқан провизия көлемі  520,8 млрд теңгені құрады.

Наурыз айының 1 жұлдызында банктің жеке капиталы 1,3%-ға, 487 млрд теңгеге дейін қысқарды. Қаңтар айында банк 10,94 млрд теңге табыс тапса, ақпанда 3,8 млрд теңгеге шығынға ұшырады.

Саян Абаев, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу