Ұлттық банк келесі жылға арналған бұрынғы болжамын қайта қарады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2376

2019 жылы қазақстандық экспорт бірден 8,8%-ға, яғни 55,1 миллиард долларға дейін азайып кетеді деп болжануда.

Ұлттық банк келесі жылға арналған бұрынғы болжамын қайта қарады

Доңыз жылы Қазақстан экономикасы күйзеліп, мұнай өндірісі құлап, еліміздің жаһандық нарыққа өткізер экспорты азайып кетуі мүмкін.

Қаржылық реттеушінің бұл болжамының маңызы бар: ол мемлекетіміздің ақша-кредиттік саясаты жөнінде шешімдер қабылдау кезінде пайдаланылады.

"Алдыңғы болжамдық раундпен салыстырғанда, бұл жолы болжамның кейбір ішкі және сыртқы өлшемдері қайта қаралды. Мұнай өндірудің күтілетін көлемі 2019 жылы 91 миллион тоннаны құрайды деп күтілуде (алдыңғы болжамда – 93 млн тонна болған). Болжамды қайта қарау Қашаған кен орнындағы 2019 жылғы көктемде күтілетін жөндеуге байланысты. Сыртқы сұраныстың көрсеткіштері Еуроаймақ және Қытай экономикаларының өсу қарқынының бәсеңдеуіне байланысты төмендеу жағына қарай қайта қаралды", – деп хабарлады ұлттық банк.

Қаржылық реттеушінің сарапшылары Қазақстанның әлемдік "қара базарда" сататын басты тауары – "қара алтын" алдағы жылы құнын жоғалтады деп жорамалдайды: базалық сценарий бойынша Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің орташа бағасы биылғы жылы $71,8 болса, 2019 жылы – 60 долларға дейін төмендемек.

2019 жылы қазақстандық экспорт бірден 8,8%-ға, яғни 55,1 миллиард долларға дейін азайып кетеді деп болжануда. Алдыңғы болжамда төмендеу тек 1,1% ғана болады деген үміт көрініс тапқан-тын. Құлдыраудың қарқын алуына мұнай өндірісінің баяулауы және 2019 жылы "қара алтын" бағасының төмендеуі себеп болмақ.

Салыстыру үшін айтсақ, аяқталып қалған 2018 жылы отандық тауарлар экспорты мұнайдың неғұрлым жоғары орташа жылдық бағасы арқасында бірден 22,2%-ға немесе 60,4 миллиард долларға дейін артқан. Яғни, осы көрсеткіштің өзі рецессиядан хабар береді.

Оның орнына Қазақстанның жатжұрттық өнімдерге деген тәуелділігі арта түспек.

"Тауарлар импорты 2019 жылы 3,3%-ға немесе 36 миллиард долларға дейін өседі (2018 жылы тек $34,4 млрд болған). Тұтыну импортының жоғары деңгейі халықтың нақты кірістерінің ұлғаюы есебінен сақталатын болады", – дейді қаржылық реттеуші.  

Осы болжам бойынша түсініктеме берген ұлттық банктің зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкиннің айтуынша, келесі жылы әлемде мұнайға деген сұраныс төмендемек. Сонымен бірге, экономиканың өсімі кемиді деп болжануда.

"Экономикалық өсім қарқыны, бағалауға сәйкес, 2019 жылы небары 2,7%, ал 2020 жылғы бірінші жартыжылдықта – 2,7% болады. Экономикалық өсу бойынша алғышарттар өзгерген жоқ. Экономиканың негізгі өсу драйвері рөлін тек ішкі тұтынушылық сұраныстың өсуі ғана атқарады. Инвестициялық белсенділіктің оң серпіні, бірінші кезекте, тау-кен өндіру саласында және тұрғын үй құрылысында сақталады", – дейді Виталий Тутушкин.

Айта кету керек, биылғы жыл қорытындысында бұдан әлдеқайда көп, 4 пайыздай өсім болуға тиіс. Яғни, қаржылық реттеуші болжамы өмір шындығына айналса, қазақстандық экономика кері кетпек.

Әйткенмен, инвестициялар бойынша көрсеткіш жаман болмайтынға ұқсайды. Ұлттық банк алдағы жылы жүзеге асырылатын ірі жобалар қатарында "Теңізшевройлдың" болашақ кеңею жобасын, Қарашығанаққа жаңа инвестициялар құйылуын, Қызылордадан елордаға дейін жететін "Сарыарқа" газқұбырын, "Borealis" компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылатын Атырау қаласындағы интеграцияланған газ-химиялық кешенін, төртінші мұнай өңдеу зауыты құрылысының қолға алынуын, "Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының" екпінді салынуын, Астана қаласындағы LRT жобасын, "Fly Arystan" лоукостерінің әуе тасымалы қызметіне кірісуін, Қызылорда облысындағы 28 мегаваттық "Номад" және 50 мегаваттық қуаттылықтағы "Байқоңыр" күн электр стансаларын атады. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу