Ұлттық банк кредиттерді кешіру бағдарламасы туралы мәлімдеме жасады

17250

Жақында онлайн-кредит пен ломбардтар туралы жаңа заң қабылданады.

Ұлттық банк кредиттерді кешіру бағдарламасы туралы мәлімдеме жасады

Қазақстан Республикасының Президенті 2019 жылғы 26 маусымда "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы" 2019 жылғы 26 маусымдағы № 24 Жарлығында үш негізгі бағыт қамтылған, деп жазады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

"Осы Жарлықты іске асырудың бірінші бағыты екінші деңгейдегі банктерде және микроқаржылық ұйымдарда азаматтардың жекелеген санаттары үшін кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті 300 мың теңгеге дейінгі мөлшерде өтеуді көздейді. Берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспауға тиіс".

Ұлттық Банк Үкіметпен және нарыққа қатысушылармен бірлесіп белгіленген өлшем шарттарға сәйкес келетін адамдар тізбесін қалыптастыру және олардың берешегінің жалпы мөлшерін анықтау бойынша жұмысты бастап кетті.

Үкімет бағдарламаның операторы "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ-ға республикалық бюджеттен нысаналы қаржыландыру бөлетін болады.

Бұдан әрі, Оператор азаматтардың жекелеген санаттарының кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеге дейінгі берешегін өтеу үшін екінші деңгейдегі банктермен және микроқаржылық ұйымдармен шарттар жасайды.

Өз тарапынан, Ұлттық Банк берешекті өтеу бойынша мәліметтердің қарыз алушылардың кредиттік тарихының дерекқорында көрсетілуіне бақылауды қамтамасыз етеді.

Екінші бағыт Қазақстанның бүкіл азаматтарына кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұл сомаларын есептен шығаруды көздейді.

Ағымдағы ай аяқталған соң, реттеуші банктермен және микроқаржылық ұйымдармен бірлесіп кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлға 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша салыстырып тексеру мен тіркеуді жүзеге асырады.

Есептелген айыппұлдар мен өсімпұлды есептен шығару бірінші кезекте, банктердің және микроқаржылық ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдардың жалпы көлемінен 30%-дан аспайтын сома Ұлттық банк айқындаған Оператордың қаражаты есебінен өтеледі. Бұл мақсаттар үшін Ұлттық банк Операторға қажетті қаржыландыру көлемін бөледі.

Банктердің және микроқаржылық ұйымдардың айыппұлдар мен өсімпұлдың айтарлықтай бөлігін шығыстар ретінде танып, оларды жүйеден тыс  есептен шығарғанын ескере отырып, қаржыландырудың түпкілікті сомасы танылған шығыстардың сомасына азайтылатын болады.

Екі жағдайда да қарыз алушыдан банкке, МҚҰ-ға немесе басқа ұйымдарға өтініш беру талап етілмейді. Банктер және микроқаржылық ұйымдар берешекті өтеу және есептелген айыппұлдар мен өсімпұлды есептен шығару бойынша бүкіл жұмысты дербес жасайды. Әрбір қарыз алушыны банк/микроқаржылық ұйым жұмыс нәтижелері туралы хабардар етеді.

Үшінші бағытта қарыз алушыларды қосымша қорғау бойынша реттеушілік сипаттағы шаралар кешені көзделеді.

Тұтынушылық кредиттеудің барынша белсенді өсуінің реттелмейтін секторда (онлайн кредиторлар, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар) байқалатынын ескере отырып, Сенат биылғы жылғы 24 маусымда барлық кредиттеу субъектілерін реттеу мен қадағалауды енгізуді көздейтін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңды қабылдап, Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға енгізді. Заңға таяу уақытта қол қойылатын болады.

Қаржылық ұйымдарға қатысты қосымша реттеушілік шаралар қабылданады. Біріншіден, жеке тұлғалардың өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салу. Бұл азаматтарды берешек сомасының тұрақты өсуінен қорғауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыздар беруге тыйым салу енгізіледі.

Үшіншіден, барынша ұсақ тұтынушылық кредиттеу үшін қарыз алушының борыштық жүктемесін есептеуге арналған тәсілдерді жетілдіру сияқты қосалқы шаралар, банктердің меншікті капиталына қойылатын қосымша талаптар көзделеді.

Осылайша, қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға нақты көмек көрсетіледі, олардың отбасыларының әл-ауқаты жақсартылады, шамадан тыс кредиттелудің болашақ тәуекелдері шектеледі және халықты жауапты кредиттеу үшін жағдайлар жасалады.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу