Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер үкіметке үміт арта алмайды

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3286

Себебі биылдан бастап Ұлттық қордан трансфер бөлінбейді.

Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер үкіметке үміт арта алмайды

"TeleTrade" агенттігінің сарапшысы Анастасия Игнатенко ОПЕК-тің бүгін, ертең өтетін жиынында мұнай бағасының қысқа мерзімдегі жағдайына талдау жасалатынын айтты. Оның пікірінше, ұзақ мерзімге талдау жасауға геосаяси жағдай жол бермейді.

Қазір Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 70-71 АҚШ долларын құрап тұр. Сарапшылар бұл өзін-өзі ақтайтын баға екенін айтып отыр.

Сарапшының сөзінше, Ресей валютасы АҚШ, Еуропа және Ұлыбритания тарапынан жасалған негізгі соққыны қазір емес, сәуір айында алғанда, теңге-доллар жұбының көрсеткіші 325-341  деңгейінде сақталатын еді. Ал Ұлттық банктің 4 маусым күні базалық мөлшерлемені 9%-ға дейін төмендетуі теңгеге қосымша соққы болды.

"Ұлттық банк алдағы уақытта теңгенің қатты құлдырап кетпеуін қолдайтын шаралар қабылдауы мүмкін. Нақты қандай шара екенін тап басып айта алмаймын. Бұған дейін қаржы реттеушісі Ұлттық қордың трансферіне арқа сүйейтін. Биыл ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан қазіргі жағдай Ұлттық банк пен оның төрағасы Данияр Ақышевқа үлкен сын болайын деп тұр", – деді Анастасия Игнатенко.

Оның ойынша, Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер сын сағатты бастан өткергелі тұр.

"Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2018 жылы Ұлттық қордан ешқандай трансфер болмайтынын кесіп айтты. Бұл Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің қиын кезде үкіметке үміт арта салатын еркелігі 2018 жылмен аяқталады деген сөз", – деді Анастасия Игнатенко.

Amarkets халықаралық қаржы компаниясы сарапшылар тобының бас сарапшысы Артем Деев теңге-доллар жұбының бағамы Ұлттық банк болжағандай 325-360 емес, 400 теңге болатынын айтып отыр.

"Үкімет пен Ұлттық банктің теңгені тұрақтандыратын қосымша қорының түбі көрініп қалды. Ұлттық валютаның бір долларға 400 теңгеге дейін құнсыздануы ғажап емес. ОПЕК шешімімен Brent маркалы мұнайдың бағасы

65 АҚШ долларына дейін төмендесе, теңге-доллар жұбының бағамы 400 теңге болады деген болжам шындыққа айналады", – деді  Артем Деев.

"Открытие Брокер" компаниясының сарапшысы Тимур Нигматуллин әріптесінің пікірін қостады. Сарапшының сөзінше, Brent маркалы мұнай бағасы түсетінін болжау үшін маман болудың қажеті жоқ. Себебі АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі базалық мөлшерлеме пайызын осыған дейін 0,25%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдаған.

"Бұл фактор Қазақстан мен Ресей сияқты даму жолына енді түскен елдердің ішкі нарығына қолайсыз болады", – деді Тимур Нигматуллин.

"Альпари" компаниясының сарапшысы Анна Бодрова  Тимур Нигматуллиннің жоғарыдағы пікірімен келіспейді.

Оның ойынша, осы жолғы жағдайға  ұлттық инвесторлардың Қазақстан мен Ресейден активтерін алып кетуі себеп болған.

"Алдағы уақытта 1 доллар 330-350 теңгеден сатылатын болса, еуро 400 теңгеге жетеді. Ал АҚШ-тың  Федералды резерв жүйесінің келесі шешімі қыркүйек айында қабылданады", – деді Анна Бодрова.

Halyk Finance компаниясының өкілі Мұрат Темірхановтың теңге бағамына  мұнай әсер ете ме, әлде рубль ме деген сауалға өз жауабы бар екен. Маманның мәлімдеуінше, теңге рубльге емес, мұнайға  тәуелді.

"Батыс елдерінің Ресейге қарсы бағытталған қысымы кеше я болмаса бүгін басталған жоқ. Рубль бұған дейін де құлдырау мен өсуді бастан кешірді. Сол кезде оның теңгеге ықпалы аз болды. Ұлттық валютамыздың қазіргі бағамына мемлекеттік бағалы қағаздарға шетелдік инвесторлардың ие болып отырғаны себеп болуда. 2017 жылдың  аяғында мемлекеттік бағалы қағаздардағы шетелдіктердің үлесі 1,6% болса, биылғы жылдың сәуір айында 4,5%-ға жетті. Brent маркалы мұнайдың баррелі 60 АҚШ долларынан жоғары болған жағдайда ғана теңге тұрақтанады", – деді Мұрат Темірханов.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу