Ұлттық Банк: Сыртқы сектордың Қазақстандағы бағаға қысымы біршама әлсіреді

2020

Ұлттық Банк инфляцияны тұрақтандыру үшін инфляциялық таргеттеу режимін ұстана отырып, дезинфляциялық монетарлық саясатты жүргізіп отыр. 

Ұлттық Банк: Сыртқы сектордың Қазақстандағы бағаға қысымы біршама әлсіреді Фото: pixabay.com

Ұлттық Банк Төрағасы Ғалымжан Пірімбетовтің сөзінше, 5 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,5%-ға бағаланды.

“Өткен жылы азық-түлік пен шикізат бағасының әлемдік деңгейде өсуінен, жоғары инфляциялық күтулерден және фискалдық ынталандырудан Қазақстанда инфляция жеделдей түсті. Әлемдегі логистикаға қатысты жағдайдың жақсаруына қарамастан, санкциялар мен батыс елдері компанияларының Ресейден кетуі Қазақстанда тауар жеткізу жолдарының қалпына келуіне кедергі болды. Осы жағдайлар қосымша проинфляциялық қысым көрсетті. Сөйтіп 2022 жылдың соңында инфляция 20,3%-ға жетті”, – деді ол. 

Бұдан бөлек азық-түлік бағасының өсімі инфляцияға едәуір үлес қосқан.

“Ұлттық Банк инфляцияны тұрақтандыру үшін инфляциялық таргеттеу режимін ұстана отырып, дезинфляциялық монетарлық саясатты жүргізіп жатыр. 2022 жылы Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін көтерді. Базалық мөлшерлемемен қатар теңгедегі активтердің кірістілігі де өсті. Қабылданған шаралар қаржы жүйесінің тұрақсыздануына жол бермеуге және теңгедегі активтерге деген сенімді сақтауға мүмкіндік берді. Валюта саудасының нарықтық қағидаттарын кеңейту, Ұлттық Банк әрекеттерінің транспаренттілігін арттыру есебінен валюта нарығының балансы жақсара түсті. Оны бағамның екіжақты құбылмалылығынан көруге болады”, – деді спикер. 

Ғалымжан Пірімбетов өткен жылдың наурыз айында айырбас бағамы 1 доллар үшін 512 теңгеден жоғары рекордтық мәнге дейін әлсірегеніне қарамастан, жыл соңына қарай 462,7 теңгеге дейін 9,7%-ға нығайғанын атап өтті. Осылайша валюта нарығы қалпына келді, деп толықтырды ол.

“Биыл теңгедегі салымдар 21,4 трлн теңгеге дейін өсті. Депозиттердің долларлануы 30%-дық межеден төмендеп, 29,3%-ды құрады. Осылайша ол соңғы 15 жылдағы минимумға жетті. 2023 жылдың мамыр айында жылдық инфляция біздің болжауымызға сәйкес наурыз айында басталған төмендеу үрдісін жалғастырып, 15,9%-ды құрады. Азық-түлік инфляциясы 16,5%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 17,2%-ға, сервистік инфляция 13,5%-ға дейін баяулады. Әлемдегі азық-түлік бағасының төмендеуінен және Қазақстанның сауда-серіктес елдерінде инфляцияның айтарлықтай баяулауы салдарынан сыртқы сектордың бағаларға қысым көрсетуі біршама әлсіреді”, – деді ҰБ Төрағасы. 

Оның айтуынша, фискалдық ынталандыруға, тұрақты ішкі сұранысқа, жоғары инфляциялық күтулерге байланысты ішкі факторлардың проинфляциялық әсері сақталып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу