Ұлттық банк валюталық интервенция жасауға кірісті

3264

Мұнай бағасының құлдырауы реттеушіні тоғыз ай ішінде бірінші рет валюта нарығында долларды жаппай сатуға мәжбүрледі.

Ұлттық банк валюталық интервенция жасауға кірісті

Қазақстанның Ұлттық банкі маусым айында  101 млн доллар сатып валюта нарығында интервенция жүргізді деп хабарлады реттеушінің баспасөз қызметі 10 шілдеде.

"Ішкі валюта нарығында үдеп бара жатқан теңге құбылмалығын шектеу мақсатында Ұлттық банк 101 млн долларды сатып, АҚШ долларына деген артық сұранысты қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Валюталық интервенция шетел валютасына деген  сұраныстың шарықтаған кезінде: 2017 жылдың 21 және 22 маусымда жүргізілді", – деп нақтылады Ұлттық банктегілер.

Реттеушінің пікірінше, өткен айда мұнай бағасы төмендеп, Ресей рублінің әлсіреуі байқалды, бұл ішкі валюта нарығына тікелей әсер етті.

"21 маусымда Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 45 доллардан да төмен деңгейге түсіп, 2017 жылдың ең төменгі көрсеткішіне жетті, оған  нарықтағы мұнай өнімдерінің шектен тыс көп өндірілуі мен ОПЕК келісімінің тиімділігіне байланысты туындаған қауіп-қатер әсер етті", – деп Ұлттық банктегілер валюталық интервенцияға себеп болған жайды түсіндірді.

Бұдан бұрын, 21 маусымда, Қазақстанның Ұлттық банкі теңгенің құнсыздануын "қара алтын" бағасының төмендеуіне байланысты деп, ұқсас бағытта бірақ әлдеқайда төмен жылдамдықпен жылжып келе жатқан әлемнің бірқатар шикізаттық валюталарының статистикасын келтірген болатын. Теңгенің әлсіреуі 22 мауымда шарықтау шегіне жетті, ол кезде биржалық бағам бір долларға шаққанда 327,63 теңгені құраған. Басқаша айтсақ, ай басынан бастап  теңге 5%-ға құнсызданды.

Теңгенің құлдырауы мұнай нарығындағы тұрақсыздықтан бұрын басталды және ол шетелдік инвесторлар Ресейдің мемлекеттік қарызын жаппай сатудан кейін төмендеп кеткен рубльге байланысты болды.

"Рубльдің ФҚО-мен бірге (федералды қарыз облигациялары – автордың ескерпесі) мұнай бағасына қарамастан құлдырай бастауы шетелдік инвесторлардың Ресей қарызынан шыға бастауын аңғартады", – деген пікір білдірген болатын finanz.ru-ге "Райффайзенбанктің" сарапшысы Денис Порывай.

Биылғы жылға арналған Қазақстанның бюджеті Brent мұнайының бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде және бір АҚШ долларына 330 теңгені құраған бағам бойынша жасалды.

Brent мұнайының орташа арифметикалық құны 2017 жылдың I тоқсанында 54,63 долларды құрады. Сәуір-маусым айлар аралығында бұл көрсеткіш 51,71 доллар, 50,29 доллар және 47,91 долларға дейін төмендеді.

ҚР Ұлттық банкінің есебі бойынша, теңге-доллар валюталық жұбының орташа айлық бағамы сәуір айында 312,26 теңге болса, маусымның қорытындысы бойынша 318,42 теңгеге дейін құлдырады. Алайда теңгенің құлдырауы мен бағамның  әлсіздігі мемлекеттік бюджеттің тапшылығы мәселесінің бар екенін көрсетті. Маусым айында мемлекеттік қазына жоспарлы түсімдердің әр 19 теңгесін ала алмай қалды.

Әйгерім Сүлейменова, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу