Ұлттық банктің мақсаты – инфляцияны төмендету

6690

Ұлттық банк алдағы бес жылға әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жасады.  

Ұлттық банктің мақсаты – инфляцияны төмендету

ҚР ҰБ төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында Ұлттық банктің болжамдары Ұлттық экономика министрлігінің мұнай бағасы, сондай-ақ сыртқы сектордың басқа да көрсеткіштері мен ішкі экономиканы дамыту бойынша сценарилері нұсқаларына негізделгенін айтты.

"Базалық сценарий 2020-2024 жылдарға мұнай бағасы бір баррель үшін 55 АҚШ доллары негізінде есептелді. 2019 жылға арналған бағалау – мұнайдың бір барреліне 61,3 АҚШ доллары болғанын ескере отырып есептелді. Ұлттық банктің негізгі мақсаты – инфляцияны 2019-2021 жылдары 4-6% шегінде сақтау және кейіннен 2022-2024 жылдары 3-5%-ға дейін төмендету. Біздің бағалауымыз бойынша, инфляция болжамдық аралықта нысаналы дәлізде болады",– деді Ұлттық банк төрағасы.

Ол биылғы сәуірдегі болжамның бірінші кезеңімен салыстырғанда Ұлттық банк  2019 жылға арналған импорт серпіні қайта қаралғанын жеткізді.

"Бұл 2018 жылғы номиналды ЖІӨ бойынша нақты деректер 2,2 трлн теңгеге өсуімен байланысты. Нәтижесінде тауарлар импорты сәуірдегі 34 млрд  АҚШ долларына бағалаумен салыстырғанда 2019 жылы 33,7 млрд АҚШ долларына бағаланады. 2019 жылы ағымдағы шот тапшылығы 2018 жылғы нөлдік сальдомен салыстырғанда ЖІӨ-ден 2,7% болады деп күтеміз. 2020–2024 жылдары ағымдағы шот тапшылығы 2020 жылы ЖІӨ-ден 4,1%-дан 2023–2024 жылдары ЖІӨ-ден 2,3%-ға дейін болжанады", - деді Е. Досаев.

Ұлттық банк төрағасы ақша-кредиті саясаты және төлем балансы көрсеткіштерін ескере отырып, Ұлттық банк саясаты негативті сыртқы факторлар әсерін тегістеуге, инфляция көрсеткіштері бойынша белгіленген мақсаттарға қол жеткізуге бағытталатынын айтты.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу