Шындықты айтып үйренбей, теңгенің құлдырауынан ешқашан құтылмаймыз

Қыркүйек айының қорытындысы бойынша әлемде мұнай бағасының барреліне 90-95 долларға дейін қымбаттағанына қарамастан теңгенің құны 3,4%-ға әлсіреді. 

Шындықты айтып үйренбей, теңгенің құлдырауынан ешқашан құтылмаймыз Фото: kursiv.kz

Жазда 450-ден саудаланған төл валютамыз долларға қатысты 475-ке дейін құлдырады. "Қырсық қыздың мінезіндей" сан құбылған теңгеге қандай факторлар ықпал етті? Бұл туралы inbusiness.kz тілшісі экономист, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Рашид Жақсылықовтан сұрады. 

 Рашид Хасенұлы, Ұлттық банк теңге енді рубль бағамына "бағынбайтынын" хабарлады. Соған қарамастан рубль соңынан төл валютамыз әлсіреді. Мұның себебі неде?

– Ұлттық банк өтірік айтудан алдына жан салмайды. Мың рет өтірік айтып халықты алдай бергенше, бір рет шындықты айтып түзелген дұрыс. Шындық айтып үйренбей, теңгенің құлырауынан ешқашан құтылмаймыз. Бұл бізде мұнай саласынан басқа экономика жоқ екенін көрсетеді. 70% валюта қорын қалыптастыратын мұнайдың табысы, 50% бюджетті қалыптастырып отырған да мұнайдың табысы. Әлі күнге дейін бір мұнай тасымалын дербестендіру емес, мұнай саласына тәуелді емес экономика қалыптастыру немесе экономиканың басқа салаларын дамыту сынды жол таңдап, соны жасап көрген жоқпыз. Бізде экономика жоқтың қасы. 

 Бұл біздің экономикалық мәселелерімізге келіп тіреле ме?

– Азаматтар бізде доллар сияқты өзін тұрақты сезіне ала ма? Жоқ, себебі ұзақ мерзімді тұрақты жұмыс жоқ. Он адамнан сұрасаңыз тоғызының ертеңгі күніне сенімі жоқ. Себебі неде? Себебі бізде тұрақты экономика жоқ. Сондықтан біздің Ұлттық банктің Ресейден "құтылдық" деп айтуы орынсыз. Біздің 80% экономика Ресейге байланып тұрған соң, талқылап жүрген Каспий құбыр консорциумы да осы ел арқылы өтеді. Шынында да, Ресейден келіп жатқан арзан тауарлар біздің өндіріс орындарына кері әсерін тигізіп жатыр. Табысының 60%-ын тамаққа жұмсайтын Қазақстан азаматы арзан Ресей тауарын алмайды дейсіз бе? Алады. Ұлттық банктің саясатына, Үкіметтің дағдарыстан шығу саясатына көңілім толмайды. Сондықтан бұның "қатығын езіп" жылда талқылай бермей, нақты істермен алмастыру керек шығар. Сіз бен біз 20 жылдан соң қайта оянсақ та осы: "Теңге неге құлдырады?" деген сұрақты талқылап отырамыз. Осылай кете берсе ол кезде бір доллар 500 емес, 50 мың теңге болатын шығар.

 Теңге құлдырай бере ме? Тұрақты ұстап тұрудың жолы бар ма?

– Өзімізді-өзіміз алдап, теңге осымен тұрақталып қалады деп сеніп келе жатқанымызға 30 жыл болды. Экономикада кей нәрселердің қайтадан орнына келуі сирек болатын дүние. Бастапқыдағы 1 долларға 1 теңге қалыптастыру үшін біздің экономиканың мәдениеті де, мүмкіндігі де Америка экономикасының мүмкіндігімен пара-пар болуы керек. Америка экономикасымен пара-пар болған кезде біздің теңге барып, доллармен теңеседі. Біз тура Америка сияқты дүниежүзілік экономикаға беретін өніміміз көбейсе, дүниежүзілік экономикаға ықпалымыз күшейсе ғана. Жақын 50 жылда бізде ондай мүмкіндігіміз бар деп ойлайсыз ба? 

– Біздің мемлекеттің мүмкіндігі жоқ па?

– Мен біздің мемлекеттің мүмкіндігін шектегім келмейді. Бірақ біз жаңа технология ойлап таптық па? Бізде мұнай-газ қоры көбейіп жатыр ма? Болмаса ауыл шаруашылығын аяғына тұрғызып, бүкіл дүниежүзі біздің бидайды, біздің қойдың етін жеп отыр ма? Адами капитал экономиканы алға жылжытады десек те, білікті мамандар біздің елдің төлеп отырған еңбек құнына риза емес. Экономикалық тұрғыдан "өзге елде ұлтан болғанша, өз еліңде сұлтан бол" деген мақалдағыдай өмір қылыптастырып бере алмай отырмыз. Әлгі бір саяси мәлімдемелерге ғана мәз боламыз. 

 Сұхбатыңызға рақмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу