Трансшекаралас нарықта адал бәсекелестікті сақтау сауданы арттыруға мүмкіндік береді

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
1724

ЕАЭО елдерінің сыртқы сауда көлемі алғашқы 6 айда 28%-ға артқан.

Трансшекаралас нарықта адал бәсекелестікті сақтау сауданы арттыруға мүмкіндік береді

Бүгін елордада басталған "Еуразиялық апталық" форумның пленарлық отырысында Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі экономикалық бірігуді дамытудың келешегі талқыланды. Экономиканы цифрландыру келешегі және ЕАЭО кеңістігінде туындап отырған кедергілер мәселесі  – алғашқы пікірталастың басты тақырыбы болды.

Отырыста сөз алған Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев одақтың ұлттық экономикалық мүшелері жаңашылдықтарға жақсы бейімделгенін атап өтті.

"Осы жылдың басынан бастап негізгі көрсеткіштің оң динамикасы байқалады. 2017 жылдың I тоқсанында ЕАЭО-тың ЖІӨ-сі 0,8% болды, ал өнеркәсіптің 2,7%-ға өскені де қуантады. ЕАЭО елдерінің сыртқы саудасының көлемі алғашқы жартыжылдықта  28%-ға артқан", – деп мәліметтерге тоқталып кетті.

"Сауданы дамытудың ішкі жағдайын жақсартудың арқасында сауданы өз арамызда ғана емес, сондай-ақ одаққа мүше емес елдермен де арттырып жатырмыз. Мысалы, Вьетнамнан келетін тауарларға өзара жарнасыз жолды ашу арқылы одаққа мүше елдер осы елмен арадағы сауданы айтарлықтай жетілдірді, яғни тек алғашқы жартыжылдықтың өзінде Вьетнаммен арадағы тауар айналым 26,9%-ға өскен.

"Экономикалық көрсеткіштердің негізгі басты бағыттарының бірі – кедергілер мен шектеулерді жою. Одақтың трансшекаралас нарығында адал бәсекелестікті сақтау біздің елдердің арасында сауданы арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің өсуіне жағдай жасайды", – деп атап кетті премьер-министр.

Сонымен қатар әлемдік экономиканың цифрландыру есебінен өзгеріп жатқанын да ескерген жөн. Қазақстан премьер-министрі  қазіргі уақытта "тауар мен қызметті, адам мен капиталдың еркін қозғалысын қолдаудың басты элементі болатын ЕАЭО бірыңғай цифрлы кеңістік жобасы жақсы дамып келе жатқанын" атап кетті. 

"ЕАЭО-ның цифрлы күн тәртібі өзіміздің әзірлегеніміз ғана емес сондай-ақ жаңа әлемдік жетістіктер кіретін жинақтаушы база болуы тиіс", – деп есептейді ол.

Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян  да одаққа мүше мемелекеттердің алдындағы басым міндеттердің қатарында "кедергілердің бар екеніне барлық бес тарапта мақұлдау керек" екеніне сенімді. "Барлығымыздың ұстанымымыз бір болу үшін кедергілердің бар екенін айқындап алу керек, содан кейін ғана  өзіміздің ұстанымымызды мақұлдап, бұл кедергілерді қалай жоюға болатындығы туралы жол картасын әзірлейміз", – деді ол.

"Кеңестің өз ішінде пікірталас тудырып отырған бұл кедергі ме әлде шектеу ма немесе бұл дұрыс жағдай ма деген тағы да 60 шақты мәселе бар.  Біздің ұйымның құрылғанына көп болмағанын, сондай-ақ әлі ұзақ уақыт бірге жұмыс істейтінімізді  ескере отырып, бұған сабырлық танытуымыз керек. Кедергі тудырып отырған шектеулер жоқ сияқты, бірақ тағы да басқа нақты себептер шыға бастайды, мұның барлығына неге мән беріп отыруымыз керек", – дейді алқа басшысы.

Алдағы уақытта үлкен кедергілердің бірі цифрлы экономикаға көшу болуы мүмкін. Алқа басшысының айтуынша, бүгінгі күні ЕАЭО елдері өздерінің цифрлы экономикаға қатысты  ұлттық жоспарын келісіп алғаны жөн. Ол үйлесімді болуы керек. Егер келісіп алмайтын болса, онда жаңа кедергілерден қашып құтылмайсың.

"Біз Қытаймен келіссөз жүргізіп жатырмыз.  Сондықтан цифрлық  сәйкестік туралы сөз қозғай бастауымыз керек. Себебі барлық тауар, қызмет және капиталдың транзиті цифрлық ландшафтар арқылы  жүзеге асырылады.  Қытай қазірдің өзінде  Еуропалық одақпен Қытай мен ЕО арасында цифрлық стандарттарды сәйкестендіру туралы  келіссөзді қарқындатып жатыр. Егер олар өзара келісетін болса, онда Жібек жолы жобасын іске асыруда айтарлықтай кедергі туындамақ. Дәл осындай жағдай біздің басымызда да бар: егер қазір Қытаймен цифрлық экономика бойынша келіспесек, онда біздің күн тәртібімізді іске асыру үшін, оның ішінде  сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетуге үлкен тосқауыл болады", – деді Шувалов мырза.

Цифрлық экономикалардың ықпалдасуы қажет екендігіне  Ресейдің вице-премьері Игорь Шувалов күмән келтірмейді.

"Әр елдің үкіметтері цифрлық технологиялар мен цифрлық экономиканы жылдам енгізуге мүдделі болуы, барлығымызды өз ұлттық бағдарламаларымыздың тұзағына түсірмесе игі. Әрі батыстың, шығыстың цифрлық технологияларына тәуелді болып, жаһандық цифрлық күн тәртібінде дербес цифрлық элемент ретінде таныла алмауымыз мүмкін. Бұл үлкен қатер", – деді  Астанадағы "Еуразиялық апталық" халықаралық форумында сөз алған Игорь Шувалов. 
Шувалов тілге тиек еткендей, бүгінгі таңда ЕАЭО үшін кедергілер бас қайғыға айналып отыр.  Әрі көбінесе оны алып тастауға ұлттық үкіметтердің өзі қарсы болуда.

"Көп жағдайда ұлттық бюрократтар, ұлттық үкіметтер  аталған шектеулерден  шарт бойынша 2025 жылға дейін арыламыз делінген ғой, демек 2025 жылға қарай бір арылармыз, асығудың қажеті қанша деген идеяны ұстанады. Шынтуайтына келгенде,  өзім де сол ұлттық бюрократияның бір өкілі болғандықтан, біздің ұлттық экономикаларымыз үшін қайсысы пайдалы дегенді ұғынуға тиіспіз.  Кей кезде белгілі бір салалар немесе белгілі бір компаниялар үшін консервативтік ортаға қолдау жасау, я болмаса  өз  нарығың үшін ашып,  бірыңғай нарықты 2025 жылға дейін жылдам құру – азаматтарымызды үлкен табысқа кенелтер еді", – деді ол.

Ресейдің вице-премьері бүгінгі таңда ұлттық үкіметтер қолданыстағы кедергілер мен шектеулердің қайсысы қандай мақсатты көздейтінін зерделеуге тиіс дегенді айтады.

"Дегенмен біз тыйымдарды алып тастау мен кедергілер мәселесіне басқа тұрғыдан қарайтын болсақ, онда ол жолмен тез-тез өтіп кетуге өзімізді мәжбүрлейміз, ондай жағдайда  ортақ экономикамыздың жоғары қарқынмен өсуін күтпей-ақ қою керек", – деп түйіндеді ол.

Шувалов мырза ЕАЭО-да көшбасшылық Қазақстанның қолында екенін де баса айтты.

"Бұл жобада Қазақстанды көшбасшы ретінде танимыз. Өйткені бұл жобаның негізін Қазақстан президенті  қалап, 1990-жылдарда-ақ  еуразияшылдық  идеясы мен еуразиялық әріптестікті ілгерлете бастаған болатын. Біз әрине,  шектеулер мен тыйымдарды алып тастау, сондай-ақ цифрлық экономиканы құру мәселелері, және басқа да көптеген маңызды мәселелер, жалпы Еуразиялық экономикалық одақтың дамуы бойынша, Қазақстанның көшбасшы болғанын қалаймыз. Еуразиялық одақтағы өзге әріптестеріміз бізді қолдайтын шығар деп сенемін, өйткені ол үшін Қазақстанның қолында бәрі де бар – президент тарапынан түсінік пен сенімділік", – деп мәлімдеді ол.

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу