Ұлттық экономика министрлігі наразылықтардан кейінгі жоспарымен таныстырды

2685

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров "Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы" Үкімет қаулысының жобасы әзірленгенін мәлімдеді. 

Ұлттық экономика министрлігі наразылықтардан кейінгі жоспарымен таныстырды

Оның айтуынша, жоспар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымдар, әлеуметтік мәселелер, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, халық пен кәсіпкерлікті қолдау және ұйымдастыру-қаржы мәселелері бойынша 51 іс-шарадан тұрады.

"Жауынгерлердің әзірлігін арттырып, рухын көтереміз"

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру бағыты бойынша жоспарда 11 іс-шара көзделген.

"Мемлекет басшысының күш құрылымдары қызметкерлерінің жауынгерлік әзірлігін арттыру және моральдық рухын қолдау, зақымдалған жылжымайтын мүлік объектілерін, сондай-ақ күш құрылымдарының, денсаулық сақтау, білім беру және коммуналдық шаруашылық салаларының материалдық-техникалық базасын қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру көзделген", – деді министр.

"Бейбіт азаматтардың отбасына көмек"

Әлеуметтік мәселелер бағыты бойынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарлануда.
Олар жарақат алған тиісті органдардың қызметкерлеріне өтемақы төлеуді, қаза тапқан осы органдар мен бейбіт азаматтардың отбасыларына көмек көрсетуді, бизнес пен халыққа борыш жүктемесін азайту шараларын, мұқтаж азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тәртібі мен тетігін енгізуді қамтиды.

"Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу"

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шараны іске асыру жоспарланған.
Бұл іс-шаралар сұйытылған мұнай газын өткізудің жаңа тетігін әзірлеуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жөніндегі форвардтық тетіктерді қаржыландыруды ұлғайтуды және көмір бағасының өсуіне жол бермеу шараларын қамтиды. 

Утиль алымы

Халықты және кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша 7 іс-шараны іске асыру көзделген.
Мәселен, басталған салықтық тексерулерді, кедендік тексерулерді 2022 жылғы 1 ақпанға дейінгі мерзімде тоқтата тұру және кейінге қалдыру, кәдеге жарату алымының мөлшерлемелері мен тәсілдерін қайта қарау, 2022 жылғы 20 сәуірге дейінгі кезеңге құрылыстарды көшіруге, орналастыруға, бұзуға байланысты атқарушылық әрекеттерді жүргізуге уақытша тыйым салуды енгізу жоспарлануда. 

"Тәртіпсіздіктер салдарын жою"

Ұйымдастыру-қаржылық мәселелер бағыты бойынша 8 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Олар теңгеге деген сенім толық қалпына келгенше валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді, батыс өңірлер үшін Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын әзірлеуді немесе өзектілендіруді, жаппай тәртіпсіздіктер салдарын жою жөніндегі іс-шараларды қаржыландырумен қамтамасыз ету үшін 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауды қамтиды.

"Ұсынылған жедел іс-қимыл жоспары Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, алдағы бірнеше айда мемлекеттік органдардың тиісті міндеттерді үйлестіре шешуіне бағытталған. Жоспарды іске асыру елдегі экономикалық ахуалды қалпына келтіруге және күнделікті өмірге қайта оралуға алып келеді. Жоба Қаржы, Әділет министрліктерімен, сонымен қатар басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдармен келісілді", – дейді Әлібек Қуантыров.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу