Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі 90-ға жуық құқықтық-нормативтік акті қабылдады

1664

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірқатар мүшесіне мемлекеттік награда табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі 90-ға жуық құқықтық-нормативтік акті қабылдады

"ATAMEKEN BUSINESS" медиахолдингінің бас директоры Қанат Сахария "Құрмет" орденінің иегері атанды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бір топ мүшесін мемлекеттік наградамен марапаттады. 

"Алдымен баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. 30 жылда еліміз бірқатар жетістікке қол жеткізді. Оның барлығы халқымыздың ынтымақтастығы мен еңбегінің арқасы. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында ел дамуына еңбегі сіңген түрлі сала мамандары мен тұлғалар марапатқа ие болып жатыр. Олардың қатарында Ұлттық кеңес мүшелері де бар. Бүгінгі марапатты Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына берілген баға деп есептеймін", – деді Ерлан Қарин. 

Ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаннан бергі 2,5 жыл ішінде елде 90-ға жуық құқықтық-нормативтік акті қабылданғанын атап өтті. 

"Әр құжатта қазақстандықтардың мүддесі қарастырылған. Қабылданған құжаттар қоғамдағы нақты мәселелерді шешуге бағытталған. Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірқатар белсенді мүшесін түрлі мемлекеттік наградалармен марапаттап отыр. Бұл кеңес мүшелеріне қоғамдағы түрлі мәселелердің шешімін табуына қосқан үлестері үшін беріліп отырған награда. Алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істейтінімізге сенімдімін", – деді Президенттің көмекшісі. 

Салтанатты рәсімде Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл "Парасат" орденімен наградталды. Мұрат Әбенов, Саясат Нұрбек, Тәттігүл Талаева сынды қоғам қайраткерлері мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, ATAMEKEN BUSINESS медиахолдингінің бас директоры Қанат Сахария "Құрмет" орденінің иегері атанды. Асхат Садырбай мен Уайс Ерсайынұлы "Ерен еңбегі үшін" медалі, ал Александр Данилов пен Қайсар Тұрсынқожаға "Шапағат" медалі табысталды. Бөріхан Нұрмұхамедов пен Максим Рожин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу