Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз жұмысын аяқтады

1908

Оның құрамының негізгі бөлігі Ұлттық құрылтайға кірді. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз жұмысын аяқтады

Бүгін Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлыққа қол қойып, оның ережесі мен құрамын бекіткені белгілі. Жаңа қоғамдық институттың құрамына Қазақстанға кеңінен танымал азаматтар кірді. Ұлттық құрылтайға барлығы 117 адам мүше болды.

"Ұлттық құрылтайдың ең басты ерекшелігі – оның құрамына әр өңірдегі қоғамдық кеңестердің бір мүшесі енді. Солайша аталған диалог алаңы барлық қоғамдық кеңестердің түйіні іспетті болып отыр. Сонымен қатар Ұлттық құрылтайға Парламент депутаттары, саяси партиялардың, бизнестің ірі салалық бірлестіктерінің, медицина, білім, ғылым, мәдениет, спорт, адам құқықтарын қорғау және басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері мүше болды. Сондай-ақ жастардың көшбасшылары мен белсенді жас азаматтар да шақырылды", – деп жазды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Facebook-тегі парақшасында. 

Осылайша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз жұмысын аяқтады. Ал оның құрамының негізгі бөлігі Ұлттық құрылтайға кірді.

Еске сала кетейік, Президент жаңа құрылымның құрылатыны жайында ең бірінші рет наурыздағы Жолдауында айтқан болатын.

"Ұлттық құрылтай қоғамды ұйыстыру жолында идеялар ұсыну және оны жүзеге асыруға қатысты диалог алаңы болмақ. Бұрын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен саяси реформалар жайында айтылса, енді Ұлттық құрылтайда жалпыұлттық құндылықтарды нығайта отырып, қоғамды одан әрі ұйыстыруға бағытталған ұзақмерзімді мәселелер талқыланады", – деп нақтылады Е.Қарин.  

Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Соған сәйкес, оның құрамы жөніндегі ұсыныстарды Мемлекет басшысының Әкімшілігі дайындайды. Ұлттық құрылтайдың отырыстарына тек Ұлттық құрылтайдың мүшелері ғана қатыса алады.

"Ұлттық құрылтайдың жұмысы қоғамдық негізде атқарылатынын атап өту керек. Сонымен қатар Құрылтай мүшелерін ротациялау принципі қарастырылған. Бұл алдағы уақытта кезең-кезеңімен басқа да қоғам белсенділерін Ұлттық құрылтай жұмысына қатыстыруға мүмкіндік береді. Барша қазақстандықтар Ұлттық құрылтайдың хатшылығына өз ұсыныстарын жолдай алатын арнайы онлайн-платформа құрылғанын айрықша атап айтқым келеді. Осылайша, Ұлттық құрылтай жаңарған Қазақстанды құруға өз үлесін қосқысы келетін азаматтардың жалпыұлттық ұйысуына өзек болады", – деді ол. 

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу