Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері ешкімге тәуелді емес

1574

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері кеңеске орден, медаль алу үшін мүше болып отырған жоқ. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері ешкімге тәуелді емес

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Atameken Business медиахолдингінің бас директоры Қанат Сахария осылай мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Біз түрлі әлеуметтік санаттағы азаматтардан құралған институттың мүшесіміз. Бұл институттың қоғам үшін маңызы зор. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері ешкімге тәуелді емес. Олар жоғары билікке тіл қатып, қоғамның ең өзекті мәселелерін жеткізіп отырады. Мысалы, мен медиаменеджер ретінде жоғары билікке БАҚ-тың бүгінгі тыныс-тіршілігін, проблемасын, оны шешу жолын баяндап отыруға тырысамын. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көтерілген бастамалар мен қабылданған шешімдер іс жүзінде заңда көрініс табады", – деді Қанат Сахария. 

Медиаменеджердің мәлімдеуінше, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде қабылданған құқықтық-нормативтік актілердің ішінде ауылдық округ, кент және аудандық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлауға қатысты жүргізілген реформаның маңызы зор.

"Жергілікті жердегі әкімді тікелей сайлау тұрғындарға өзінің болашағын таңдау құқығын береді. Сапалы әрі бай-қуатты өмір сүру үшін ел азаматтары дұрыс таңдауға жасауға тиіс. Дұрыс таңдау ғана халыққа жаны ашитын азаматтардың топ жарып шығуына ықпал етеді", – деді Atameken Business медиахолдингінің бас директоры.

Оның сөзінше, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғам мен билік арасындағы диалогқа дәнекер болып отыр. 

"Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері кеңеске орден, медаль алу үшін мүше болып отырған жоқ. Біз үшін атқарылған жұмыстың нәтижесін көру маңызды. Атқарылған жұмыстың нәтижесі қоғам мүшелерінің елде жүргізілген саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалардың игілігін көруімен өлшенеді", – деді Қанат Сахария. 

Айта кетейік, бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Atameken Business медиахолдингінің бас директоры Қанат Сахария елдің саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене атсалысқаны үшін мемлекеттік награда – "Құрмет" орденімен марапатталды. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу