"Ұлттық қор – балаларға": Депутат жобаны іске қосу механизмін түсіндірді

2084

18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады.  

"Ұлттық қор – балаларға": Депутат жобаны іске қосу механизмін түсіндірді Фото: shutterstock.com

Мәжіліс "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ҚР Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады inbusiness.kz.

Қатысып отырған 90 депутаттың 87-сі заң жобасын жақтады, 1 депутат қарсы болды. Тағы 2 депутат қалыс қалды. 

Ұлттық қор 2000 жылы тамыз айында құрылған болатын.

2024 жылдан бастап "Ұлттық қор – балаларға" жобасын іске қосудың негізгі тетіктері әзірленді. Құжатқа сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу, білім алу мақсаттарында пайдалану үшін 18 жасқа толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылады.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Үнзила Шапақтың сөзінше, тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу мақсатындағы қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. 

"Білім алу. Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет деп пайымдаймыз", – деді ол.

Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған, жоғалтқан не ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жоғалады

"Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейін барлық жастағы балалар арасында теңдей бөлінеді. Инвестициялық табыстың жекелеген уақыт аралықтарындағы ықтимал теріс мәндерін болдырмау мақсатында оның 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде (2,6% мөлшерінде) айқындау жоспарланып отыр", – деді депутат.

Үнзила Шапақ жобаны іске асыру тетіктеріне қысқаша тоқталды.

"Ұлттық қор қызметінің есепті жылдағы нәтижелері туралы жылдық есеп әзірленеді және Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітіледі. Қазақстан Ұлттық Банкі орташа инвестициялық табысты есептейді және оны БЖЗҚ-ға жеткізеді. БЖЗҚ нысаналы талаптарға қатысушылардың саны мен тізімін қалыптастыру үшін жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасынан (ҚР азаматтығын қабылдаған және жоғалтқан, туған және қайтыс болған) балалар бойынша қажетті ақпаратты импорттайды. Қатысушылардың тізімін алып, Ұлттық Банктен ұсынған ақпарат негізінде бір қатысушыға есеп жүргізеді. Жобаға қатысу үшін қандай да бір мемлекеттік органға жүгінудің қажеті жоқ, есептеулер автоматты түрде жүзеге асырылады, есепке алуды БЖЗҚ жүргізеді", – деп атап өтті халық қалаулысы.

Оның сөзінше, жоба операторы ретінде "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ белгілеу жоспарланып отыр.

Оған сәйкес зейнатақы қоры:
- ақпараттық жүйеде нысаналы талаптарға қатысушылардың талаптарын есепке алу;
- нысаналы жинақтарды алушыларға жинақтау шоттарын ашу;
- нысаналы жинақтау шотындағы жинақтарды есепке алу;
- нысаналы жинақтарды төлеу;
- жеке тұлғалардың дербес деректерін Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен Дербес деректер субъектілерінің келісімінсіз жинау және өңдеу;
- БЖЗҚ интернет-ресурсы және электрондық үкімет веб-порталының жеке кабинеті арқылы нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтардың сомасы туралы мәліметтерді ұсыну функцияларына ие болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу