Ұлттық Қор қаражатын тек мемлекеттік маңызы бар жобаларға бағыттауға тиіспіз – Ерлан Қошанов

166

Былтыр көшелер мен саябақтарды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру жобалары Ұлттық қордан қаржыландырылған.  

Ұлттық Қор қаражатын тек мемлекеттік маңызы бар жобаларға бағыттауға тиіспіз – Ерлан Қошанов Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жобаларға мониторинг жүргізуі тиіс екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бүгін біз Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы кезекті есебін қарадық. Жалпы, Үкімет көп жұмыс атқарды. Ел экономикасы дамуында тұрақтылық байқалады. Жалпы ішкі өнім өсімі болжанған көрсеткіштен де, өткен жылғы деңгейден де асып түсті. Мұны ұсынылған есептер де растайды", – деді Ерлан Қошанов.

Оның айтуынша, Парламент алғаш рет мемлекеттік қарыздың, бюджеттен тыс қорлардың жай-күйі, квазимемлекеттік сектордың қызметі туралы кеңірек ақпарат алды.

Мәжіліс спикері бюджеттік түзетулердің нақты шегін бекіту қажет деген пікірде.

"Былтыр даму бюджетінің үлесі 8,1-ден 6,4 пайызға дейін қысқарған. Әрбір бесінші инвестициялық жоба 2025 жылы аяқталмай қалған. Алайда елдің экономикалық өсіміне берік негіз қалайтын не? Ол – әрине, инфрақұрылымға, өндіріске, инновация мен адами капиталға салынған инвестиция.  Ал біз осы бағыттағы даму бюджетінің тиісті деңгейде атқарылмай жатқанын көріп отырмыз. Бірінші кезекте, қазіргі мәселелерге емес, елді дамытуға арналған шығыстарға басымдық берілуге тиіс", – деп атап өтті ол.

Былтыр көшелер мен саябақтарды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру жобалары Ұлттық қордан қаржыландырылған. Мәжіліс төрағасы бұл Қор қаражатын пайдалану саясатына түбегейлі қайшы келетінін айтады.

"Ұлттық Қор қаражатын тек мемлекеттік маңызы бар жобаларға бағыттауға тиіспіз. Сондықтан Үкімет Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жобаларға мониторинг жүргізіп, тиісті қорытынды шығаруы керек. Ол туралы біз жыл сайын айтып келеміз", – деді Ерлан Қошанов.

Айтуынша, бюджет кірістері экономиканың оң қарқынынан артта қалып отыр. Осыған байланысты бюджет кірістерін объективті түрде болжау қажеттігі туралы айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу