Ұлттық қордан балаларға берілген қаражаттың қайда жұмсалғаны белгілі болды

480

Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы жылына бір рет балалар арасында бөлінеді. 

Ұлттық қордан балаларға берілген қаражаттың қайда жұмсалғаны белгілі болды Фото: Ақмешіт

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы бойынша 11,49 млн аса долларға 97 615 өтініш орындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап "БЖЗҚ" АҚ 11,49 млн аса долларға 97 615 өтініш орындады. Өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды. Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 6,70 млн астам долларға – 56 937 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін шамамен 4,79 млн долларға 40 678 өтініш орындалды", - деп хабарлады БЖЗҚ.

Нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы. Қаражаттың пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында қала береді. 

Тұрғын үй жағдайларын жақсарту аясында қазақстандықтар қаражатты келесі мақсатта пайдаланды: 

-    тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру – 6,55 млн жуық долларға 55 539 өтініш орындалды;
-    ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу – шамамен 49,94 мың долларға 442 өтініш;
-    азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – 38,57 мыңнан аса долларға 370 өтініш.

"Білім алу ақысын төлеу бойынша ең танымал қосалқы мақсаттар. Қазақстан аумағында орналасқан білім ұйымдарының қызметтеріне ақы төлеу – шамамен 4,24 млн долларға 35 617 өтініш орындалды. Бұдан басқа білім алу жинақтау салымын толықтыру (412,21 мыңнан аса долларға 3 789 өтініш), шетелдік білім беру ұйымдарының оқыту қызметтеріне ақы төлеу (114,96 мыңнан аса долларға 1 067 өтініш орындалды) секілді мақсаттарға бағытталды", - делінген қор хабарламасында. 

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы жылына бір рет 2006 жылы және одан кейін туған қазақстандық балалар арасында бөлінеді. 

2023 жылы балалардың шотына 100,52 доллар, 2024 жылы 129,38 доллар түсті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу