Ұлттық қордан ұлттық спорт пен киноға қаржы бөлген дұрыс па?

3591

Үкімет "ҚР Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы 2021 жылғы есебін" ұсынды. Ал биыл мемлекет болашаққа арналған осы қордан рекордтық көлемде қаражат шығындамақ.     

Ұлттық қордан ұлттық спорт пен киноға қаржы бөлген дұрыс па?

Сонымен, Үкіметтің есебіне жүгінсек, 2021 жылдың басында ҰҚ-да жалпы сомасы 28 трлн 213 млрд 487,4 млн теңгеге барабар қазына болған. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарында қордың активтерінің көлемі 28 трлн 15 млрд 718,1 млн теңгені құраған.

Бір қарағанда, қуантады. Өйткені өткен жылы Қазақстан пандемиямен және дағдарыспен күрес мақсатында ҰҚ-дан 4 триллион 519 млрд теңге жұмсады. Оның қазынасы сонда да көп ортаймағаны аңғарылады. Екінші жағынан, жабырқатады: республика қайтадан шикізатқа күні қараған елге айналды, мұнай және металдар саудасынан түскен түсімді жеп қойды.

Салыстыру үшін айтсақ, Норвегияның әл-ауқат қоры (Norges Bank Investment Management, NBIM) 2021 жылы 176,8 млрд долларға ұлғайған (Қазақстан болса, әлі күнге 100 млрд доллар межесін бағындыра алмай келеді). Осылайша, 2022 жылғы 1 қаңтарда Норвегияның мұнай қорының активі 1 трлн 378 млрд долларға жетті. Айтпақшы, Ресей Украинаға басып кірердің қарсаңында Норвегия қоры басты ресейлік активтерінен сатып құтылған. Қазақстан мұндай көрегендік таныта алмады.

Қазақстанның Ұлттық қорына былтырғы жылы жалпы сомасы 4 трлн 321,2 млрд теңге табыс түсті. Бұл Үкіметтің жұмырына жұқ болмады.

Тарата айтсақ, мұнай секторының ұйымдарынан тікелей салықтар түрінде 2 трлн 605 млрд теңге, олардан әкімшілік айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар есебінде 7,6 млрд теңге түсті.

"Осы орайда 2021 жылға арналған мұнай секторы ұйымдарының бекітілген тізбесіндегі 157 ұйымның тек 108-і ғана Ұлттық қорға тікелей салықтарды төлегенін атап өткен жөн", – дейді Қаржы министрлігі.

Қалғаны түрлі сылтау айтып, нөлдік декларация тапсырып, кіріссіз жыл болғанын дәлелдеп, салықтан жалтарып кетті.

Республикалық меншікті жекешелендіруден алынған 10,1 млрд теңге, ұлттық компаниялар, квазимемсектор нысандарын сатудан келген 10,6 млрд теңге, тіпті ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін сатудан түскен 224,7 млн теңге түсім де осы қорға құйылған.

Қордың инвестициялық түсімдері 1 трлн 667 млрд теңгені құрапты. Соның ішінде 632 млрд 261 млн теңгесі – доллар бағамының өсуінен оны теңгеге аудару кезінде тапқан айырма.

Енді қордың шығынына келсек. Республиканың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз ету үшін "кепілдендірілген трансферттер" түрінде ел бюджетіне 2 трлн 669,7 млрд теңге бағытталды. Бұған қоса "нысаналы трансферттер" түрінде тағы 1 трлн 830,2 млрд теңгесі шығындалған.

Қордың әкімшілік шығыстары да орасан: "Ұлттық қорды басқаруға және жыл сайынғы сыртқы аудиттi жүргiзуге байланысты шығыстарды жабуға" 19 миллиард теңгеден астам қаражат шығын етіліпті.

Жалпы, кейінгі 12 жылда, 2010 жылдан бері Ұлттық қор 3 жылда рекордтық көлемде шығындалды. Атап айтқанда, 2017 жылы – 4  трлн 421 млрд, 2020 жылы – 4 трлн 785 млрд, 2021 жылы – 4 трлн 519 млрд алынды.   

Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен былтырғы мамырда ел Үкіметі Ұлттық қордан алынатын трансферттерді сол кездегі 4,5 триллионнан 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен 2,4 триллионға дейін азайтуды көздейтін жаңа тұжырымдама қабылдады. Биылғы бюджет те сол жоспарға құрылды. 2021 жылғы 2 желтоқсанда қабылданған "2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңында 2022 жылға арналған республикалық бюджетте Ұлттық қордан тек 2,4 триллион теңге кепiлдендірiлген трансферт және 550 млрд теңге нысаналы трансферт алу ғана бекітілді.

Бірақ бұл жоспар адыра қалды: өйткені ол Ресейдің тосыннан Украинаға соғыс ашатынын, оны тоқтату үшін Батыс елдерінің Ресейге қарсы қуатты экономикалық санкциялар енгізетінін ескермеген еді.

Сондықтан бүгінде Үкіметке бекітіліп қойылған биылғы жыл бюджетін қайта нақтылауға тура келуде. Кеше Сенат "2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға түзетулер енгізді. Сондай-ақ "ҚР Ұлттық қорынан 2022–2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заңына өзгеріс енгізу туралы" жаңа заңды қабылдады.

Оған сәйкес, Үкімет бұған дейін алу көзделген 2,9 трлн теңге сыртында қордан тағы 1,6 трлн теңге ақша алатын болады. Сөйтіп, Ұлттық қорды шығындаудан кезекті рет рекорд жасалады.

Айтпақшы, талқылау барысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлттық қорды шығындауда тәртіптің жетіспейтінін білдіріп, сынады және қор ақшасының босқа шығындалып жатқанына кейіді.

"Ұлттық қор қаражаттарын пайдаланбау керек деп отырған жоқпыз. Ахуал күрделі ғой. Бірақ бұл қаржыны ұтымды, оңтайлы пайдалану қажет. Оларды тиімді жұмсауға тиіспіз және олардан қайтарым болуға тиіс", – деді М.Әшімбаев.

Ол Ұлттық қор қаржысын босқа рәсуалаудың бірнеше мысалын келтірді.

"2021 жылы Ұлттық қордан алынған нысаналы трансферт есебінен бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамытуға 1,7 миллиард теңге бағытталыпты. Дегенмен, осы соманың шамамен жартысы сол бойы пайдаланылмаған. Сондай-ақ Ұлттық қордың нысаналы трансфертінен ұлттық киноны қолдауға және ілгерілетуге 3,3 миллиард теңге берілген. Бұл қаражаттың тек 34%-ы игерілді. Бірінші сұрақ: бұларға неменеге осынша қаржы бөлінген? Екінші сұрақ: бөлінген екен, неге пайдаға жаратпаған? Мұндай мысалдар жетіп артылады. Онсыз да азайып бара жатқан Ұлттық қордан ағымдағы шығыстарға ақша бөлу қаншалықты дұрыс? Әрине, ұлттық фильмдерді ілгерілету керек шығар, бірақ оны Ұлттық қордан қаржыландырудың қажеті қанша", – деп сұрақ жаудырды Сенат төрағасы.

Соған қарамастан, сенаторлар биыл да Ұлттық қордан трансферттер көлемін триллиондап арттыруға келісті.

Қалай болғанда, депутаттардың байламынша, әзірге Ұлттық қор қаражатын жұмсауда тәртіп жоқ. Қор активтерін пайдалану қағидалары сақталмайды. Жалпы алғанда, Смайылов Үкіметіне "Ұлттық қорға қатысты анағұрлым нақты әрі жақсылап ойластырылған ұстаным" қалыптастыру қажет көрінеді. Әйтпесе, мұнай таусылған замандарда өмір сүретін болашақ ұрпақ үшін сақталуға тиіс мұнай қорын қазіргі ұрпақ түгесетін түрі бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу