Ұлттық қордың шығыны азайып, табысы көбейіп келеді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2743

Дегенмен, табысы шығынынан әлі аз.

Ұлттық қордың шығыны азайып, табысы көбейіп келеді

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, Ұлттық қордағы қаражаттың көлемі 2019 жылдың наурыз айы қорытындысы бойынша 24,3 трлн теңгеге жетті. Былтырғы осы уақыттағы көрсеткішпен салыстырғанда бұл 12% артық.

Жалпы, 2014 жылдан бастап 2017 жылға дейін Ұлттық қордағы қаражат тұрақты өскен. 2014 жылы көрсеткіш 13,2 трлн теңге болса, 2017 жылға дейін ол 23,8 трлн теңгеге жеткен еді. Дегенмен, 2018 жылы азайып, 22,6 трлн теңгеге азайып кеткен.

Ал биылғы үш айда Ұлттық қордың кірісі 720,4 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың үш айымен салыстырғанда 54,3% артық. Көрсеткіштің көбеюіне түрткі болған мұнай компаниялары төлеген салықтың көбеюі. Ұлттық қордың осы үш айдағы табысының 97,8 пайызын мұнай компаниялары салық ретінде төлеген екен.

Ал тау-кен және өңдеу өнеркәсібіндегі республикалық меншіктегі мемлекеттік мүлікті жекешелендіруден түскен қаражат 8,6 млрд теңгені құрап, былтырғымен салыстырғанда 57,6% өсім көрсетті. 

Мұнай секторындағы кәсіпорындардың жасаған операцияларынан түскен қаражат былтырғыдан 25,6 есеге ұлғайған екен.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы жерлерінің сатылымынан түскен табыс көлемі бар болғаны 79,9 млн теңгені құрады.

Жалпы, Ұлттық қордың қаражаты салыстырмалы түрде тұрақты өсім көрсеткенімен, табысының көлемі жағынан бір жылдары кіріс еселеп өсіп кетсе, енді кей жылдары азайып кетіп отырды. Мәселен, 2015-2016 жылдардағы көрсеткіш азайып кетсе, 2017 жылы қайта көбейіп, 2018 жылы тағы азайған. Ал биыл көрсеткіш тағы ұлғайды. Әрине, мұның себебі мұнай бағасының құбылуы екені түсінікті.

Ұлттық қордың шығынына келер болсақ, биыл қордың шығыны 790,7 млрд теңгені құрап, былтырғыдан 0,7% азайып отыр. Дегенмен, әлі де болса, кіріске қарағанда шығын көбірек болып тұр. 

Соңғы бірнеше жылдан бері Ұлттық қордан бөлінетін қаражат көбеймесе, азаяр емес. 2014-2019 жылдар аралығында тек 2016 жылы ғана көрсеткіш төмендеген екен.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу