Ұлттық құрама Азия ойындарына аттанды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3170

18 тамызда басталатын жазғы Азия ойындарында 440 спортшы ел намысын қорғайды.

Ұлттық құрама Азия ойындарына аттанды Фото: olympic.kz

Бүгін Алматыда Қазақстан ұлттық құрамасын Индонезияда өтетін XVIII жазғы Азия ойындарына шығарып салу салтанаты өтті.

Салтанатты рәсімге Азиада алдындағы соңғы жаттығу жиындарын Алматыда өткізген спорттық гимнастика, садақ ату, нысана көздеу, стенд ату, еркін күрес, спорттық құзға өрмелеу, су добы және волейбол командалары қатысты.

"Құрама командалар Азиадаға дайындалу үшін ұлттық олимпиада комитеті мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, барлық мүмкіндікті жасады. Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаев спортшыларды кешенді ғылыми топтармен, техникалық мамандармен қамтамасыз етіп, олимпиадалық спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу жиындарын толықтай өткізуді өз бақылауына алды. Біз еңбек ақталып, өз жемісін береді деп үміттенеміз. Қазақстан атлеттері құрлықтық додада әдеттегідей үздіктер қатарынан көрінеді. Сондықтан, спортшыларымыз биылғы ойындарда да жанкүйер қуанышын еселей түседі деп сенемін", – деді Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Елдос Рамазанов.

Бас хатшының сөзінше, бүгінде Азия құрлығы әлемдік спорттың ірі ордасына айналып үлгерді.

"Қысқы Олимпия ойындары Оңтүстік Кореяда өтсе, келесі жазғы Олимпиаданың жалауы Жапонияда желбірейді. Содан соң, кезекті қысқы ойындар Қытай жерінде өтпек. Мұның барлығы құрлықтағы спорт деңгейінің артып, бәсекелестіктің жоғарылай түскенін көрсетеді", – деді Елдос Рамазанов.  

Азия ойындарында Қазақстан құрамасын бастап баратын спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов та спортшыларға сәттілік тіледі.

"Бізге Индонезияда өтетін жазғы Азия ойындарында еліміздің намысын қорғау бақыты бұйырды. Кешенді жарыста медальға қол жеткізу – Индонезияға аттанатын барлық спортшының басты мақсаты. Бәріміз Азия ойындарында жоғары дәрежеде өнер көрсетуге тырысамыз. Жанкүйерлердің сенімін ақтау үшін аянып қалмаймыз. Жауапкершілік зор. Дегенмен, намысты қолдан бермейміз. Бізге әрқашан қолдау білдіріп жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Біз қазақтың көк байрағын желбіретіп, еліміздің әнұранын асқақтатып қайтуға дайынбыз", – деді Қазақстан құрамасының мүшесі Сұлтан Дүзелбаев.

Жазғы Азия ойындары 18 тамыз күні басталады. Оған Қазақстан ұлттық құрамасы атынан 440 спортшы қатысады. Оның ішінде 404 спортшы 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынайды.

Джакартадағы (Индонезия) Азия ойындарында 462 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Оның ішінде 363 жүлде олимпиадалық спорт түрлерінен өз иесін таппақ.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл Азия ойындарының бағдарламасынан нысана көздеу және стенд атудан командалық жарыс, бокстан ерлер арасында ауыр салмақ дәрежелері (81 келі, 91 келі, +91 келі) алынып тасталды.

Құрлық додасы Джакарта және Палембанг қалаларында өтеді. Атлетикалық ауылдар екі қалада да орналасқан.

Джакартада спорттың жеңіл атлетика, бокс, дзюдо, күрес түрлері, велоспорт (трек, шоссе, маутинбайк), су добы, қазіргі бессайыс, таеквондо, семсерлесу, карате, регби, суда жүзу, гандбол, синхронды жүзу, садақ ату, көркем гимнастика, желкенді спорт, көгалдағы хоккей, ескек есу (слалом), спорттық гимнастика, волейбол, гольф, баскетбол, баскетбол 3х3, батутта секіру секілді түрлерінен жарыстар өтед.

Палембангта академиялық есу, байдарка мен каноэде есу, нысана көздеу, стенд ату, триатлон, жағажай волейболы, спорттық құзға өрмелеу, теннис секілді спорт түрлерінен жеңімпаздар анықталады.

Атлетикалық ауылда Қазақстан байрағын ресми түрде көтеру рәсімі 16 тамыз күні Джакартада өтеді. Палембангтағы атлетикалық ауылға бірінші болып академиялық есушілер командасы аттанды. Бүгін, 12 тамыз күні гандбол, су добы және баскетболдан әйелдер командасы, сондай-ақ, грек-рим күресінің балуандары барады. Индонезияға барлық спортшылар алдын ала бекітілген кесте бойынша сапар шегеді.

Қазақстан құрамасының барлық спортшылары кешенді ғылыми топ мамандарымен жабдықталған. Аталған топ мүшелері Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің бастамасымен олимпиадалық спорт түріндегі командалармен жұмыс істей бастады. Джакарта мен Палембангта дәрігерлер штабы, психологтар мен кезекші массажшылар тәулік бойы қызмет етеді. Кешенді ғылыми топ мамандары алғаш рет жарыс кезінде ұлттық құрама спортшыларына кәсіби көмек көрсетпек.

Азия ойындары 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында өтеді. Қазақстан туын боксшы Әбілхан Аманқұл көтеріп шығады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу