Ұлттық құрама қыздары Арменияны ірі есеппен жеңді

2454

Алғашқы кездесу 2:1 есебімен аяқталып, Армения құрамасы жеңіске жеткен болатын.

Ұлттық құрама қыздары Арменияны ірі есеппен жеңді

Ереван қаласында өткен екінші жолдастық ойында Қазақстан әйелдер құрамасы алаң иелеріне есе қайтарды, - деп хабарлайды ҚФФ.

Калоян Петков екінші кездесуде тәжірибелі футболшыларды алғашқы минуттан бастап алаңға шығарды. Ойынның небәрі бесінші минутында Қазақстан құрамасының капитаны Бегайым Қырғызбаева есеп ашып, біздің команданы алға шығарды. Араға сегіз минут салып Карина Жұмабайқызының керемет пасын Светлана Бортникова голға айналдырды.

Екінші таймда алаңға шыққан Әселхан Тұрлыбекова қарсыластың қақпашысын қапы қалдырып, ойын нәтижесін қорытындылады - 0:3. Қазақстан құрамасы сырт алаңда Арменияны ойсырата ұтты.

Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Калоян Петков оқу-жаттығу жиынын қорытындылап, Армения құрамасымен өткен жолдастық ойынның нәтижелеріне тоқталды.

"Ереванда өткен оқу-жаттығу жиыны аясында Армения құрамасымен екі жолдастық матч өткіздік. Ұзақ жолдан кейін алғашқы ойын қиындау болды. Бұл ойында ұлттық құрамаға үміткер жас ойыншылардың мүмкіндіктерін қарадық. Қарсылас екі голды да стандарттан соқты. Есеп айырмасын қысқартқанымен, таразы басын теңестіре алмадық.

Екінші кездесуге дайындалуға екі күн болды. Команданың негізгі ойыншылары алғашқы минуттан бастап алаңға шықты. Бегайым Қырғызбаеваның жылдам голы мен Светлана Бортникованың әдемі голынан кейін басымдықты қарсыласқа бермедік. Бұрыштамадан салынған тағы бір голды төрешілер санамай тастады. Ойынның екінші бөлігінде сары қағаз алған ойыншыларды ауыстырдық. Ойынға тыңнан араласқан Әселхан Тұрлыбекова шешуші голды салды.

Жаттықтырушылар штабы екі ойынның қорытындысы бойынша талдау жұмыстарын жүргізеді. Осы жиынға ұлттық құраманың бес негізгі ойыншысы жарақаттарына байланысты қатыса алмады. Қыркүйек айында 2023 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу ойындары басталады. Алғашқы екі ойынды сырт алаңда Уэльс және Грекия құрамаларына қарсы өткіземіз. Ең үздік деген ойыншыларды ресми ойындарда ел намысын қорғауға шақырамыз", - деді Калоян Петков.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу