Ұлттық құрама Ташкенттегі Әлем чемпионатында қандай нәтиже көрсетуде?

1047

Ташкентте бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 5,2 млн. АҚШ долларын құрайды

Ұлттық құрама Ташкенттегі Әлем чемпионатында қандай нәтиже көрсетуде?

Бүгін, 6 мамырда Ташкентте (Өзбекстан) бокстан әлем чемпионатының алтыншы жарыс күні өтеді. Қазақстан құрамасынан екі былғары қолғап шебері өнер көрсетеді. Астана уақытымен 15:00-де басталатын күндізгі сессияда В рингіндегі үшінші жекпе-жегінде 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері қазақстандық Дулат Бекбауов 67-ге дейінгі салмақта 1/16 финалдық кезеңде румыниялық боксшы Андрей Мустетпен жұдырықтасады.

Бекбауовтан кейін рингке Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов шығады. 71 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Асланбектің қарсыласы Тринидад пен Тобагодан келген Аарон Принс болмақ.

Ал 5-мамыр күні Айбек Оралбай әлем чемпионатында екінші жекпе-жегін өткізді. 92 келі салмақта Еуропа чемпионы атанған италиялық боксшы Азиз Аббес Мухидинмен кездесті. Кездесу 4:0 есебімен қарсыласының жеңісімен аяқталды. Сонымен қатар әлем чемпионатында Қазақстан құрамасынан Талғат Сырымбетов (60-қа дейін) мен Санатәлі Төлтаев (63,5-ке дейін) жеңіліс тапқан болатын.

Оралбай алғашқы жекпе-жегінде болгар боксшысы Радослав Панталеевті жеңген болатын. Айбек 2022 жылғы Азия чемпионы, 2018 жылғы жастар арасындағы Олимпиада чемпионы.

5-мамырда қазақстандық Серік Теміржанов (57 келіге дейін) және ағайынды Оралбайлардың бірі Нұрбек әлем чемпионатын жеңіспен бастады. 80 кг дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз Токио Олимпиадасының қатысушысы Мурад Аллахвердиевпен жұдырықтасты. Нұрбек алғашқы раундтан бастап бар шеберлігін көрсетіп, басым түсті. Ол 1/8 финалда Каан Айкутсунмен жұдырықтасады. Жекпе-жек 9 мамырда өтеді.

Сондай-ақ 4-мамырда Ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі боксшының бірі Қамшыбек Қоңқабаев әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуінде жеңіске жетті. Аса ауыр салмақтағы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері және әлем чемпионатының 2 дүркін жүлдегері атанған отандасымыздың қарсыласы жастар арасындағы 2021 жылғы әлем чемпионы ресейлік Алексей Дронов болған. Тартысты кездесуде Қамшыбек өзінің шеберлігін паш етіп, келесі айналымға шықты.

Естеріңізге сала кетейік, біріншілікке 104 елден 600 аса былғары қолғап шебері қатысуда. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 13 салмақ дәрежесі бойынша анықталады. Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) алтын медаль иегеріне 200 000 АҚШ долларын, екінші орын алған боксшыға 100 000 және екі қола жүлдегердің әрқайсысына 50 000 АҚШ долларынан береді. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 5,2 млн. АҚШ долларын құрайды. Бұдан бөлек Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев әлем чемпионатының жеңімпаздарына өз қаражатынан 100 мың АҚШ доллардан сыйақы береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу