Ұлттық құрама теннисшілері Billie Jean King Cup турниріне қатысады

1136

Теннистен Қазақстан құрамасы толық құраммен Кордоваға (Аргентина) келіп жетті. Олар 16-17 сәуірде Билли Джин Кинг Кубогының плей-офф кезеңінде корт қожайындарына қарсы ойнайды.

Ұлттық құрама теннисшілері Billie Jean King Cup турниріне қатысады

Ярослава Шведова, Зарина Дияс және Елена Рыбакиналар АҚШ-та өткен Чарлстон турнирінен кейін бірге Аргентинаға аттанды. Бір күннен кейін олардың қатарына Швейцарияда өткен ITF W60 сериясындағы жарыста жеңіске жеткен Анна Данилина келіп жетті. Сәл кейінірек екі күн бұрын  Volvo Open 500 турнирінің ширек финалында ойнаған Юлия Путинцева командаға қосылды. Шведова мен Дияс алғашқы жаттығуды өткізіп үлгерді. Енді бүгін біздің ұлттық құрама толық құраммен жаттығуды бастайды.

Осыған орай ұлттық құрама теннисшісі Зарина Дияс алда өтетін ойын туралы өз пікірін білдірді.

"Ұшақпен сапарымыз қиынға соқты. Біздің рейс сәл кешікті. Кордоваға жету оңай болған жоқ. Бірақ біз осында келгенімізге өте қуаныштымыз. Бірінші жаттығу жақсы өтті. Корттар жаман емес және мұнда қызыл топырақ. Бірнеше күн бұрын Чарлстонда біз жасыл төсеніште ойнадық. Шынымды айтсам қызыл топырақ әлдеқайда жақсы. Жалпы, мұнда жақсы жағдай жасалған. Біздің ойын мәнеріміз агрессивті. Ал қарсыластарға келетін болсақ, Аргентина ұлттық құрамасының көшбасшысы Надя Подоросканы ғана танимын. Қалған қыздарды білмеймін. Біз бүкіл командамен бірге отырып, қарсыластарымыздың ойындарын талқылайтын боламыз", - деді Зарина Дияс.

Ярослава Шведова, Елена Рыбакина және Зарина Дияс аргентиналық теннисшілермен бұрын-соңды кездескен емес. Бұл тұрғыдан тек Юлия Путинцева мен Анна Данилинаның тәжірибесі бар. Былтыр Юлия Франция ашық чемпионатының үшінші айналымына өте алмады. Ол уақытта Юлия турнирдің екінші айналымында аргентиналық Надя Подороскаға 3:6, 6:1, 2:6 есебімен жол берді. Ал Анна 2019-жылы W60 Asuncion жарысының екінші айналымында Виктория Босионы 6:1, 6:2 есебімен жеңді.

Жалпы Аргентина Ұлттық құрамасы қазіргі таңда Әлемнің үздік 20 құрамасының қатарынан көрінбейді. Бірақ қазақстандық теннисші қыздарға  өздерінің танымал емес қарсыластарына төмен баға беруге болмайды.

Аргентина құрамасының капитаны Мерседес Пас біздің командаға қарсы матчқа келесі теннисшілерді таңдады: Аргентинаның ең мықты теннисшілерінің бірі, WTA рейтингінде 46 орында тұрған Надя Подороска,  сонымен қатар Мария Лурдес Карле (рейтингте 435-ші орын), Виктория Босио (442-ракетка), Гильхермина Ная (558-ші) және Жасмин Ортенси (644-ракетка).

Дегенмен, бұл сында теннисшілердің рейтингі шешуші рөл атқармайды. Бастысы командалық рух пен теннисшінің ойнау қабілеті. Ал ұлттық құрамалар арасындағы кездесу 16-17-сәуір күні өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу