Алғашқы кездесуде әлемнің 97-ракеткасы Александр Шевченко кортқа шығып, бұрынғы әлемнің үздік 20 теннисшісі, қазіргі рейтингте 379-орындағы Чон Хёнды 6:4, 6:3 есебімен ұтты.
Осылайша, Қазақстан алғашқы ұпайға қол жеткізді. Алайда екінші ойында күтпеген жағдай орын алды. Әлемнің 19-ракеткасы, Қазақстанның бірінші нөмірлі теннисшісі Александр Бублик жарақат алып, құрамға өзгерістер енгізуге тура келді.
Жұптық сында Шевченко – Тимофей Скатов дуэті оңтүстіккореялық Пак Уй Сун – Нам Чжи Сун жұбынан 2:6, 3:6 есебімен жеңілді.
Келесі матчта әлемнің 220-ракеткасы Дмитрий Попко Чон Хёнға қарсы шықты. Бірінші сет 6:3 есебімен корейлік теннисшінің пайдасына шешілді. Екінші партияда Попко 5:1 есебімен алға шыққанымен, артықшылығын ұстай алмай, қатарынан бес гейм беріп қойды – 5:7. Жалпы есеп 3:1 болып, Оңтүстік Корея құрамасы жеңіске жетті.
Айта кетейік, қос құрама бұған дейін екі мәрте кездескен. 2007 жылы корейлер 5:0 есебімен жеңсе, 2010 жылы Қазақстан Астанада дәл сондай есеппен қарымта қайтарған еді.