Ұлттық құраманың бас бапкері ауысты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
6183

Мырзағали Айтжановтың орнына Ғалымбек Кенжебаев бекітілді. 

Ұлттық құраманың бас бапкері ауысты Фото: kfb.kz

Қазақстан бокс федерациясы ерлер арасындағы еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері ауысқанын ресми түрде жариялады. Осы федерацияның ұсынысы бойынша, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің спорт және денешынықтыру істері комитеті бас бапкерлік қызметке Ғалымбек Кенжебаевты бекітті.

Ғалымбек Кенжебаев бұл қызметте Мырзағали Айтжановты алмастырып отыр.

Мырзағали Айтжанов – 2009 жылдан бері елеміздің ұлттық құрамасын баптап келе жатқан білікті маман. Боксшы жігіттерімізді екі Олимпиада ойындарына дайындап апарды. 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев чемпион атанса, 2016 жылы Риода Данияр Елеусінов топ жарды. Әлем чемпионаттарынан 5 алтын медаль олжалады (2013 жылы – төртеу, 2017 жылы – біреу).

Жалпы, Мырзағали Айтжанов өзінің білікті маман екенін дәлелдей білді. Беделі зор болды. Ұлттық құрамамыз әлемнің және Азияның көшбасшылары қатарынан түскен жоқ. Боксшылардың намысын қайрай білді, ұлттық болмысы басым болды. Чемпиондар тәрбиелеудегі еңбегі зор екенін барлық жанкүйерлер біледі. Он жылдай аянбай тер төкті.

Әйткенмен, Қазақстан бокс федерациясының басшылары "бас бапкерді ауыстыру қажеттігі туындап отыр" деп санаған екен. Әсіресе, боксшыларды дайындауда жаңа көзқарас, жаңа әдіс іздестіру қажеттігіне назар аударып отырғандай. Бұл жөнінде жаттықтырушылармен жұмыс жөніндегі ҚБФ вице-президенті Юрий Цхай төмендегідей пікір білдіріпті:

"Бірнеше жыл болды, боксшыларды дайындауда ештеңе өзгермей отыр. Қазір біздің құрамада іркілу байқалады. Сондықтан біз бас бапкерлік қызметке жаңарып отыруды ұнататын, шәкірттері үнемі жоғары нәтиже көрсетіп жүрген, осы уақытқа дейін жастар құрамасын жаттықтырып келген Ғалымбек Кенжебаевты ұсындық".

Ал Ғалымбек Кенжебаевтың бапкерлік өтілі – 35 жыл. Бокс әлеміне Геннадий Головкиннің жеке бапкері ретінде танылған. 1998 жылдан 2005 жылға дейін төрткіл дүниеге GGG ретінде мәшһүр болған шойын жұдырықты жұлдызымызды жаттықтырған. 2006-2009 жылдар аралығында және 2013 жылдан бері еліміздің жастар құрамасын баптады.

Ғалымбек Кенжебаевтың жетекшілігімен Қазақстан жастар құрамасы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарынан екі алтын медаль олжалады (2014 жылы – біреу, 2018 жылы – біреу). Ал Азия чемпионаттарының жалпы командалық есебінде бес рет бірінші орынға ие болып (2006, 2007, 2013, 2014, 2016 жж), ұзын саны 30 алтын еншіледі. Сонымен қатар 2014 жылғы Әлем чемпионатында екі алтын жүлдемен жалпы есепте топ жарды.

Айтпақшы Геннадий Головкин дәл осы Ғалымбек Кенжебаевтың қол астында жаттығып жүріп, Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері болған (2004 жыл). 2003 жылы әлем чемпионы атанып, Азия чемпионы (2004 жыл) және жазғы Азиада жеңімпазы (2002 жыл) болғанын да білесіздер. Сондай-ақ көптеген халықаралық турнирлерде топ жарған болатын.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу