Ұлттық құрамның жаңа капитаны тағайындалады

2435

Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың шешіміне сәйкес келесі жылы Дэвис Кубогінде Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа капитанның басшылығымен өнер көрсететін болады.  

Ұлттық құрамның жаңа капитаны тағайындалады

Бұл жауапты лауазым бұрынғы капитан Диас Досқараевтан Теннис федерациясының аға бапкері Юрий Щукинге өтеді. Жаңа капитанды тағайындай отырып, Болат Жәмітұлы Диас Досқараевқа атқарған ісі үшін алғысын білдірді. "Осы мерзім ішінде біздің команда үлкен нәтижелерге қол жеткізді, бес рет Дэвис Кубогінің ширекфиналына шықтық. Федерация вице-президенті ретінде Диас Досқараев көптеген әкімшілік мәселелерді шешуге тиіс, тіпті қазір оларға аса үлкен назар аудару қажет. Сондықтан капитандық міндетті Қазақстанның ең танымал теннисшілерінің бірі болған, ал қазіргі таңда білікті бапкер Юрий Щукинге жүктеу шешімі қабылданды", – деді ол.  

Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев қазақстандық құраманы 2012 жылдан бастап жеті жыл бойы басқарды.

"Болат Жәмітұлына маған білдірген сенімі үшін рақметімді айтамын. Осыншама ұзақ уақыт бойынша ұлттық құрама командасының капитаны болу үлкен құрмет деп білемін. Юрий Щукиннің тәжірибесі өте мол, ол өзі де 2013 жылға дейін команда құрамында Дэвис Кубогінде ойнады, одан кейін командамыздың ресми бапкері болды. Теннисшілеріміздің барлығы оны жақсы таниды, сыйлайды. Юрийдің ойыншы әрі бапкер ретіндегі тәжірибесі капитандық ісіне жағымды әсерін тигізетініне сенімдіміз",– деді Диас Досқараев.

Юрий Щукин – спорт шебері, Қазақстан теннис федерациясының аға бапкері. Кәсіби теннисші ретінде Юрий Серхи Бругера, Яркко Ниеминен, Филиппо Воландри, Юрген Мельцер, Ян Симеринк, Гаэль Монфис, Кристоф Влиген, Феликс Мантилья, Райнер Шуттлер, Флориан Майер, Мариано Сабалета, Михаил Южный секілді мықты ойыншыларды жеңген болатын. Кейінгі 6 жылда Юрий Щукин бапкер ретінде жақсы танылды. Қазақстан құрама командасы оның қарамағында, сондай-ақ, жұптық дәрежеде ойнайтын Андрей Голубев пен Александр Недовесов та одан тәлім алуда. Соңғы маусымда олар айтарлықтай жақсы нәтиже көрсетті, ATP Challenger турнир екі рет жеңіске жетіп, бір рет финалға шықты.    

Айта кетейік, 2020 жылдың 6-7 наурызында Дэвис Кубогінің финалдық ойындарына іріктеу матчтары шеңберінде Қазақстан Голландия командасын қабылдайды. Ойындар Нұр-Сұлтан қаласының Ұлттық теннис орталығында өтеді. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу