Экономист Талғат Демесіновтің пікірінше, Ұлытауда өтетін Ұлттық құрылтай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдумнан кейін, халықпен ашық пікір алмасатын алаңы болмақ.
"Онда референдумнан кейінгі қадам қандай болмақ, саяси және экономикалық реформаларды қалай жүзеге асырамыз деген маңызды сұрақтарға жауап ізделеді. Мұның негізгі бағыттарын Мемлекет басшысы жуырдағы үндеуінде айтты да. Меніңше, Ұлттық құрылтайда жақын уақытта жүзеге асырылатын саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар туралы нақты айтылады. Олардың қандай бағытта болатыны және мерзімі мен күтілетін нәтижесі де жария етілуі мүмкін", – дейді Талғат Демесінов.
Сарапшы Ұлттық құрылтайдың құрылуына елдің қазіргі саяси басқару жүйесіндегі заң шығарушы биліктің солқылдақтығы себеп болды деп санайды.
"Шындығын айту керек, Ұлттық құрылтай, Қоғамдық сенім кеңесі секілді құрылымдардың құрылуы – елдің қазіргі саяси басқару жүйесіндегі заң шығарушы биліктің, оның ішінде Мәжіліс пен Сенаттың, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың өздеріне жүктелген негізгі функцияларды атқара алмай отырғандығының белгісі. Әйтпесе, олар жақсы жұмыс істесе, Ұлттық құрылтай мен Қоғамдық сенім кеңесін құрудың да қажеті жоқ еді. Парламент пен заң шығарушы органдар бұқара мен биліктің арасын жалғастыратын алтын көпір болуға тиіс еді. Міне, олар осы бір негізгі функцияны атқармай отыр", – дейді экономист.
Оның айтуынша, Ұлттық құрылтайға делегат боп сайланатындардың дені – жер-жерде құрылған қоғамдық кеңестердің мүшелері.
"Мұндай кеңестерге әкім-қаралардың маңайында жүрген адамдар, заманның ығына жығылғыш һәм бейімделгіш ақсақалдар мүше екенін ескерсек, халық жағында жүрген оппозиция өкілдерінің, қоғам белсенділерінің Ұлттық құрылтайға қатысуы екіталай. Осы тұрғыдан қарағанда бұл да бір қыруар қаржы шашылған формальды көп жиынның бірі бола ма деп ойлаймын. Аса бір үлкен өзгеріс күтіп отырған жоқпын. Халық нақты реформалардың басталуын күтіп отыр. Меніңше, бұған Президенттің де ерік-жігері жетпей жатқан секілді. Кейбіреулер күту керек дейді. Күтсек, тағы да баяғы сүрлеуге түсеріміз анық", – дейді Т.Демесінов.
Ғалия Әділ