Ұлттық логистикалық оператор қажет

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2526

Ол үшін жаңа ұйым құрудың қажеті жоқ.

Ұлттық логистикалық оператор қажет

"Kazgrain 2018" конференциясында Қазақстан астық одағының төрағасы Нұрлан Оспанов осындай бастама көтерді. Оның айтуынша, бұл –  отандық астық өсірушілердің ортақ тілегі.

"Отандық астықты тасымалдауды қолдау шаралары кешенді түрде жүргізілуі қажет. Сондықтан, Қазақстанға экспортқа жауапты ұлттық логистикалық оператор қажет. Ол үшін жаңа ұйым құрудың қажеті жоқ. Бұл міндетті "Қазақстан темір жолы" компаниясының немесе "ҚазАгро" холдингінің құрылымдары атқара алады", – деді конференцияда баяндама жасаған одақ төрағасы.

Нұрлан Оспановтың сөзінше, ұлттық оператор өзге елдермен келіссөздер жүргізу барысында қазақстандық экспортерлердің құқығы мен мүддесін қорғауы қажет.

"Былтыр астық тасымалдау бағытында кемшілік көп болды. Вагондар қаңтарылып тұрып қалып жатты. Мұндай жағдай қайталанбас үшін бір мекеме жауапты болуы керек. Сондай-ақ, ол нарық қатысушыларының бәрін үйлестіруге тиіс. Бұдан бөлек, ұлттық оператор Қазақстанның қатысы бар жобалардың тарифтік реттеу мәселелеріне араласуы қажет. Оның негізгі міндеті экспортты ұлғайту болмақ", – деді Нұрлан Оспанов.

Одақ төрағасының айтуынша, жаңа операторды анықтау үшін нарықты бір зерделеп алу керек. Ал одан кейін компаниялардың мүмкіндіктері қарастыруға болады.

Сондай-ақ, Нұрлан Оспанов экспорттық операциялар мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы керек деп есептейді.

Деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда еліміздегі астық өндірісінің орташа жылдық көлемі 19,1 млн тоннаны құраған. Оның шамамен 8 млн тоннасы (ұнды қоса есептегенде) шетелге экспортталады. Бүгінде Қазақстан бидай экспорты бойынша әлем елдері арасында алғашқы ондыққа енеді.

2017 жылы Қазақстанда 20,6 млн тонна астық жиналған. Мамандардың айтуынша, бұл көлем ішкі нарықты толықтай қамтуға жеткілікті. Сондай-ақ, оның 9 млн тоннасын шетелге шығаруға мүмкіндік бар.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанның бидайы өзге елдердің өнімімен салыстырғанда сапасы жағынан көш ілгері. Бұл ретте, 2017 жылы элеваторларға жөнелтілген жұмсақ бидайдың 59%-ы бірінші және екінші репродукциялы тұқымға жатқызылған.

Бүгінде Ақтау, Баку (Әзербайжан), Амирабад (Иран), Вентспилс (Латвия) порттарында Қазақстанның астық терминалдары жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, Иранға дейінгі жаңа темір жолдың құрылысы аяқталды. Ол Түркіменстан аумағы арқылы өтеді. Бұдан бөлек, "Қорғас" шекара бекеті арқылы Қытайға дейін темір жол салынды. Бұл қадамдар Түркіменстан мен Иранға, Ауғанстан мен Таяу Шығыс елдеріне, Қытайға және Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне ұн мен астық экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы, Қазақстан соңғы екі жылда 35 елге астық пен ұн эспорттаған екен. Негізгінен қазақстандық өнім Орталық Азия, Каспий маңы өңірі, Қытай, Ауғанстан мен Иран бағытына жөнелтілген. Аталған бағыттар арқылы 7,6 млн тонна астық экспортталған. Бұл – жалпы ұн мен астық экспортының 87%-ы.

"Қазақстан астық экспортының шамамен 68%-ы немесе 4,8 млн тоннасы ТМД елдеріне тиесілі. Бұл Қазақстанда өндірілетін жалпы астықтың 25%-ын құрайды", – дейді Нұрлан Оспанов.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы Қазақстанда 4 млн тонна ұн өндірілген екен. Оның 2,3 млн тоннасы шетелге экспортталған. Соған қарамастан, біздің өнімді тұрақты тұтынатын елдер ұн емес, бидай импортына басымдық бере бастаған. 2021 жылға қарай Қазақстан өнімін тұрақты тұтынатын елдердегі халық санының өсуіне байланысты 14,9 млн АҚШ долларына тең ұнды экспорттау жоспарланып отыр.

Атап өтерлігі, Қазақстан астық нарығы саласындағы заңнамаларды жетілдіру үстінде. Осы орайда, "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында көктемгі егіс жұмыстарына және күзгі жиын-терімге қатысты қызметтерді электронды форматқа көшіру үшін заңнамаға өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Яғни, шаруаларға "бір терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсетілмек. Ал 2016 жылы бұл салада электронды астық қолхаты енгізілгенін атап өткен жөн.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу